IT-мамандарды даярлау, сөйтіп бұл саланың озық жүйеге айналуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Президент 2025 жылға таман 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлап шығу туралы ерекше міндет жүктеп отыр. Әрине, бұл оңай іске асырыла салар шаруа емес.
Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, 1 қыркүйекте қазақстандық мамандарды даярлау үшін жеке меншік IT-мектептерден 3 мың ваучер алу үшін өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі іске қосқан Tech Orda ІТ-мамандықтарын оқытуды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде мүмкін болады.
«Tech Orda бағдарламасы Үкіметтің алдына 2025 жылға дейін кемінде 100 мың білікті IT кадр дайындау міндеті қойылған Президенттің 2021 жылғы Жолдауын орындау шеңберінде іске асырылуда. Tech Orda бағдарламасы алғашқы легінің қорытындысы бойынша 2021 жылы 13 жеке IT-мектеп қаржыландырылып, 100 студент оқудан өтті. Әр студентке қаржыландыру сомасы 600 мың теңгені құрады», делінген ведомство хабарламасында.
Биыл IT-мамандықтарды оқыту үшін осындай соманы 3 мың қазақстандық ала алады. 2025 жылға дейін Tech Orda бағдарламасы бойынша IT-мектептерде 20 мың студентті оқыту жоспарлануда.
«Tech Orda бағдарламасы арқылы қазақстандықтардың жеке бағдарламалау мектептерінде сапалы тегін IT білім алуға бірегей мүмкіндігі бар. Бізге IT таланттарды дамытып, қазақстандық инновациялар секторын күшейту қажет. Елімізге креативті, ынталы мамандар қажет. Бағдарламаны іске асыру болашақта сапалы жобалар түрінде мультипликативті әсер етеді», дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Бағдарламаға қатысу үшін IT-мектептер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлері тізбесінің 17-тармағына сәйкес Astana Hub қатысушысы болуы керек. Аталған мәртебе IT-мектепке салықтан босатуды және басқа да бірқатар артықшылықты ұсынады.
Мектептер мен курстарды аккредиттеу процесін тәуелсіз комиссия атқарады. 18-45 жас аралығындағы азаматтар 6 ай бойы курсқа қатысып, өз білімдерін жетілдіреді.