• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қыркүйек, 2022

«41-жылғы келіншек»

1586 рет
көрсетілді

Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «41-жылғы келіншек» атты оймақтай болса да, әйел жанының қалтарыс-бұлтарысына терең бойлаған әңгімесін оқығанда, көз алдыма өзімнің туған әжем келеді. Менің әжем де – соғыстың жесірі. Атам 1942 жылы әскерге алынып, адам қаны қисапсыз төгілген Сталинград майданында із-түзсіз хабарсыз кеткен. Міне, содан бері сексен жыл өтсе де ешқандай дерек жоқ. Әжем соғыс жылдарында колхоздың қара жұмысын атқара жүріп, екі қызы мен бір ұлын ешкімнен кем қылмай жеткізіп, атамнан «бір жақсы хабар болады-ау» деген үмітпен өмір сүріп, 75 жасында дүниеден озды.

Бас-аяғы жинақы, нығыз, көр­кем жазылған әңгіме бас кейіпкер – Хадиша атынан баяндалады.

« – Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт?

Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.

– Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт.

Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой.

Ол үндемеді».

Осы шағын ғана диалогтан шы­ғар­­мадағы оқиға желісін ғана емес, бас ке­йіпкердің жан дүниесі мен оның жү­регінде шеменделіп қалған қай­ғысы мен қасіретін түсініп, жаны­ңызды мұң баурайды. Сұм соғыстың аяқ­талғанына біраз жылдар өтсе де, өзінің асыл жарын өлдіге жорымай, сол жаққан ошағының отын өшір­мей отырған аяулы ананың қай­раты мен мұқалмас жігеріне тән­ті боласыз. Үбірлі-шүбірлі болып отырған жалғыз қызының қолына бармай, «өзім өлгенше Мақсұттың шаңырағын құлатпаймын» деп отыр­ған Хадишаның болмысын автор көңіліңді селт еткізер ұтымды детальдар арқылы айшықты көркемдеген. Қара шаңырақ – халқымыз үшін өте қасиетті ұғым екендігін қаламгердің астарлап айтқан ойынан түсінесіз.

Шерхан Мұртаза шығарма желі­сін ширата түсу үшін ауылдағы аға­йын арасындағы кейбір көзге көрі­не қоймайтын көріністер арқы­лы, кейіпкер бейнесін нанымды сурет­тейді. Бұдан қазақы мінезді де көресіз.

Мына бір үзіндіге зер салыңыз:

«Oй, алжыған басым, бірді айтып, біріне кеткенім... Бәрі анау Шалабайдың қызы Күләйдан шықты ғой. Күләй күйеуімен келіп түсті. Ауыл болып жиылдық. Күйеу мен Күләй алып келген қоржынның аузын өзім ашамын ғой деп отырғанмын. Ата жағынан алғанда, менен жақын кімі бар Шалабайдың? Аталастан осы Мақсұттың үйінен жақын ешкімі жоқ қой, біле-білсе. Білмеді. Айдаладағы Ақшай кемпір ұстады қоржын­ның аузын. Ақшай кемпірдің бүгінде мұрнынан есекқұрт түседі. Шалы қасында, үш бірдей келіні қызметін істеп тұр. Шифрлап сегіз бөлмелі үй салдырған, балаларының бас-басын­да мотоциклі бар. Шалабай, шіркін, сенің інің, менің қайным ғой, қайын болмай қата қалғыр, қоржынды маған ұстатуға жарамады».

Осыны оқып отырып, алақандай ауылдағы адамдардың болмысын, қарым-қатынасын, олардың дүниеге деген көзқарасынан автордың ше­берлігі айқын көрінеді. Хадишаға қайнысы Шалабай мен Ақшай кемпірдің ерсі қылығы қат­ты батады. Қайнысы жеңгесіне қызы­нан келген кәде-жоралғы салған қор­жынның аузын аштырмай, оны бүгінде балаларының арқасында болып-толып отырған Ақшай кемпірге аштырады. Бұған Хадиша қатты қорланады. Тіпті Ақшай кемпірдің оған долданып айтқан «қақбас, қубас» деген сөзі сүйегінен өтеді.

« – Әй, Ақшай, – дедім мен де. Қаным қарайып кетті. – Алды-артымды жалмап, жалмауыз болайын деп құдайдан тілеген жоқпын, дедім. – Мақсұт көппен бірге әскерге кетті. Сенің байың Құрақбас құсап әскерден қашып, үш жыл бойы тауда тағы боп жүрген жоқ дедім. Қызым Жанат болса, тұрмысқа шықты, құдайға шүкір, қазір балалы-шағалы, – дедім. – Өзім болсам, Мақсұттың отын өшір­мей, түтінін түтетіп отырмын. «Қырық жыл қырғын болса да – ажалды өледі». Кебенек киген, әйтеуір, бір келеді. Мақсұт үйден кебін киіп аттанған жоқ қой, – дедім. – Оны мен семіз деп сойған жоқпын, етті деп сатқан жоқпын, мен қайдан қақбас боламын, – дедім».

Шын мәнінде, туындыда Хадиша образы қай жағынан алсаңыз да шебер сомдалған. Автор өз кейіпкері ар­қылы қанша қайғы-қасірет көрсе де ешқашан жаны қиналып мойымаған қазақ аналарының жиынтық бейнесін бедерлеген. Бір жағынан, әңгімедегі оқиға кейіпкердің түсі арқылы өрбиді.

« – Шыннан тағы да түс пе? – деді өзіне-өзі. – Шыннан Мақсұт бір тіл қатпады ма? – деді өзіне-өзі. Ал шындығында, Хадиша Ақшайдан көрген қорлығын арыз етіп айтқанда, сол түсте Мақсұт сай-сүйегі сырқырап егіліп еді. Қаншама жұбату сөздер айтып еді Хадишаға. Бірақ өлгендердің көзінен еш уақытта жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер еш уақытта есіте алмайды».

Қазақ әдебиетіне шұрайлы да шымыр жазылған туындыларымен олжа салған қабырғалы қаламгер туралы аса көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов: «Шерхан әңгімелерінде сарғайған са­ғыныш ыстық пен суықтай оқушы жүрегін қарып өтетін қуаныш пен кү­йініш сызаттаған үміт пен сыздаған мұң сияқты адам сезімінің небір иірім­­дері байқалады» деп айтқан екен.

Ойымызды жинақтай келгенде, Шерхан Мұртаза шағын болса да кө­терген жүгі ауыр «41-жылғы келін­шек» атты әңгімесінде сұм соғыстың қасіретін тартқан жалғыз Хадишаны ғана емес, сол секілді асыл жарлары қанды қырғында ерлікпен көз жұмған мыңдаған қазақ әйелдерінің басындағы ауыр қайғыны шынайы бейнелеген. Бір сөзбен айтқанда, бұл туындыны көркем сөзбен соғыстан ері оралмаған ардақты аналарға со­ғылған ескерткіш деуге болады.