• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Қыркүйек, 2022

Үш бағытты жұмыс жоспары

550 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ұлттық эконо­мика министрлігі Жолдауда айтылған әлеуметтік-экономикалық мәселелер­дің қалай жүзеге асырылатыны жөнінде мәлімдеді. Бұл мақсатта құзырлы орган жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, мемлекеттік басқаруды жаңғырту секілді үш бағыт бойынша жоспар құрып, іске кіріскенін хабарлады.

Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі «Ұлттық қор – балаларға» жобасын Ұлттық қормен бірлесіп іске асыру тетіктерін пысықтап жатыр. Алдымен 18 жасқа дейінгі барлық балаларға дербес жинақтаушы шот ашылады. 2024 жылдан бастап жыл сайын қордың инвестициялық кірісінің жартысынан түскен қаражат әр баланың шотына аударылып отырады. Төлем механизмі бүгінде қосымша есептеліп жатқанын айтқан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қордың инвестициялық шешімі коммерциялық мақсаттылық, ұзақ мерзімді мүдделер және негізгі критерий тиімділік қағидат­тарына негізделетінін алға тартты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, қордың инвес­тициялық жобалары мен активтерінің портфелін қайта қарау, оның ішінде оларға сыни бағалау жүргізу қажет. Басымдықтарды белгілеу және активтер мен жобалардың оңтайлы портфелін қалыптастыру, оның ішінде инвести­ция­ларды жекешелендіру, ресурстар­ды босату және қайта бөлу тетігі арқы­лы қалыптастыру болжануда. Ел, өңір, сала үшін стратегиялық маңызы бар, оның ішінде инфрақұрылымды жаң­ғыр­туға, жаңа салалар мен жоғары тех­но­логиялық өндірістерді құруға ба­ғыт­талған инвестициялық жобаларға басым­дық беріледі», деді министр.

Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі салық саясатының негізгі тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Әлібек Қуантыров: «Президент қойған жаңа міндеттер бюджеттік жоспарлауды бюрократия­дан арылтуға және бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге байланыс­ты жұмыстың қисынды жалғасы бола­ды. Сондықтан мемлекеттік қар­жыны басқару тұжырымдамасының ережелерін және басқа да өзекті мәселелерді қамтитын жаңа Бюджет кодексін әзірлеу тиімді және үнемді бюджет саясатын қамтамасыз етуге жаңа серпін береді. Жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу, қоғаммен бірлесіп және сарапшылардың бизнес қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүргізілетін болады», деді.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

«Өңірлердегі маңызды мәселелерді жедел шешу үшін өкілетті мекемелер кеңейтіледі», деп мәлімдеді министр. «Бұл шаралар мемлекеттік басқару­дың сервистік және «адамға бағдарлан­ған» моделін құруға мүмкіндік береді. Прези­дент Жолдауда әлеуметтік-экономи­ка­лық саясатымыздың негізгі мақсаты азаматтардың әл-ауқатын сапалы және инклюзивті арттыру екенін атап өтті. Жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, бәсекелестікті дамыту, ұлттық табысты әділ бөлу басымдықтар ретінде белгіленді. Білім беру және денсаулық сақтау жүйелері арқылы азаматтарға инвестиция салатын және неғұрлым осал әлеуметтік топтарға қолдау көрсете отырып, барлығы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін экономикалық дамудың ашық және болжамды моделі құрылады», деді Ә.Қуантыров.

Ал сән-салтанат салығынан түсе­тін қаржы шамамен 8 млрд теңгені құра­мақ. Бұл салық негізінен көліктің қым­бат түріне салынады. Сондай-ақ ях­та, шетелде вилласы, жеке ұшағы бар бай-манаптар да сәйкесінше жыл сайын салық төлеп, қазына қорын толықтырмақ.