• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Қыркүйек, 2022

Батыста егін бітік

438 рет
көрсетілді

Биыл Батыс Қазақстан облысында егін бітік. Диқандар дәнді дақылдар алқабын жинап бітіруге таяп, майлы дақылдарды оруға кірісті.

Жалпы, облыс бойынша биыл 203,2 мың га алқапқа дәнді дақыл егілген еді. Оның басым бөлігі, яғни 65 пайызы күздік және жаздық бидайға тиесілі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке қарағанда, 12 қыркүйек күні 186 мың га алқаптың егіні орылып, 302 мың тонна астық жиналған екен. Өнім былтырғыға қарағанда екі есеге жуық артық. Егіннің орташа шығымы гектарына 16,2 центнерден айналған. Салыстыра кетсек, былтырғы егіннен небәрі 176,2 мың тонна дән алынған болатын.

Ерекше айта кетерлік жайт – өңірде майлы дақыл өсіруді қолға алған шаруа­шылықтар саны артып келеді. Биыл облыста барлығы 185,6 мың гектарға майлы дақыл егілген. Соның ішінде күнбағыс – 61,5 мың га, мақсары – 123,2 мың га және басқа майлы дақылдар көлемі – 0,9 мың га. Алғашқы мәліметтерге қарағанда, өнім көлемі өте жақсы. Диқандар енді нарықтағы баға лайықты болса екен деп тілеп отыр. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың айтуынша, бүгінгі таңда әлемдік нарықта өсімдік майына, әсіресе күнбағысқа деген сұраныс үлкен. Әдетте бұл сұраныстың едәуір бөлігін Украина қамтамасыз ететін. Елдегі соғыс жағдайына байланысты бұл елдің биыл экспорттық әлеуеті төмен. Қазақстандық шаруалар былтыр күнбағыстың әр тоннасын 280 мың теңгеге дейін сатқан еді. Баға биыл да осы деңгейде болса, жергілікті диқандар үшін өте тиімді болмақ.

Күзгі жиын-терім туралы әңгіме болған соң көкөніс-бақша туралы да айта кетейік. Өңірде биыл 9,4 мың га алқапқа картоп және көкөніс-бақша дақылдары егілген. Оның ішінде: картоп – 4,1 мың, көкөніс дақылдары – 3,8 мың, бақша дақылдары  – 1,5 мың гектар.

– Бүгінге дейін картоп алқабының 31 па­йызы, яғни 1 272 гектары қазылды. Орта есеппен гектарына 133,4 центнер алынуда. Қазір 16 967 тонна картоп жиналды. Ал 3 820 га көкөніс дақылдары алқабының 65%-ынан 40 мың тоннаға жуық өнім алынды. Бақша дақылдарының да 74 пайызы игеріліп, 23 855 тонна өнім алынды. Бұл өнімдердің бір бөлігі сауда сөрелеріне түссе, бір бөлігі қоймаларға сақтау үшін жөнелтіледі, – дейді бізге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев.

Басқарма мәліметіне қарағанда, дәл қазір облыс аумағында астық жинау жұмыстарына және мал азығын дайындауға 4 955 трактор, 940 комбайн және басқа ауыл шаруашылығы техни­калары қатысуда. Диқан қауым­ның алдынан жылда шығатын жанармай тапшылығын болдырмау үшін барынша қам жасалған. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлерді қолдау мақсатында биыл да егін орағына және күзгі дала­лық жұмыстарға деп 14 165 тонна арзан­датылған дизель отыны бөлінген. Оның 5 мың тоннасы – шілде айына, 4 200 тоннасы – тамыз айына, 3 103 тоннасы – қыркүйекке, ал 1 865 тоннасы қазан айы­на жоспарланған екен. Бағасы литріне 195 теңге болатын бұл арзан жанармайды жеткізуші оператор – «Нэфтек» ЖШС. Қазірге дейін шаруашылықтар 6 104 тонна дизельдік отынды пайдаланған, тағы да 875 тонна жанармайдың ақысы төленген.

