• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Қыркүйек, 2022

Баянды инвестиция

387 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған мәселенің көбі қоғам үшін өзекті, шешімін таппай жүрген проблемалар екендігі рас. Жолдауда қоғамдағы әлеуметтік саладағы біраз өзекті мәселе көтерілген.

Мемлекеттік басқару жүйесінде шешім қабылдауда бір-біріне сілтеу, жауапкершіліктен қашу жиі кездеседі. Өзінің Жолдауында Қ.Тоқаев мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту туралы айтты. «Эко­номиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйе­сіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөз­ден, жарқын болашақ туралы жалын­ды ұрандардан жалықты. Хал­ық мемлекеттік органдардың өз уә­десін қағаз бетінде емес, іс жүзін­де орындағанын қалайды», деді ол.

Биліктің барлығын бір қолда жинамай, оны төменгілермен бөлісу туралы оймен келісемін. Жергі­лікті әкімдерге құзырет пен жауап­кер­шілікті беру ұсы­нысы орынды. Мемлекеттік қызметкер есеп беру­мен емес, ауылдың, қала­ның мәселесімен нақты айналысуға тиіс. Оның қолында қаражаты, оны жұм­сай алатын құзыреті мен мүмкіндігі болмай, жағдай өзгермейді.

Қоғамды қуантқаны, балалар­дың болашағына қатысты айтылған жақсы ұсыныстар. Былтыр елімізде 446 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Ал биыл, бұйырса, одан да көбірек болады. Бұл – қуанышты.

Биыл мектеп табалдырығын 400 мыңдай бала алғаш рет аттап отыр. Жыл сайын бұл көрсеткіш көбейе бермек. Елімізде биыл 80 жаңа мектеп ашылған. Жалпы, елімізде 18 жасқа дейінгі жас азаматтар саны 6 млн 300 мыңнан астам. Осы балалардың болашағы қалай болады екен деп ойлайсың.

Биылғы Балалар жылында жақсы жаңалықтың бірі Жолдауда жария етілген «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламаның 2024 жылдан бастап іске асуы болмақ. Ұлттық қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Бұл қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Есепшоттағы қаражатты екі мақ­са­тқа пайдалануға болады: біріншісі – баспаналы болуға, екіншісі – білім алуға.

Дүниеге келген әр сәби өз несібесімен туады ғой. Баланың болашағын ең алдымен ата-анасы ойлайды. Балаға лайықты жағдай жасау, дұрыс тәрбие беру, білім беріп, оқыту – ата-анасының парызы. Ал мемлекеттің міндеті –  қолдау көрсету. 6 млн 300 мың бала Ұлттық қордан табыс көрсе, «Әлеуметтік мемлекет» деген осы ғой. Бұл туралы бұрыннан ай­ты­лып келе жатыр. Дамыған елдер болмаса, бұндай қадамға барған ел­дер аз. Дамыған елдердің ішінде қор­лары­нан табыс төлейтіні одан да аз.

Бұл қадамның баланы толық қамта­масыз етпесе де пайдалы жақ­тары көп. Мәселен, демографиялық көрсеткішті жақсартуға себепші болады, баланың Отанға деген сезімін күшей­теді. Яғни бала мемлекетінің қам­­қор­лығын, өзінің керек екенін сезед­і. Мемлекет үшін оның қайта­ры­­мы міндетті түрде болады. Сон­дай-ақ оның әділеттілік жағы да бар. Иә, елі­міздің байлығы мол. Оны барлық аза­мат­тардың пайдалануы әбден дұрыс.

Әлеуметтік деп жариялайтын мем­лекет үшін жас азаматтар ал­дын­­дағы жауапкершілігі болғаны дұ­рыс. Балаға жұмсалған инвестиция – ең пайдалы да баянды инвестиция.

 

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ,

саясаттанушы

 

ҚАРАҒАНДЫ