Таяу күндері елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезіне жер жаһанның түкпір-түкпірінен дінбасылар жиналмақ. Солардың қатарында әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб те бар. Осы орайда, Ислам әлемінің ең жоғары пәтуа шығарушы институт саналатын әл-Азһар мешіті мен университетінің басшысы жөнінде аз-кем мәлімет беруді жөн көріп отырмыз.
Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб 1946 жылы 6 қаңтарда Нілдің жоғарғы ағысында орналасқан Луксор мухафазасындағы Курна елді мекенінде дүниеге келген. Ол 1969 жылы әл-Азһар университетін Ислам ілімі және философия бағыты бойынша тәмамдаған. Кейінірек 1971 жылы аталған білім ордасында Ислам философиясы бойынша магистр, 1977 жылы PhD дәрежесін алған. Сондай-ақ Париж университетінде тәлім алған.
Ат-Тайеб 1999-2000 жылдары Исламабадтағы (Пәкістан) Халықаралық ислам университетінде еңбек етті. Екі жылдан кейін Мысырдың бас муфтиі болып сайланды. Ахмад ат-Тайеб бұл қызметте екі жылдай отырды. Содан кейін әл-Азһар университетінің президенті болып тағайындалып, 2010 жылға дейін аталған міндетті абыроймен атқарды. Сол жылы Мысардың сол кездегі президенті Хосни Мубарак әл-Азһардың Жоғарғы имамы Мұхаммед Саид Тантауи қайтыс болған соң Ахмад ат-Тайебто осы лауазымға тағайындады.
Айта кетерлігі, кейіннен әл-Азһардың Жоғарғы имамын анықтау тәртібі өзгерді. Қазіргі таңда оны Мысыр президенті тағайындамайды. Оның орнына институттың комитеті сайлайды. Жоғарғы имам ғұламалар арасында келіспеушілік болған жағдайда діни тұрғыдан дүниелік мәселелерге пәтуа немесе үкім шығара алады.
Әл-Азһардың Жоғарғы имамы атанғанға дейін ат-Тайеб Ұлттық демократиялық партия құрамында болған еді. Осылайша, Хосни Мубаракқа жақын адамдардың бірі саналатын. Бірақ 2010 жылы ол партиядан шығатынын мәлімдеді. Ат-Тайеб қоғамның саяси өміріне белсене араласпаса да, әлемдегі және елдегі саяси мәселелерге қатысты жиі-жиі пікір білдіріп отырады.
Мәселен, «Мұсылман бауырлар» атауымен танылған әл-Ихуан әл-Муслимин ұйымына қарсылық білдіреді. Тіпті әл-Азһар университетінің есігі «Мұсылман бауырлар» үшін ашық емес екенін де мәлімдеген-тұғын. Сондай-ақ Сириядағы Башар Асад режімін де аз сынаған жоқ. Бұдан бөлек, ДАИШ-тың (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым) әрекеті Исламға мүлдем жат екенін жүрген жерінің бәрінде айтып, такфиризм секілді бағыттарды сынға алды.
«Адамдар арасында араздық тудырып, дін немесе Құдай атын жамылып зорлық-зомбылық әрекетіне барып, қантөгіс жасап жатқандар кімнің атынан сөйлесе де, кімнің туын көтерсе де, қай дінді ұстанса да өтірікші және сатқын екенін айта кету керек.
Тарихта Алла Тағаланың діндері соғысқа себеп болды деу дұрыс емес. Өйткені дін атын жамылған қақтығыстар шын мәнінде саяси мәселеге байланысты, ақиқи дінмен еш байланысы жоқ, дүние жүзін жаулап алуды мақсат еткен мүдделерге қатысты», дейді Ахмад ат-Тайеб.
Осы орайда, ат-Тайебтің көзқарасы заманауи екенін айта кеткен жөн. Мысалы, ол бірнеше рет Рим Папасымен кездесті. 2021 жылы католик шіркеуінің басшысы екеуі Адамзаттың бауырластығы туралы құжатқа қол қойды. Ол сондай-ақ көптеген шетелдік діни жетекшілермен және мемлекет басшыларымен кездесті. Олардың қатарында Елизавета II секілді лауазымды тұлғалар бар.
Шейх ат-Тайеб Жоғарғы имам міндетіне кіріскелі дәстүрлі исламды насихаттауға ден қойған. Әл-Азһар түлектерін Исламның әлемдегі елшілері деп санай отырып, студенттерге ислам мұрасын үйретудің маңызына ерекше мән береді. Ол сүниттік жамағатты имам Әбул-хасан әл-Ашғари мен имам Әбу Мансур әл-Матуридиге және Ханафи, Малики және Шафиғи мектебіне ілесетіндер деп есептейді. Сондай-ақ Ханбали мектебін де осы бағытқа енгізеді.
Жоғарғы имамның тағы бір ерекшелігі – ол қазіргі заманауи мәселелерге қатысты заманауи көзқарас білдіреді. Ол өзі берген аз сұхбаттарының бірінде ДАИШ секілді террористік ұйымдардың таралуын мұсылмандардың білімсіздігі, жұмыссыздығы, экономикалық және әлеуметтік жағдайы төмен екендігімен байланыстырады.
Бұдан бөлек, шейх ат-Тайеб әйелдерге қатысты да талай мәрте пікір білдірген. Facebook-тегі парақшасында Исламның әйелдерге жұмысқа орналасу секілді түрлі салаларда құқықтар мен тәуелсіздігі бар екенін жазды. «Әйелдерге жалпы алғанда, сот саласында және ифтада маңызды лауазымдарды атқаруға рұқсат етілген», дейді Ахмад ат-Тайеб.
Сондай-ақ ол әйелдер «махремсіз» сапарға шығуға рұқсат етілетінін алға тартып, көп әйел алуға, күйеуінің әйелін ұруына, ажырасуға қатысты тың пікірлер білдірген. Бір ерекшелігі ат-Тайеб әлеуметтік желіде белсенді. Сондықтан шығар оның жазған жазбалары қоғамда қызу пікірталас тудырады.
«Көп әйел алу міндетті дейтіндердің бәрі қателеседі», дейді ол полигамияға қатысты. Оның айтуынша, Исламда көп әйел алу шектелген және әділдікті талап етеді. Күйеуі әділ бола алмаса, бірнеше әйел алуға тыйым салынатынын алға тартады. Сондай-ақ көп әйел алу «Құран мен Пайғамбар дәстүрін түсінбеуден» туындайтынын да талай мәрте ескерткен.
Қорыта айтқанда, Мұхаммад Ахмад ат-Тайеб Ислам дінін заманауи тұрғыда түсіндіретін, асыл дініміздің бетке ұстар тұлғасы деп айтсақ қателеспейміз. Осындай деңгейдегі әлемдік дінбасының тоғызыншы территорияға ат басын бұруы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы жиынның да, Қазақстанның да абыройы.