Әрине, ең бастысы алқаптағы дәнді шашпай-төкпей жинап алу қажет екендігі түсінікті. Облыс аумағында тиісті лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарының саны – жетеу. Олар:

– «Жайық-Астық» ЖШС - 67,0 мың тонна;

– «Переметный элеваторы» ЖШС – 115 мың тонна;

– «Тасқала дән» ЖШС – 48,4 мың тонна;

– «Жайық АҚК» ЖШС – 40,0 мың тонна;

– «Шыңғырлау АҚК» ЖШС – 70,0 мың тонна;

– «Желаев АӨК» АҚ – 150 мың тонна;

– «Орал АӨК» ЖШС – 14,4 мың тонна.

Сонда өңірдегі барлық астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы 504,8 мың тоннаны құрайды. Мұның 191,4 мың тоннасы  қоймада, 313,4 мың тоннасы  элеваторда сақталады.

«Өңірдегі қоймалардың жалпы сыйымдылығы өсірілген дақылдарды өңдеуге және сақтауға жеткілікті», дейді Денис Молдағалиұлы.

Бәйтеректегі еңбек бәйгесі

Батыс Қазақстан облысындағы ең астықты өңір – Бәйтерек ауданы. Қазір мұнда егін жинау науқаны күні-түні жүріп жатыр. Диқан қауымының жыл бойғы жұмысының нәтижесін көрсететін қызыл қырман өңір басшыларының да назарында. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданында егін жинап жатқан шаруашылықтарды аралап, нақты жағдаймен танысқанда бірқатар мәселенің беті ашылды.

Мәселен, Бәйтерек ауданы Атамекен ауылдық округінің аумағындағы «Авангард» ЖШС биыл 30 мың гектар жерге дән сепкен. Оның 5,5 мың гектары – жаздық бидай, 1,5 мыңы – арпа, 2 мыңы – күздік бидай, 7,5 мыңы – күнбағыс, қалғаны – мал азықтық дақылдар. Жоғарыда айтқандай, биыл егіс бітік шыққан, жаздық бидай гектарына – 24, арпа мен күздік бидай  29 центнерден өнім берген. Күнбағысқа орақ енді түседі.

Серіктестік директоры Сергей Их­санов­тың айтуынша, шаруашылық биыл күнбағыстың жеті түрін еккен. Арасында Түркиядан, Франциядан әке­лінген тұқымдар да бар. Әрине, санға емес, сапаға мән берген өте дұрыс. Ғ.Есқалиев мемлекет бидай мен майлы дақылдарды сатып алу бағасын белгілеу кезінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесі ескерілетінін айтты. Сондай-ақ өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандырудың да ең тиімді жолы  жергілікті шаруаларды қолдау екені сөзсіз. Бұл бағытта мемлекет тарапынан егін, көкөніс, бақша дақылдарын өсіретіндерге қолдау шаралары артып келеді. Өнімді өткізу, арадағы делдалдарды азайту және өзге де түйткілдерді шешу – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі.

Бәйтерек ауданы Шалғай ауылдық округіндегі «Пермский» серіктестігі де биыл бидайдан былтырғымен салыс­тыр­ғанда үш есе артық өнім жинауда. Шаруашылық басшысы Александр Недопекиннің сөзіне қарағанда, бұл жетістік – жаңа технологияны кеңінен қолданғанның нәтижесі.

Қараңыз, шаруашылықтың техника­лық паркі негізінен су жаңа «Джон дир» ке­шендерінен тұрады. Егіс алқабында жүр­ген 20 техниканың барлығы дерлік жаңа. Жалпы, Бәйтерек ауданында егін жинау және күзгі далалық жұмыстарда

1 652 техника жүрсе, соның 107-сі «Джон дир», «Класс» секілді комбайндар екен. Былтыр бәйтеректік шаруалар 117 жаңа техника сатып алған. Бұл үрдіс биыл да жалғасқан. Шаруашылықта комбайншы – ең табысы көп, құрметке ие мамандық иесі саналады. Үздік комбайншылардың айлық табысы науқан кезінде 1 млн теңгеден асып кетеді.

