• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Қыркүйек, 2022

Пейзаж пернесін дөп басқан...

445 рет
көрсетілді

Ол әуелде, бала жасында ұшқыш болуды армандапты. Сол замандағы ауыл балалары үшін ұшқыш болу бақытты болумен бірдей түсінік болса керек, оның үстіне Олжас Сүлейменов «Адамға табын, жер енді» деп үлкен поэма арнаған Гагариннің әсері де шығар. Сол ауыл балаларының көбі кейін басқа саланың маманы болып кетті. Солардың бірі Жамбыл Нәтбаев еді. Ол кейін келе суретші болуды армандады. Арманына жетті де. Оны бұл белеске көтерген асқақ таланты мен еңбекқорлығы дер едік.

Бесінші сыныптың өзінде үлкен қала Мәскеуді көрген ол сол сәтін, керемет өнер туындыларын көргендегі қуанышын былай баяндайды: «1979 жылы әкем мені Мәскеуге алып барды. Третьяков галериясына апаратын болды. Музейге кірдік, ондағы картиналарды көріп, көзім шығып кете жаздады. Ол кезде ауыл баласы ұзаса кей картиналарды кітаптардан көретін шығар, ал «тірі» суреттерді көргенде, өзімді ұмыттым. Солардың ішінде Иванов дей­тін орыс суретшісінің «Иса пай­ғамбардың халыққа көрінуі» дей­тін туындысы бар еді, ол бұл суретін 24 жыл салыпты». Өнерге, әсіресе көркем­сурет салуға деген құлшыныс, аңсар әне сол кезде шындап оянды.

Оның «Бақыт» атты карти­насын тыныш өмірдің, жай­барақат көңіл күйдің туындысы дер едік. Қызыл керішті тау­дың балағында қамсыз жайылып жүрген екі ат бақыттың символы ретінде бейнеленген. Бұл туындыда тау өз орнын­­да, ал басындағы мұнар өз бей­несінде, тіпті етектегі қос жыл­қы да өз күйінде тұр. Шебер қол­мен салынған картина бір қарағанда сырын бере қой­май­тындай. Ал үңіліп, тереңірек көз салсаңыз, бәрін айтып тұр­ған сияқты. Мұндағы тау бей­несі – табиғаттың, керіш – кең дала­ның, ал ат өмір тынысын аста­р­лағанын аңдау керек. Сиқырлы әлемге толы сурет өнерінің жан дүниесін түсіну үшін де оған ой көзімен қараған жөн.

Пейзаж жанрында жиі қа­лам тербейтін суретші Жамбыл Нәтбаевтың туындыларының кө­бі табиғатпен етене байла­ныс­ты. Сан қырына терең бойла­саң Табиғат ананың өзі үлкен суреткер емес пе?! Ал одан алу да, оған беру де үлкен ойдың, сыршыл жүректің жұмысы. Қылқалам иегерінің «Асаулар. Сайрам асуы» атты картинасы да қазақы өмірдің қалпын кенеп бетінде сөйлеп береді. Асау, ойхой, асаулар! Кең даланың төсінде ойқастаған, желден жүйрік, құстан ұшқыр дала жылқылары. Енді олардың бейнесін алақандай ақ матаның бетіне салу қиынның қиыны болмақ. Ал суретші Нәтбаев бұған да шеберлігін пайдаланыпты. Бұл туындыда да тау, аспан, бұлт және жылқы бар. Осы төрт ұғым ол үшін тым қастерлі екенін картиналар арқылы сезіне аламыз. Тау етегінде тұрған киізүй аталған туындының көркін ашқандай. Тіршіліктің қайнап жатқан күйі, өмір ағысы бәрі-бәрі өз деңгейінде сыр шерткенін жасырмаймыз.

Суретшінің бұдан басқа туындылары да «мен табиғат туралымын» деп айқайлап айтып тұрады. Мұның себебі Жамбыл Нәтбаев бала жасынан ауыл тірлігін, маңғаз дала, асау жылқылар мен ақ шаңқан киіз­үйлерді, мейірлі ауыл адамдарын көріп өскендігінде.

Қаршадайынан көкейіне жиған құндылықтар есейгенде көркемсурет болып ойына оралғаны шындық. Таудай асқақ рух, бұлттай аппақ пейіл, даладай кең көңіл, жылқыдай жүй­рік қиял Жамбыл Нәтбаев­тың шығармашылық әлемін одан ­әрі биіктете түсті. Ол үшін сурет – дала, дала – суреттің өзі.