• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2014

«Қашқантеңіз» қалайша «Көшкентеңізге» айналды?

546 рет
көрсетілді

2012 жылдың жаймашуақ күндерінің бірінде Мойынқұм ауданының аума­­­­ғында жатқан «Қашқантеңіз» станса­сы­ның аты «Көшкентеңіз» болып өзгер­ті­ліп шыға келді. Көпшілік аса мән берме­се де базбіреулер бұл ономастика комис­сия­сының ұсынысымен жүзеге асырылған шара деп қабылдады. Біз де солай деп ойлар едік. Алайда облыстық ономастика комиссиясының мүшесі ретінде мұндай ұсыныс біздің тарапымыздан болмағанын анық білеміз. Сонда қалай болғаны? Мәселенің мән-жайын зерде­легенімізде вокзал ғимаратына жөн­деу жұмысы жүргізілгеннен кейін оның маңдайшасы да «жөнделіпті». Яғни, «қаш­қан» деген сөзді «көшкен» де­ген сөзбен алмастырған. Жаңарды ма, жа­ңарды?! Бұл «жаңару» дұрыс емес екені облыстық ономастика комиссиясында Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Есеевке айтылып, жедел түзетуді ұсынған болатынбыз. Ол Қашқантеңіз стансасының басшысы мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың Жамбыл жол бөлімшесі филиалының директоры С. Атымановқа қалыптасқан жағдайды айтып, 2013 жылдың ақпан айында хат жолдайды. Станса бастығы Асановтан бас-аяғы жоқ, түсініксіздеу және ресми тілде жазылған жауапсымақ келген. Ал С.Атыманов мырза мүлдем үнсіз қалған. Содан жылжып жыл өтті. Стан­саның тарихи аты қалпына келті­рілмеді. Үстіміздегі жылдың алғаш­қы тоқсанында өткен облыстық оно­мас­тика комиссиясының отырысында бұл жөнінде Мойынқұм ауданы әкімі­нің орынбасары: «Теміржолшылар стансаның тарихи аты «Көшкентеңіз» деп уәж айтып, өзгертпей отыр», деді. Мықтысын қара?! Солай болса жөн ғой. Алайда станса орын тепкен өңірдегі Қашқантеңіз көлінің аты да ғасырлардан бері дұрыс болмағаны ма?! Айтылған уәж желеу ғана сияқты. Бұл жерде жіберілген қателікті мойындамауда болып тұрғандай. Бірақ әлгі уәж айтушылар тарих алдында қалай ақталады, шындықты қалай бүркемелейді? Теміржолдың осы саласын басқа­ратын және станса басшысының көзін шындыққа жеткізу үшін біз тарихи және ресми құжаттарды ақтаруымызға тура келді. Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатында сақтаулы құжаттардың арасынан 1952 жылы қатталған тарихи құжатты таптық. Жамбыл облысының Көктерек аудандық партия комитетінің құжаттары сақталған 306П-қорының 1-тізімдемесінің 21-бумасының 334-ісі­нің 10-бетінде Қашқантеңіз стансасы Көктерек ауданының (қазіргі Мойын­құм) аумағындағы елді мекен екендігі нақты жазылған. Осы мәселеге қатысты мұрағатта сақтаулы басқа да тарихи құжаттарда «Қашқантеңіз» деген атау бар да, «Көшкентеңіз» жоқ! Бұл аз десеңіз, 2003 жылы Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы шығарған «Тараз. Жамбыл облысы энциклопедиясында» «Қашқантеңіз» атауына анықтама берілген. Онда былай делінген: «Қашқантеңіз – Мойынқұм ауданындағы теміржол стансасы...». Тағы да сөзімізді дәйекті ету үшін 2013 жылы шығарылған «Қазақстан Рес­публикасының географиялық атау­ларының мемлекеттік каталогында»: «Қашқантеңіз – ащы, тұзды көл», – деп жазылған. Тағы Балқаш көлі­нің оңтүстік-шығысындағы көл екен­дігі де жазылған. Осыған орай стан­саның аты қойылған. «Станса Қазақ­стан темір жолының Жамбыл бөлі­мі; Мойынқұм ауданы» деп, орын теп­кен жері нақтыланған. Бұрынғы КСРО-ның географиялық карталарында да «Қашқантеңіз» деп жазылған. «Көш­кентеңіз» деген атауды тарихи және рес­ми құжаттардан, карталардан кез­дестірген жоқпын. Бұған енді не дейді? Бір қызығы, осы стансадан өтетін жолаушылар тасымалдайтын поездар­дың барлық жүру кестесінде де «Көшкентеңіз» деп жазылған. Егер ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін стансалардың атын өзгертуге құқылы болса «Джамбулды» Таразға, «Бурноены» Бауыржан Мо­мышұлына ауыстырса құба-құп болар еді. Жалпы, мұндай ұсынысты Қазақстан теміржолының бойында тұратын тұрғындар көптеп бере алатынына сенімдімін. Жергілікті жердің тарихына қатысы жоқ берілген атау немесе жазылуы дұрыс емес стансалар мен разъездер елімізде ондап саналады. Облыстық ономастика комиссиясының тұжырымына, яғни ұсынысына жүрдім-бардым немесе теріс қарайтын «Қазақстан темір жолындағы» сала басшылығы бұл сөзімізге не дер екен? Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Жамбыл облыстық ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі. Жамбыл облысы.