Біраз жыл бұрын өңірде «Жол жылы» жарияланған кезде көне шаһар Тараздың жолдары біраз жаңаланып қалған еді. Одан бөлек шалғай аудандардағы елді мекен жолдары да айтарлықтай реттелген болатын. Енді, міне, Жамбыл өңірінде түрлі дәрежедегі жолдарды жөндеу жұмыстары жаңа қарқынмен қолға алынбақ. Өйткені өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің өзі саладағы жұмыстарды ширатуды шегелеп тапсырып отыр.
Өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы қандай? Бүгінге дейін өңірде қандай жұмыстар атқарылды? Қолға алынған жұмыстар қандай нәтиже берді? Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековке осы сауалдарды қойған едік.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі 10 038 шақырым жолдың 4 376 шақырымы автомобиль жолдары болса, 5 662 шақырым елді мекен көшелерінің желісіне тиесілі екен. Алдағы күндері осы жол бөліктерін жөндеу, жаңа жол салу мәселелері назардан тыс қалмақ емес.
«Өңіріміз бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1 198, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 1 756, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 1 383 шақырымды құрайды.
Жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігімен 2022 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден бірлесіп қаржыландыру тәжірибесін жалғастыру арқылы жалпы 16,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 8,3 млрд теңге республикалық, 7,9 млрд теңге жергілікті бюджеттерден қаралды. Бөлінген қаржы есебінен 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту және 605,2 шақырым жолды орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл санатқа облыстық маңызы бар автожолдардан 194,1, аудандық маңызы бар 53,6, елді мекен көшелерінің 357,5 шақырымы енгізілді», дейді Бақытжан Жәнібеков.
Жауапты басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірдегі жолдарды қалпына келтіру бойынша ұзын-ырғасы 252 жоба қолға алыныпты. Оның ішінде 28 жоба (194,1) «Нұрлы жол», 77 жоба (169 шақырым) «Ауыл – ел бесігі», 2 жоба (9,4 шақырым) «Өңірлерді дамыту-2025» бағдарламасы аясында жүзеге асса, 145 жоба жергілікті бюджеттер арқылы шешімін таппақ.
«Басқарманың 3 жылдық жоспарына келер болсақ, 2025 жылға дейін Amanat партиясының сайлауалды платформасының бекітілген іс-шаралар жоспарына және облыстың даму жоспарына сәйкес, 621 шақырымды құрайтын жергілікті маңыздағы автожолдарды орта жөндеуден өткізіп, қанағаттанарлық деңгейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отырғанын айта кеткен ләзім. Оның ішінде 414 шақырым облыстық мәні бар, 207 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдары санатында. Жылдар бөлінісі бойынша 2023 жылы 98 пайыз межені бағындыру үшін 203 шақырым (25 жоба), 2024 жылы 99,5 пайызды қамту үшін 238 шақырым (24 жоба), 2025 жылы 100 пайыз межеге қол жеткізу үшін 180 шақырым (16 жоба) орындайтын боламыз.
Біздегі өзекті мәселе – автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы. Мұндай олқылықтардың барлығы да рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асып кететін жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен орын алып отыр.
Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізіліп жатыр. 2022 жылдың 7 айында жылжымалы көліктік бақылау посттарында 69 әкімшілік хаттама толтырылып, 4,0 млн теңге айыппұл салынып өндірілді», дейді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.
Б.Жәнібековтің айтуынша, күре жол бойындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында ауқымды жұмыс қолға алынбақ. Деректерге сүйенсек, осы жылдың алты айында 709 жол-көлік оқиғалары тіркелген. Салдарынан 128 азамат бақилық болып, 1 112 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған болатын. Көлік жүргізушілердің басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарама-қарсы қозғалыс жолағына өтуі салдарының соңы қайғылы жағдайларға әкеп отыр.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы жылы «Көркемтелеком» ЖШС бастамасымен облыс орталығында құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін «Тараз қаласындағы зияткерлік қауіпсіздік жүйесі және жол трафигін талдау» сергек мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасы іске асырылуда. Аталған жоба жол бойындағы оқыс оқиғаларды азайтуға барынша ықпал ететініне күмәніміз жоқ.
Жобаны іске асыру кезеңі 2022-2027 жылдарды қамтиды. Жалпы құны – 5 млрд 230 млн 430 мың теңгені құрайды. Жоспар бойынша Тараз қаласында 35 желілік учаскедегі аппараттық-бағдарламалық кешен, 450 нысанға 1 250 жалпы бейнебақылау камералары, деректерді өңдеу және талдау орталығы: серверлер, деректерді сақтау жүйесі; коммутациялық және бағыттаушы жабдық, 13 қиылысқа аппараттық-бағдарламалық кешен орналастырылмақ.
Бүгінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі шартымен бекітілген адрестік бағдарламаға сәйкес, 130 нысанда 413 дана жалпы бейнебақылау камерасы орнатылып, оның 165 данасы іске қосылды. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын аяқтау қыркүйек айына жоспарланған. Сондай-ақ жүйені толық іске қосқаннан кейін ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің талаптарына сәйкестік рәсімдері жүргізіліп, оң қорытындысы алынған соң, 2022 жылдың желтоқсанында нысанды пайдалану көзделуде.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысы Полиция департаменті тарапынан республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жылдамдықты шектеу камераларын орнату адресі бекітіліп, 10 дана жылдамдықты шектеу камералары орнатылды.
Басқарма аймақтағы автожолдардың сапасын, қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі де жалғастыра беретін болады. Жалпы өңір жолдарын реттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жүргізілмек», дейді басқарма басшысы.
Жамбыл облысы