• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2014

Балғын жүректі билеген әуен

523 рет
көрсетілді

Елордада мамырдың 10-ы күні басталған II Халықаралық «Astana Piano Passion» классикалық музыка фестивалі алғашқы сәттен-ақ мазмұндылығымен, қызықты сәттерімен ерекшеленуде. Мамыражай мамырда елорданың мәдени өмірінде елеулі оқиғалар орын алып жатыр десек, соның ішінде айрықша тоқталып өтетін жайт – «Astana Piano Passion» фестивалінің жарығы басқа шараларға қарағанда әлдеқайда ауқымды, әлдеқайда маз­мұнды деуге толық негіз бар. Екін­ші Халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианиношылар байқауы аясында сан түрлі іс-шаралар жүзеге асуда. Мәселен, «Астана-Опера» театрының камералық залындағы «Astana Piano Passion» бірінші халықаралық жас пианиношылар байқауы жеңімпаздарының, Мәскеу филармониясының жеке орындаушысы, халықаралық байқаулардың лауреаты, Ресей Пре­зиденті сыйлығының иегері Екатерина Мечетинаның, сондай-ақ, «Қазақстан» ОКЗ-дағы Ресейдің халық әртісі Денис Мацуевтің концерттері елорда жұртшылығы үшін мерекелік сый іспетті. Бәрін айт та, бірін айт, бұл шаралардың өтуіне ұйытқы болған негізгі өнер сайысы классикалық музыканың болашақ жарық жұлдыздарына даңғыл жол ашуда. Тағы бір есте қалатын жағдай, Қазақстанның жас музыканттары мен оқытушы-ұстаздары үшін кәсіби үздік мамандардың шеберлік-сыныптарын ұйымдастыру қолға алынып отыр. Атап айтатын болсақ, Мишель Бероффтың (Франция), Хюнг-Джун Чангтың (Оңтүстік Корея) шеберлік сыныптары, әсіресе, жас музыканттар үшін биік көкжиектер мүмкіндігі десек, артық айтпайтын сияқтымыз. Халықаралық дода барысындағы қазақстандық мұғалімдер мен қазылар алқасының дөңгелек үстелі бүкпесіз ойлардың ашық алаңы болады деген сенім тағы бар. Қазірдің өзінде ҚазҰӨУ-нің Орган залы дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген жас пиани­ношылардың сүйікті орнына айналып үлгерді. Сайыста «Astana Piano Passion» байқауына қатысушылар әлемдік классикалық шығармаларға қоса қазақстандық композиторлардың да шығармаларын орындаулары тиіс. Фестивальді Астана қаласы әкім­дігі мен «Accordi di Astana» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Ірі музыкалық байқаудың Орталық Азияда өтуі талантты балаларға ұдайы қамқорлық көрсетіп отыруға мүмкіндік туғызады және Қазақстандағы фортепианолық мектептің дәстүрлі үлгісін нығайтады деп қабылдануда. Сонымен қатар, орындаушылық әдістемелер арқылы өзара тәжірибе алмасу, еларалық шығармашылық байланысты нығайту келешекте отандық музыкалық білім берудің кәсіби деңгейін көтеруге оң ықпалын тигізбек. Жақында «Astana Piano Passion» жас пианиношылар байқауының жартылай финалының нәтижелері мәлім болды. Байқау финалына Қа­зақстаннан 3 бірдей жерлесіміздің өтуі өте қуанышты жағдай. Жас пиани­ношылардан кіші топ бойынша ке­­лесі айналымға Айдиба Таламунуер (Қазақстан), Аниса Дажаева (Ресей), Болат Махамбет (Қазақстан), Окуи Шио (Жапония), Санжарәлі Көп­баев (Қазақстан), Александра Стыч­кина (Ресей) өтсе, орта топтан Давит Хрикули (Грузия), Чэн Ксуехонг (Қытай), Владислав Хандогий (Бела­русь), Глеб-Иосиф Романчукевич (Ресей), Никита Бурзаница (Украина), Анастасия Махамендрикова (Ресей) алдыңғы шепке табан тіреді. Сайыс ережесіне сәйкес, ақтық бәйгеге қатысушылардың тең жартысының ғана қамтылуы байқаудың әлемдік деңгейін айқындайтын тағы бір қыры деу лазым. Бір сөзбен айтқанда, «Astana Piano Passion» II Халықаралық жас пианиношылар тыңдалымы керемет әсер қалдыруда. Айдиба Таламунуердің орындауындағы Ғ.Жұбанованың күйі көрерменді тәнті етті. Шығарманың өн бойынан домбыра үнінің күмбір қағып тұруы нағыз талант иесінің ғана шеберлігінен туатын өнер сыйы деп қабылдау керек. Айдиба өз өнері арқылы лирикалық сарын мен мульт­фильм көрінісін бейнелі жеткізе алды. Әсіресе, Коплендтің «Мысық пен тышқан» шығармасы есте қалды. Аниса Дажаеваның орындауындағы Чайковский шығар­­масының нәзік үні мен стереофониялық полифония сезімі тамаша әсер қалдырды. Анастасия Ключерова Завгородныйдың пьесасынан шыныдай ерекше таза дыбыс таба білді. Әлия Жақпарованың орын­дауын­дағы Бетховеннің шығармасы көңілге шуақ орнатты. Жас шебер залдағы жұртты өнерімен тез баурап алды. Болат Махамбеттің өнерінде Григ шығармаларының нәзік сазды үні есте қалса, Богдан Волошин дыбыстық нәзіктігімен ғана емес, шығарманың кей жерлерінде суырып салмалық шеберлігімен де тыңдаушы жүрегіне жол таба білді. Жапониялық пианиношы қыз Шио Окуидің өте нәзік те сыршыл мәнері, әртістігі көпшілік жанарына жас тұндырған. Ал Глинка-Балакиревтің «Бозторғай» шығармасын жүрекпен сезініп ойнау кез келген музыканттың қолынан келе бермейтін шеберлік екені рас. Бұл ретте Санжарәлі Көпбаевтың орындауындағы шығарма ұмытылмас сезімге бөледі, оның музыкалық аспабынан керемет әуен қалықтап, нағыз интерпретацияның көрінісі есте қалды. Александра Стычкина Шопен шығармасына интерпретация жасауы арқылы кәсіби деңгейінің жоғарылап келе жатқанын көрсетті. Кіші топқа келсек, тыңдалымды Сии Чен өз бағдарламасын керемет ой­наумен аяқтады. Мінсіз Черни, керемет Моцарт шығармалары шалқытып, шабыт шалғынын тасытты. Айтқандай, Сии Чен – кіші топтағылардың ішіндегі соната ойнаған жалғыз ғана бала. Қалай дегенмен де, өнер алаңында үлкен-кіші болып ешкім бөлініп жатпайды. Бәріне қойылатын талап бірдей. Әзірге көп көкейінде – бір ғана сұрақ. Кім жеңімпаз атанады? Бас жүлдеге кім лайық? Бағы асып тұрған бақытты жанды алда толағай табыс күтіп тұр – жас пианиношылар байқауының жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйақыны иеленбек, жарыстың жүлде қоры 60 000 АҚШ долларын құрайды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».