Бас қаламыздың сәнін келтіріп, сымбатын арттырып тұрған зәулім сарайлар жетерлік. Әр ауданның өзіне тән ерекше ғимараттары да бар. Соның бірі – 2002 жылы 29 тамызда есігін айқара ашқан елордамыздың символы – «Бәйтерек» монументіне биыл 20 жыл толып отыр. Балалар жылының аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Алтын домбыра» ұлттық өнер орталығы және «Бәйтерек» монументі бірлесіп, «Бәйтеректің» 20 жылдығына – 20 күй атты іс-шара ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөле-жаруға болмайтын егіз ұғым. Домбыра – көне заманның аңыздарына арқау болған киелі аспап. «Ақсақ құлан» күйінің шығу төркінін білмейтін қазақ кемде-кем. Ежелгі дәуірден жеткен қастерлі домбыра ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келеді. Қазақ сан ғасырлық шежіресінің куәсі болған қасиетті аспапты бойтұмарына балаған. Қазіргі тілмен айтсақ, бұл – біздің ұлттық брендіміз», деген еді.
«Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі бар. Сондықтан бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – жас буын өкілдерінің қатысуымен «Бәйтеректің» ең биік нүктесінде қазақтың домбырасын күмбірлетіп, күй шерту. Бәріңізге мәлім, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылын жариялаған болатын. Біздің де мақсатымыз осындай дарынды, қабілетті балаларды қолдау, әрі қарай өнерлерін шыңдауға ынталандыру», деді «Бәйтерек» монументінің директоры Әділ Орынбасарұлы.
Бәйтерек 20 жыл бойы миллиондаған адамға, елорда тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес әсер қалдырғаны анық. Монумент бірегей ғимарат бола отырып, оның тамыры Қазақстанның өткен тарихын қадірлейтін, бүгініне берік тірек болатын және нық әрі сенімді жүзеге асырылып жатқан болашағын бағалайтын мемлекетті бейнелейді.
«Осыдан біраз уақыт бұрын шәкірттерімізбен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 күй орындағанбыз. Бүгін міне, осы дәстүрді үзбей жалғастырып, өзіміздің орталықтың жалынды жастарымен күй шашуымызды алып келіп отырған жайымыз бар. Себебі бүгін – мереке. Елорданың есігінен енген әрбір мейманның келетін керемет жері – «Бәйтерек» монументіне 20 жыл толып отыр. «Бәйтерек» тек қана Есіл ауданында орналасқан қонақтардың келіп-кететін орны емес, бұл мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің символы деп қарауымыз керек. «Бәйтерекке» қарап бүгінгі балдырғандарымыз биік болуға, асқақ болуға талпынады. Көне тарихымызды көз алдымызға әкелетін қасиетті қара домбырамыз десек, оны үйренуге, шертуге қызыққан балаларымыз елдің ертеңгі болашағы. Қазіргі жаһандану дәуірінде, түрлі ақпараттар толассыз ағылып жатқан кезеңде ұлтының ұлы мұрасын ұлықтап, бабасынан қалған бағалы аспапты жанына серік еткен жастар ұлттық иммунитетпен қаруланса, әділетті Қазақстанның жарқын болашағын жасайды деп ойлаймын. Біздің орталық та осы мақсат жолында еңбек етуде», деді әнші, «Алтын домбыра» ұлттық өнер орталығының көркемдік жетекшісі Ескендір Ибрагим.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, белсенді азаматтық ұстаным мен патриотизмді, маңызды рухани-адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарды, қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптарын дәріптеу. «Бәйтерек» монументіне қыдырып келген қала қонақтары да күй тыңдап рухани ләззат алғандарын жасырмады.
«Бүгін өзімнің отбасыммен, немерелеріммен «Бәйтерекке» келдім. Ішіне кіргеннен бастап құлағыма домбыраның үні келді. Жоғары қабатқа көтерілгенде әдемі киінген, қолына домбырасын ұстаған жастарды көргенде, олардың шерткен «Балбырауын», «Келіншек», «Ерке сылқым» күйлерін тыңдағанда тіпті толқыдым. Ұялы телефоннан, теледидардан күй тыңдап жүрміз ғой, бірақ көрермен болған бөлек екен. Ерекше әсер алдым. Елордамызға келген сайын келетін «Бәйтерек» монументіне 20 жыл толған екен. Осы аралықта қаншама қонақ келді десеңізші. Елдігіміздің ерекше символы іспетті қасқайып тұрған «Бәйтерегіміз» бәрімізге мақтаныш сыйлайды. Бүгінгі күй шерткен бүлдіршіндерге жарқын болашақ тілеймін», деді Алматыдан қыдырып келген Қарлығаш есімді қонақ.