Мичурин ауылдық округі аумағын­дағы «МарЭль» шаруа қожалығы негізі­нен майлы дақылдар егеді. Олар биыл мақсарыны 2,2 мың, күнбағысты 6 мың гектарға еккен. Қожалық жетекшісі Марат Асанов мақсары дақылын төрт жылдан бері егіп жүргенін, оның ыстыққа төзімді екенін, арам шөпке бой бермейтінін және ең бастысы, нарықта оған деген сұраныс жоғары екенін айтады. Былтыр мақсары гектарынан 6-8 центнер алынса, биыл бірінші күннің өзінде 18 центнерге дейін өнім берген. «Бұл дақыл, әсіресе Түркия мен Қытай елдерінде сұранысқа ие. Былтыр жыл соңында мақсарының әр тоннасы 200 мың теңгеге дейін бағаланған. Биыл да құны түсе қоймас», дейді шаруашылық жетекшісі.

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов аудан диқандары осы мақ­сарыны көбірек егуге ден қойып жатқанын атап өтті. Биыл ауданда мақсары алқабы 48,2 мың гектар бол­ған. Әзірге гектарынан орта есеппен 12 центнер өнім алынуда. «Біздің ірі ша­руа­шы­лықтарымыз елді мекенге жа­қын орна­ласқан бидай алқабының айна­­ласы­на мақсары егеді. Бұл өсімдік­тің жа­пы­рағы мен сабағы тікенді болған­дық­тан, оны мал жемейді, айналып өтеді. Сөй­тіп бұл мақсары өнім ретінде ғана емес, алқап­тардың қорғаны ретінде де пайдасын тигізіп тұр»,  дейді Марат Лұқпанұлы.

Өңір басшысы Ғ.Есқалиев мақсары­дан алынатын майдың сапасы жоғары екенін айтып, мақсары дәнін облыс аумағында өңдеу қажеттілігіне назар аударды.

– Батыс Қазақстан облысында мақ­сары өсіру көлемі жыл сайын артып келе­ді. Былтыр 80 мың гектар болса, биыл ол 123 мыңға жетті. Яғни біз енді мақ­­сары майын өзімізде өндіруді ойлауы­мыз керек. Мысалы, Жамбыл облысын­да ирандықтар мақсары майын өндіре­тін цех ашты. Оған мемлекет тарапы­нан қолдау көрсетілді. Сондықтан біздің кә­сіп­керлер де Жамбыл облысына барып, осы бағыттағы жұмыстармен танысып кел­гені жөн. Облыс басшылығы тарапы­нан қолдау шараларын біз қолға аламыз. Жалпы, мақсары майы зәйтүн (оливка) майына ұқсайды, құрамында холесте­ри­ні аз. Егер бұл жоба іске асса, ол өзін ақ­тауы керек. Жалпы, осы мәселені ойластыр­ғанымыз жөн, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Өңірде егін орағы жалғасуда. Сондай-ақ келер жылға да қам жасалып жатыр. 2023 жылдың өнімі үшін биыл 89,5 мың га күздік дәнді дақыл егу жоспарланған еді. Оның ішінде күздік бидай – 79,0 мың га, күздік қара бидай – 10,5 мың га болмақ. Аудан­дардан алынған жедел ақпаратқа қара­ғанда, қазірдің өзінде облыста 58,9 мың га (66%) күздік дәнді дақыл егіліп үлге­ріп­ті. Мұның 56,1 мың гектары – күздік бидай, 2,8 мың гектары – күздік қара бидай.

 

Батыс Қазақстан облысы