• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 07 Қыркүйек, 2022

Ұлттық ұйысудың басты бағдары

147 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Мемлекет басшы­сының Жолдауын талқылады. Достық үйінде ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысына жиналғандар маңызды құжатта айтылған өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын жүзеге асырудың тетіктерін ұсынды.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамб­леясының Жаңа Қазақ­станның қалыптасуында өзіндік мис­сиясы бар. Бұл туралы ҚХА төр­ағасының орынбасары Тауфик Кәрімов айтып өтті. Оның пікі­рінше, Жолдау халықтың бір­лігі, ынтымағы мен біртұтастығы – жарас­қан экономикалық өлшемнің айқын көрінісі. «Елдегі әлеуметтік әл-ауқаттың, бейбітшілік пен келі­сімнің материалдық негізін жасай­тын экономикалық рефор­ма­лар­дың табысты болуы тұрақ­тылық пен бірлікке байланысты. Ұсыныл­ған экономикалық реформалар пакеті экономикалық дамудың сипатын түбегейлі өзгертіп, оны тұрғындардың әлеуетін ашуға бағытталған», деді ол.

Кеңесте депутат, сарапшы, ғалым­дар мемлекеттік тіл тағ­дырын, Президенттің кезектен тыс сайлауын, елдің экономикалық жағдайын кеңінен сөз етті.

Отырыста сөз алған Қарағанды облысы бойынша Қоғамдық кеңес­тің төрағасы Бекзат Алтынбеков Жолдауда айтылған ұсыныстар жаңа экономикалық саясатқа бетбұрыс жасайтынын мәлімдеді. «Ащы да болса ақиқатын айтайық, біздің экономиканың жетек­ші бағыт­тары әлі де шикізатқа тәуел­діліктен арыла алмай отыр. Елімізде электр қуатын таратушы компаниялар мен басқа да коммуналдық қызметпен айналысатын кәсіпорындар меншігіндегі желілердің 57%-дан астамы жарам­сыздық шегінде тұрғанына алаң­даушылық білдірген Президент осы компаниялардың инвестициялау белсенділігін ескеру ар­қы­лы тариф саясатын күшпен ұстап тұруды шектеу қажеттігін айтты. Яғни Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Тарифті ин­вес­тицияға айырбастау» жоба­сының тиімділігі зерделенуі керек. Егер тариф саясатындағы бүгінгі режім өзгермесе, біз айтып отырған желілер мен құбырлардың біртіндеп істен шығуы немесе апатты жағдайларға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан жаңа тариф саясатын қарапайым халыққа түсін­діру жұмысында баршамыз бел­сенділік танытуға тиіспіз. Эконо­миканың тұрақты дамуы  қол­даныстағы салық саясатына тікелей тәуелді. Салық саласының бақылау қызметін цифрландыру, пайданың жаңғыруға және ғылыми негіздемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын жеңілдету немесе одан босату тәсілін енгізу, «сән-салтанатқа салық салу» тәртібін енгізу секілді салық реформаларын қамтыған жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Жолдауда мем­ле­кет­тік мекемелердің игере ал­ма­ған қаражатын келесі жыл­ға қал­дыру тәртібін енгізу қажет­тігі де ай­тыл­ды. Бұл да – жаңа эконо­ми­­ка­­лық саясаттың өте тиімді ба­ғыт­­­тарының бірі. Болашақта су тап­­­­шы­лығы ел экономикасына да, ха­­лық тұрмысына да зор кедергі, мол қиын­­­дықтар әкелуі мүмкін», деді ол.

Б.Алтынбеков осындай ірі жоба­лардың жұмысына Ассамб­лея бел­сенділерін қоғамдық бақылаушы ретінде қатыстыру қажеттігін алға тартты. «Бұл тұрғыда мәслихат депутаттары, жергілікті өзін өзі басқару құрылымдары, қоғамдық кеңес мүшелері бізбен әріптестік орнатып, елдің жарқын болашағы үшін жұмыла жұмыс жүргіземіз деп сенемін», деді сарапшы.

Ал ҚХА республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Баян Ахатай Жолдауда айтылған бірнеше мәсе­лені қозғады. «Ұлттың ұйысуы – дамудың басты бағдары. Әлеу­меттік желіде наразылыққа ұлас­қан тіл мәселесі толғандырмай тұрмайды. Мемлекет басшысы қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгеруі балаларға тек пайдасы тиетіндігін айтты. Бұл орайда орыс тіліне қарсылық таныта бергеннен гөрі, қазақ тілін үйретудің сапалы әдіс-тәсілдерін ойластыру тиімді. Этносаралық қатынастардың үйле­сімді дамуының бастауы да дастарқан басынан бастала­ды. Әр алуандылығымызды араз­дыққа емес, ауызбірлікке жұмыл­дыруымыз үшін әр қазақстандық қызмет етуі керек. Сонымен қатар қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүр­гізудің тіліне айналдыру әр қазақ­стандықтың азаматтық парызы дер едім. Мемлекет басшысы­ның «Мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді, болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деген сөзін отбасынан бастап насихаттап отырсақ, біздің туған тілімізге нағыз қызметіміз сол болмақ. Ана тілін ардақтай жүріп, әлем тілдерін меңгерсе балаларымыз ұтпаса, ұтылмайды. Тілдің салмағын әр азамат салиқалы сөзімен және нақты ісімен көтерсе, тіліміз сонда шын дәріптелмек. Балалардың бойына осындай құндылықтарды еге отырып тәрбиелей алсақ, өзіміз армандаған алдыңғы қатарлы, қазақ тілді қоғам орнауының ауылы алыс емес», деді Баян Ахатай. Сондай-ақ ол білім, ғылым, бала тәрбиесіне де кеңінен тоқталды. «Сапалы білімге мектеп санының сай келмей жатқаны рас. Бұл бойынша атқарылатын іс-шаралар кезең-кезеңімен оң нәтижесін береді. «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асса саланың біраз мәсе­лелері шешіледі. Осы орайда Мем­лекет басшысы мектепке де­йінгі оқыту мен тәрбие сала­сын­дағы олқылықтарға ашық тоқ­талып, тәрбиешілердің әлеу­мет­тік жағдайын көтеру, білімі мен сапа­лық құрамын жетілдіруге баса назар салғандығы қуантады. Бала­бақша балаларының бапкері білік­тілігі мен жағдайы бөбектердің дұрыс адам болып қалыптасуының негізін қалайды. Осы тұста кешенді жұмыстар атқарылады деп білемін», деп пікірін түйіндеді.

Іс-шара барысында ҚХА Кеңе­сінің мүшелері ұлтаралық қаты­настардың үйлесімді дамуына кері әсерін тигізетін кез келген қоғам­дық арандатушылық пен заңсыз әрекеттерге қатаң жауап беру қа­жеттігін айтты. Сондай-ақ жиынға қа­тысушылар ақпараттық кеңіс­тік­те өзара сенімсіздік, қоғамда алауыздық тудыруды тоқтатуға шақырды.