Көне дәуір дерегінде Сырдың бойы сән-салтанаты келіскен шаһарларға толы болғаны жазылады. Арнасы сан ауысқан өзен жағалауын жағалай қоныстанған қалалар жайлы сол тұста әлемді кезген жиһанкездерден қалған жазбаларда да мәлімет молынан кездеседі.
Төбешікке айналған бұл шаһарларды археологиялық зерттеу кешегі тоқсаныншы жылдары тоқтап, тек соңғы онжылдықта қайта жаңғыра бастады. Мысалы, облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан бастап Қазалы ауданындағы Жанкент қалашығына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығы археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді. Соңғы жылдары бұл жұмысты Германиядағы неміс гуманитарлық зерттеулер қоры қаржыландырып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Ресейдегі Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты мен Тюбинген университеті әріптестігімен бірлескен үшжылдық жоба аясында біраз жұмыс атқарылды.
Жақында өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте БАҚ өкілдеріне облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысы Ерғазы Алданазаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева, Тюбинген университетінің профессоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харке Жанкент қаласының орнында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының тарихи әрі ғылыми маңызы туралы тарата айтты.
Қазір біраз елде археология саласы бізден көп алға кеткен. Оларда археологиядан бөлек жаратылыстану ғылымдарының әдістері бойынша геофизикалық, геоморфологиялық зерттеу қатар жүреді. Осының арқасында табылған жануарлар сүйегін зерттей отырып, Жанкентте көп ғасыр бұрын алғаш рет мысықтың қолға үйретілгені анықталды. Түрлі заманауи құрал-жабдықтар арқасында қаланың немесе ескерткіштің салынған мерзімін, топырақ қабатынан табылған заттар арқылы сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік ахуалды аңғаруға болады. Үшжылдық жоба біз үшін осынысымен тиімді. Осының арқасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеевтің жетекшілігіндегі археологтер осыған дейін тарихи қалашықта стратиграфиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Жергілікті әкімдік қалашыққа баратын жол салды. Жанкенттің айналасы жөнге келтіріліп, мал аяғы баспайтындай жағдай жасалды.
– Халықаралық экспедицияның осы жолғы жетістігінің орны бөлек. Екі жыл пандемия кесірінен үзіліп қалған бірлескен жоба биыл қайта жалғасып, жақында ғана тарихи қаланың «жасын» анықтадық. Мәдени қабаттарын зерттеу барысында табылған дүниелер бұған дейінгі деректерде ІХ-ХІ ғасырларда бой көтерді делініп келген шаһардың іргесі одан көп ілгері, VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті, – дейді жоба жетекшісі Әзілхан Тәжекеев.
Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Аржанцева әлемдік археология үшін маңызы зор ескерткіштер шоғыры көп елде кездесе бермейтінін айтады. Сырдың бойында Италия, Түркия, Грекия мемлекеттеріндегідей мұра көп болғанымен, жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстары мардымсыз. Әлі де тыңғылықты зерттеу қажет. Осы жолы радиокөміртекті сараптама арқылы Жанкенттің «жасы» жаңарды. Қала орнын қазуда деректер бойынша зерттеліп отырған кезеңдегі оқиғалар мен ескерткіштердің уақытын, өзара хронология арақатынасын белгілеу арқылы жасалған мұндай археологиялық мерзімдеу әдісі еуропалық стандартқа жақындады деуге әбден болады. Жұмыс барысында қаланың «жасына» байланысты 250 дерек жинақталып, зерттелді. Ирина Аржанцева бұрын-соңды тарихи қалаларды қазу барысында мұндай ауқымды археологиялық мерзімдеу кездеспегенін айтып отыр.
Германиядағы Тюбинген университетінің профеcсоры, археология ғылымдарының докторы Генрих Харкенің айтуынша Жанкенттің оғыздар мекені болғаны талассыз. Тарихи қаладағы қазба жұмыстары тереңдеген сайын оның көшпенділердің әдеттегі көп тұрағына ұқсамайтын, ерекше шаһар болғаны анықталып келеді. Қаланың ішкі жобалауы, қыш ыдыстар құрамы Хорезм өркениетін еске түсіреді.
Зерттеу жұмыстарына ғалымдардан бөлек Тюбинген университетінің, Ресейдің жоғары экономика мектебінің, Мәскеу мемлекеттік университетінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қатысып жатыр. Көне қала орнынан табылған жәдігерлер археологиялық зерттеулер зертханасында өңделіп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталады.
Сыр бойындағы асарлар құпиясы да әлі толық ашыла қойған жоқ. Халықаралық археологиялық топ мүшелері егер мүмкіндік туып жатса, алда Жетіасар мәдениетін зерттеуге қызығушылық танытып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА