• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қыркүйек, 2022

Біртұтас ұлт болудың жаңа кезеңі

513 рет
көрсетілді

Еліміздегі реформалар республика жұртшылығының өмір сапасына оң ықпалын тигізеді. «Халықаралық әлеуметтану және саясат институты» қоғамдық қоры директорының орынбасары, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» Жолдауын талқылау барысында осындай пікір білдіріп, жүктелген мақсат-міндеттерді іске асыру тетіктеріне тоқталды.

Президент өз Жолдауында биыл күзде кезектен тыс прези­дент­тік сайлау өткізуді ұсынды. Осы орайда Марат Шибұтов сайлауды мерзімінен бұрын өткізу себептеріне тоқталып, өткізу кезеңдерін түсіндірді. Саясаттанушының айтуынша, сайлауды күзде өткізу – Президенттің өз мандатын нақтылаудан, яғни азаматтардың сенімінен туған ұсыныс. Сонымен қатар бұл ұсыныс «Президент лауазымының маңызын түбегейлі өзгертумен қатар, суперпрезиденттік республикадан қарапайым президент­тік-парламенттік, бәлкім парла­менттік республикаға өтетін үлкен кезеңнің бір бөлшегі де болуы мүмкін», деген ойын білдірді.

Жиын барысында Қазақ­стан­ның ұйғыр жастары одағының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев «алдағы жылы елімізді саяси, экономикалық, әлеумет­тік салалардағы қуатты қайта жаңғырулар күтіп тұр», деп атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге ел болып қолдау көрсету керек. «Президент Қ.Тоқаев айтқандай, «Әділетті Қазақстан құру енді ғана басталды». Ол осы жылдың күзінде Президент сайлауын кезектен тыс өткізуді және Прези­денттің өкілеттігін қайта сайлану құқығынсыз 7 жыл мерзіммен шектеуді ұсынды. Өз басым бұл ұсынысты, сондай-ақ оның ашық бәсекелестік пен барлығына тең мүмкіндіктерге ұмтылуын, Қазақстанда жұмыс істейтін Парламент пен мәслихаттарды қалыптастырудың жаңа тетіктерін қолдаймын», дейді Р.Қайрыев. Осы орайда ол Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақ шоттарына ұстау тура­лы ұсынысқа ерекше тоқталып: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – болашақ ұр­пақ­қа қамқорлық. Кәмелеттік жас­қа жеткенде ата-аналар білім беру, баспанамен қамту сияқты көпте­ген мәселемен бетпе-бет келе­ді. Сол кезде бұл жинақтың үлкен септігі тиеді», деп атап өтті. Сон­дай-ақ ол нашақорлықпен күрес­тің жалпыұлттық сипат алуы қажет­тігін айтып, әсіресе синтетикалық есірткі мәселесіне назар аударып, еріктілер, жоғары сынып оқу­шылары арасында үгіт-насихат, ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігіне тоқталды. 

Ал «Adanaz» ЖШС директоры, Алматы қаласы мәслихатының депу­таты Сана Жандай экономика, ден­саулық сақтау, білім беру, сая­сат, еңбек нарығындағы өзгеріс­терге байланысты пікір білдіріп, әйел­­дердің 61 жаста зейнетке шы­ғу­ы және бала күтіміне сәйкес жаңа­шыл­дықтың көптеген отбасы үшін үлкен қолдау екенін атап өтті.

 

АЛМАТЫ