• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2014

Байдаланың бағын байламайық

411 рет
көрсетілді

Облыс орталығына қарасты Байдала ауылында 700-ге жуық халық тұрады. 50 жылдық тарихы бар мектепті жабамыз деген хабар айтып, тұрғындар наразылықтарын білдіріп, тілшілер қосынына келді. Мәселенің мәнісін білу үшін, 80-ге жуық ауылдық қол қой­ған арыз-хатты алып, алдымен Байдала ауылы қарайтын Кен­жекөл мектебіне келдік. Екі сө­зі­нің бірі орысша орта мектептің ди­ректоры Жұлдыз Тұяқызын қа­сымызға ертіп алдық. – Мектепсіз қалайын деп тұр­мыз. Көз қуаныш етіп отыр­ға­ны­мыз осы еді, – деп қарсы алды бізді Шәріп ата. – Айбала, Айдана, Аяулым, Ің­кәр, Асыл атты немерелерім оқи­ды. Қыс ішінде тасымалмен барып қалай білім алады? Не­мерелерімнің қауіпсіздігіне алаңдаймын. Мектеп жабылмасын, әкімдерге жеткізіңіз, – дейді Базар Байқайша. – Менің де Мұхаметжан, Дін­­мұхаммед, Мөлдір, Айнұр атты балаларым бар. Бәрі де бас­тау­ыш­та оқиды. Естігелі бері, күнде уайым, – дейді Алданыш Байдәулет. – Өзіміз де осы мектепте оқы­дық. Арман, Айсұлу деген неме­релерім білім алуда. Мектепке дейінгі жолдың қарына дейін өзіміз тазалаймыз. Енді алаңдап, ертелі-кеш жол қараймыз ба? – дейді Нұрбикеш Орынғожина. Ал, Байдаладағы «№2 Кен­жекөл бастауыш мектебі жабылады. Оқушылар тасымалмен автобус қатынасы арқылы оқиды...» деген хабарды «естіртуге» Бі­лім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің «Білім саласын бақылау департаменті» басшысының орынбасары Алевтина Ведель, қалалық оқу бөлімі басшысының орынбасары Гульсина Шиндлярская, бө­лім қызметкері Наталья Ка­зан­цева келіпті. Мектеп директоры Жұлдыз Тұяқызы «аудармашы» болып облыстан кел­гендердің сөзін ауылдықтарға, ауылдықтардың айтқандарын облыстан келгендерге бірде қазақша, бірде орысша аударып беріп тұрыпты. «Бізді мазақ еткендері ме?» – деп облыстан келген бұл әйелдердің дікің-дікің еткен мінез-құлықтарына ауыл ренішті. «Мектеп ішінде дәретхана, ас­хана болмағаны үшін ауылдың қарапайым адамдары емес, талай жыл қозғалмай отырған әкімдер кінәлі. Ал, ауылдың аты – ауыл. Ұлық болсаң, кішік бол. Қалалық оқу бөлімінің басшысы Зәуреш Мұқашева, департамент басшысы Жасұлан Шәймерденов тілімізді, үлкендерді сыйлап, өздері келіп, жиын өткізулері керек еді», дейді ауылдықтар. Мәселенің мәнісі, мектеп санитарлық талаптарға сай келмейтін көрінеді. Дәретхана, асхана жоқ. Балалар шет тілін үйренулері керек. Ал, ағылшын тілінен сабақ беруге жас мамандар ауылға келмейді», дейтін секілді облыстан келгендер. Бастауыш сыныптарда 32 оқушы білім алса, даярлық тобында 11 бала бар екен. «Жаңа талап бойынша, дә­рет­хана, асхана қажет болса, біріншіден, мектептің жанынан қосымша ғимарат және балабақша салынсын, ауыл асар жасаймыз деп отыр. Дәретхана, асхана жасау үшін әкімдік су құбырын өткізсін. Шетел тілінен сабақ беретін «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылға келетін мұға­лімге үй керек. Аяғы ауыр ке­ліндер де жетеді. Үйде отырған 55 кішкентай бар, олай болса, алдағы уақытта мектеп өзінен өзі кеңейеді. Күнделікті тасымалмен кеткен жанар-жағар май шығыны, жүргізушінің еңбекақысы, т.б. қаржыны жылда шашпау үшін бір жолғы ақшамен ғимарат салу әлдеқайда тиімді. Үшіншіден, бастауыш сынып оқушыларын Кенжекөлге тасымалдайтын мектеп автобусы Павлодар–Семей республикалық маңызы бар жолмен жүреді. Ағылған көлік, жол болса тар. Ауыл, көшесінің өзі күтір-күтір тас. Халық таза су ішеміз деп күтумен келеді. Дәрі­герлік пункт, пошта үйі де көзден таса қалған. Жылда қаражат бө­лінеді, су келеді, жол жөнделеді деген уәде. Қала түбінде тұрған ауылдың экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан артта қалып бара жатқаны, әрине, өкінішті. Қазір облыста халқы көшіп кеткен көптеген ауыл бос қалуда. Ал, Байдалада 700-ге жуық адам тұрады, 160 үй бар. Әкімдер қолда бар алтынның, бала байлығының қадірін білмей отыр. Облыс орталығын кеңейтіп, Байдаланы да қосып алатын бас жоспар да болған-ды. Өңірдегі үш қалаға қарасты ауылдық аумақтарды дамыту 2013-2015 жылдарға арналды.Облыс орталығына қарасты 5 ауылды, оның ішінде Байдала да бар, дамыту үшін 3 жылда 17 млрд. теңге жұмсалмақ еді. Ауылдарда жер телімдері үлестірілгенімен, жеке тұрғын үй жүйелерінде электр желілері тартылмаған, су жоқ. Мысалы, Екібастұздың Солнечный кенті ГРЭС-2 стансасының мойнында. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі міндетін атқарып отыр. Байдала «Қазақстан Алю­ми­нийі», «Қазақстан электролизі» сияқты түтіні будақтаған алып зауыттардың түбінде тұр. Әкім-қараларға айтарымыз: демографияға, қазақтың санының көбеюіне үлес қосып отырған ауылдың қарадомалақтары оқи­тын мектепті жабуға асықпайық. Қайта, өркениетті, жаңа заман талабына сай мектеп, балабақша салып, алдымен ауылдың әлеуметтік ахуалын әлеуетті еткеніміз жөн болар», дейді тұрғындар. Бұл сөзге құлақ ассақ, ұрпақ алдындағы парыз бен қарыз өтелер еді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Байдала ауылы. Суретте: Байдала ауылы­ның балалары.