Ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету мақсатында биыл мұнай өңдеу көлемі және жанар-жағармай өндірісі ұлғайтылған еді. Осылайша, мұнай өнімдерін өндірудің 2022 жылға арналған болжамы 13,72 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 1,04 млн тоннаға жоғары.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша дизель отынын өндіру 3,53 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға немесе 10,5 пайызға артық. 2020 жылды қоспағанда, жалпы дизель отынын өндіру жылдан-жылға қарқынды өсіп келеді. Дизель отыны өндірісінің 2022 жылға арналған болжамы 5,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2021 жылға қарағанда 300 мың тоннаға, ал 2020 жылмен салыстырғанда 640 мың тоннаға артық.
– Өндірістің өсуін, сондай-ақ дизель отынына қатысты экспорттық шектеуді ескере отырып, Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу басталғанға дейін 402 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. Жоспарланатын өндірісті ескере отырып, 2022 жылдың қыркүйек айының соңында мұнай базаларындағы қалдықтар 153 мың тонна, жиынтық көлемі 275 мың тонна деңгейінде болады деп болжануда, – деді Б.Ақшолақов.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілдеде 106,6 мың тонна, тамызда 145,6 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілген. Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тиеп-жөнелтуге ерекше басымдық беріледі және тұрақты бақылауда болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барлығы 423,5 мың тонна дизель отынын тиеп-жөнелту жоспарланып отыр.
Б.Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылға арналған дизель отынын тұтыну болжамы 5,472 млн тоннаны құрап отыр. Бұл 2020 жылға қарағанда 500 мың тоннаға және 2021 жылмен салыстырғанда 90 мың тоннаға артық.
– Ел аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу жөнінде бірлескен бұйрық қабылданды. Жанар-жағармай стансаларында сараланған бағалар енгізілді. Дизель отынының лимиттелген көлемін босату бойынша бақылауды іске асыру мақсатында толықтырулар енгізіледі. Вагон-цистерналарды беру саны ұлғайды. Мұнай өнімдерінің басқа түрлерін тек елдегі мұнай өңдеу зауыттарынан ғана экспорттауға рұқсат етілген. Дизель отынының қалдықтары бойынша жағдайы ең қиын өңірлерге басымдықпен жөнелту жүзеге асырылады. «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы Үкімет тапсырмасы шеңберінде қыркүйек-қазан айларында дизель отынының қажетті көлемін импорттауға арналған келісімшартқа қол қойды. Жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Энергетика министрлігінде және ірі жанар-жағармай құю стансалары желілерінде «колл-орталықтар» құрылды, – деп нақтылады министр.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, жаңғыртудан кейін компания тобындағы үш мұнай өңдеу зауытының ортақ қуаты 3 млн тоннаға артып, жылына 17,2 млн тоннаға жетті. Нақтырақ айтсақ, бензин өндіру қуаты 70 пайызға (2,9 млн тоннадан 5,1 млн тоннаға дейін), дизель отыны 30 пайызға (4 млн тоннадан 5,2 млн тоннаға дейін) артты. Ал авиаотын өндіру қуаты 2 есе (0,3 млн тоннадан 0,67 млн тоннаға дейін) өсті. Ұлттық компания бензин бойынша елдегі қажеттілікті толығымен жауып отыр.
– Ал дизель отынын тұтыну 30 пайызға (5,2 млн тоннадан 6 млн тоннаға дейін) айтарлықтай өскені байқалады. Бұған ең алдымен көрші елдерге кетіп жатқан «көлеңкелі экспорт» себеп болып отыр. Жағдайды тұрақтандыру үшін «ҚазМұнайГаз» бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл нарықты қосымша 150 мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етеді. Ал «Қазақстан темір жолының» қажеттілігін жабу үшін 100 мың тоннаға дейін дизель отыны импортталады, – дейді М.Мырзағалиев.
Ұлттық компания басшысының пікіріне сүйенсек, жол бойынан алыс орналасқан жанар-жағармай бекеттеріндегі сатылым көрсеткіші өңірлердегі жағдайдың тұрақты екенін және өнімнің сыртқа кетіп жатпағанын көрсетеді. Бекеттердегі өнім көлемі өзгеріссіз.
– Ал шекара маңындағы жанар-жағармай бекеттерінде жазғы-күзгі кезеңде сұраныс күрт өсіп, бекеттердегі жанармай көлемі азайғаны байқалады. Бұл отандық өнімді шетелдік автокөліктердің әкетіп жатқанын көрсетеді. Шекара маңындағы аймақтардағы бекеттерде өнімнің аздығынан трассадағы жанармай бекеттерінде де тапшылық бар. Шекаралас мемлекеттермен дизель отынына бөлшек сауда бағасындағы айырмашылық Қазақстан бекеттеріндегі жанармайға әсер ететіні анық. Мәселен, 2022 жылы наурыз айында Ресей Федерациясында дизель отынына бөлшек сауда бағасы Қазақстандағы бағаның деңгейіне дейін төмендеді. Осыған байланысты көктемде Қазақстанның шекара маңындағы және трассадағы бекеттерінде жанармай көлемі ұлғайды (сатылым төмендеді), еліміздегі жанармай бекеттерінен жаппай дизель отынын әкетуге қызығушылық болмады. Шекаралас елдерде дизель бағасының өсуіне байланысты жазда және күзде Қазақстан бекеттерінде жанармай азайды. Бұл өз кезегінде шетелдік автокөліктердің дизель отынын бізден көбірек құя бастағанын көрсетеді, – деп нақтылады ұлттық компанияның басшысы.
М.Мырзағалиевтің мәліметінше, Қазақстанда дизель отынының күн сайынғы қоры 14 күнге, АИ-92 бензині 16 күнге, АИ-95 14 күнге дейін жетеді. Осылайша, өндірілген жанар-жағармай көлемі (мұнай базалары мен жолдағы) өнімнің жеткілікті екенін көрсетеді.
– Авиаотын мен битум бойынша тұтыну көлемі бірқатар факторға байланысты артқаны байқалады. Бірінші кезекте, авиаотын бойынша Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту барысында ішкі авиатасымалдардың қажеттілігін қанағаттандыру міндеті қойылғанын атап өткен жөн. Қазір авиаотын тұтынудың екі есе ұлғаюына, әлемдегі геосаяси ахуалды қоса алғанда, транзиттік шетелдік авиатасымалдаушылардың жанармай құю көлемінің артуы әсер етті. Осыған байланысты еселенген авиаотынға сұраныс импорт есебінен өтеліп жатыр, – дейді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты жылына 14,2 млн тоннадан 17,2 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.