Өзгенің «өрмекші адамы» мен «тасбақа батырларын», «Маша мен аюды» пір тұтып өсіп келе жатқан қара көз құлыншақтарымыз қазақтың қаһармандарымен қауышар күн болар ма екен деп жүр едік. Қалауымыз табылып, орындалатын секілді. Қазақ аңыздарының белді кейіпкері, күлкі мен тапқырлықтың түп атасы Алдар-Көсе жайлы отыз сериялы алғашқы қазақ мультфильмі дүниеге келді. Және де бұл – жалғыз жаңалық емес! «Тағы айтарым тағы бар» дегендей, осы игі істің ұйытқысы Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы мұнымен қатар әрқайсысы 16 сағаттық «Асыл сөз», «Шәкірттерге шашу» атты қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінен құралған аудио кітаптар шығарып үлгерді. Менің айтайын дегенім, осымен тоқтап қалмай, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, ертегілерден балаларға неге базарлық әзірлемеске?! Өзіміздің пір тұтарлық батырларымыз, аңыз-ертегілеріміз жетерлік. Қазақ фольклоры қазір өсіп-өркендеудің ең биік сатысында тұрмағанмен, ұлан-ғайыр әлеуметтік жүк арқалауда. Ұлттың рухани болмысын, мінез-сипатын, тұрмыс-тіршілігін әлі сол фольклор арқылы айна-қатесіз танимыз. Еліміздің тәрбиелік, эстетикалық, адамгершілік мұраттарының айқын айғағы, рухани өлшемі де сол фольклордан бастау алады.
«Ер-Тарғын», «Қыз Жібек», «Алпамыс», «Бозжігіт», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат» т.б. жыр-дастандар дүркін-дүркін қайта басылып шығуда. Осы тұрғыдан алғанда, ауыз әдебиетінің халықтық сипаты, ең алдымен, оның «халық психологиясын», «халықтың арман-мүддесін, тілегін» қалай суреттеп көрсеткендігіне байланысты деп түсінуіміз керек. Көптеген фольклоршы ғалымдарымыздың ел аузынан ерінбей жазып алған алтын мұраларды сақтап қалуға міндеттіміз. Өйткені, кейінгі жеткіншектердің құлағына құйылып үлгермеген қаншама жыр-дастандар, ертегілер бар?!
Мәшһүр-Жүсіптің ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған еңбегін қарастырғанда, алдымен оның сол туындыларды қаншалық көлемде әзірлегенін анықтау парыз. Сөз жоқ, Мәшһүр-Жүсіп жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінің көбі әлі толық баспа бетін көрді деп айту қиын. Сондықтан ҰҒА-ның қолжазба қорында тағы да басқа сақталған материалдарға сүйене отырып, алғашкы мағлұматты жинақтап айтуға болады. Мәселен, Мәшһүр-Жүсіп жазбаларында тұрмыс-салт жырларының отыз шақты түрі, аңыз-әңгімелердің екі жүздей үлгісі, ертегінің шамамен он шақты, жырдың төрт үлгісі, қисса-дастанның он бірі, жаңылтпаштың екі-үш беттік көлемі, жұмбақтың қара сөзі мен өлең түріндегі елу шақты үлгісі, мақал-мәтелдердің екі жарым мың жылдық мөлшері, ақындар айтысының жиырма бес нұсқасы, отыз шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары, т. б. орын алған.
Қорыта келе айтарым, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылар ұсынған үлгілерді мультфильм ретінде балаларға ұсынса деген ой келеді. Балаларымызды өзіміздің ұлттық ертегілермен тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді.
Жанар АЛТАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Павлодар облысы,
Қашыр ауданы.