Ежелгі қоғамға да, қазіргі қоғамға да тән қайшылықтардың бірі – либералдық және дәстүршіл көзқарастарды жақтаушылар арасындағы идеологиялық тартыс. Ғылыми еңбектерде бұл конфронтация әдетте «жаңа – ескі», «модернизм – консерватизм», «реформалар – тоқырау», «өзгерістер мен дәстүрлер», «дәстүрлер мен модернизация» тағы басқа балама сөз тіркестерімен сипатталады. Бірақ қандай тілдік тіркестер қолданылса да, бұл бір жағынан қалыптасқан дағдылар, екінші жағынан оны өзгертуге ұмтылған жаңаның арасындағы қарама-қайшылықты білдіреді.
Қазақстан қоғамында басқа елдердегі сияқты дәстүршілдер де, либералдар да бар. Біздің елімізде бұл екі топтың сандық қатынасы қандай және олардың қайсысы болашақта басымдыққа ие болады деген сұрақ көптеген әлеуметтік зерттеуді қажет етеді. Дінтану бөлімінің жобалары аясында жүзеге асырылған дискурс-талдаудың нәтижелеріне сүйенетін болсақ, қазіргі таңда екі дүниетаным өкілдері жиі пікірталасқа түсіп, қазақстандық бірегейлік пен идеологиялық бағдарлар қандай болу керектігін мүлдем екі түрлі елестетеді. Бұл ахуалды келесі себептермен түсіндіруге болады: біріншіден, тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық сана-сезімнің қайта жандануымен және мәдени сәйкестікті іздеумен байланысты дәстүрлі және кейде діни құндылықтардың өзекті болуы; екіншіден, жаһандық өркениеттің ықпалы мен мәдени интеграциялық үдерістердің нәтижесінен туындаған либералды көзқарастардың дамуы.
Сондай-ақ талдау нәтижелерінен келесі үрдістерді байқаймыз: қазақстандықтар әлеуметтік тәртіп пен ережелерді таңуға бейім келеді, олардан ауытқыған адамдарға сын көзбен қарайды. Дүниетанымдық құндылықтар өлшемі мен сипаты тұрғысынан белгілі бір деңгейде әлеуметтік төзімсіздіктің жоғары екенін айтуға болады.
Қазақстандықтар түрлі идеялар төңірегінде топтасқан. Осыған байланысты мемлекеттілікті күшейтуде азаматтық құндылықтардың белсенділігін арттыру мәселесі алға шығады.
Айкерім АЛТАЙҚЫЗЫ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері