• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Қыркүйек, 2022

Борышкерлерге жеңілдік қарастырылмақ

127 рет
көрсетілді

«Aq jol» партиясының мүшелері азаматтардың «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және азаматтардың банкроттығы туралы» заң жобасын талқылады. Заң бойынша борышкер банкроттыққа ұшырағаннан кейін баспанасынан айырыла ма? Қайта несие ала ала ма? Ақжолдықтар осы секілді сауалдарды құзырлы органдарға жолдап, ұсыныстарын жеткізді.

Отырыста «Aq jol» демократиялық партиясының төрағасы, депутат Азат Перуашев «Ел тұрғындары әділетті мемлекетте тұрып жатқанын сезінуі керек» деген пікірін білдірді. Осы орайда ақжолдықтар кәсібінің нәсібін көре алмай, қарызға батқандарды, өзге де борышкерлерді одан әрі қажыта бермей, оларды тығырықтан шығару жолдарын ұсынды. Ол үшін заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізу қажет деп санайды партия мүшелері.

Азат Перуашев «Aq jol» партиясының бұл істі 2015 жылы қолға алып, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындап қойғанын жеткізді. Алайда ол билік тарапынан қолдау таппаған. «Өкінішке қарай, ол кезде Үкімет бұған жол бермеді. Өз жауабында Қаржы министрлігі Үкімет атынан осы бағыттағы бөлек арнайы заң жобасын дайындайтындары туралы жауап берді. 2017 жылға дейінгі мұндай заң жобасы дайындалған, бірақ енгізілген жоқ. Біз мәселенің жыл сайын өзектілігі арта берген соң, өзіміздің жаңа заң жобамызды ұсынғанбыз. Үкімет пен Ұлттық банк тағы да бұған қарсы шықты. Ақыры бұл проблема Мемлекет басшысына жетіп, Президент тарапынан нақты тапсырма түсті. Былтырдан бастап «Aq jol» депутаттары, мемлекеттік, жергілікті органдар бұл жұмысқа белсенді түрде кірісіп, ұсыныстарын енгізген болатын. Соңғы рет Қаржы министрлігімен заң жобасын талқылағанымызда бір ғана мәселе бо­йынша келіспеушілік болды. Банкроттыққа ұшыраған азаматтардың әлеуметтік кепілдігі туралы ортақ пікірге келе алған жоқпыз», деді А.Перуашев.

Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов аталған заң жобасы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленгенін жеткізді. Айтуынша, заңнама аясында үш түрлі рәсім енгізу ұсынылып отыр. «Заң жобасының әзірлену себебі халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпашылығы және азаматтардың едәуір бөлігі өздерінің қаржылық жағдайларының нашарлауымен бетпе-бет келуі болып табылады. Бүгінгі таңда 1 300 000 адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған. Заң шеңберінде соттан тыс банкроттық процедураға 1600 АЕК-ке дейін қарыз болған азаматтар қатыса алады. Бұл 4 миллион 900 мың теңгені құрайды. Бұған банктер мен микроқаржылық ұйымдар, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарызы бар азаматтар енеді. Екіншіден, ресми табысы жоқ болса немесе кірісі борышкерлердің өзіне және асырауындағы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі (36 018 т) мөлшерінен аспайтын борышкерлер қатыса алады. Бұл ретте борышкерлерде мүлік болмауы керек, деді Е.Біржанов.

Борышкердің жалғыз баспанасы болса, ол банкроттыққа ұшырағаннан кейін үйінен айырыла ма? Қайта несие алуы мүмкін бе? Партия өкілдерінің бұл сұрақ­тарына Қаржы вице-министрі: «Егер борыш­кердің тұрғын үйі банктен ипотекаға алынған болса өндіріп алуға жатады. Соны­мен қатар банкроттыққа ұшыраған адамға кредит алуға 5 жылға дейін шектеу қою заңнама жобасында бар», деп жауап берді.

Партия өкілдерінің айтуынша, аталмыш заң жобасында даулы тұстар көп. Соның бірі – әлеуметтік қорғау. «Заң жобасында егер борышкердің баспанасы кепілде тұрса, өндіріп алуға жататыны айтылған. «Aq jol» фракциясы борышкердің мүлкі кепілде тұрғанмен, оны санитарлық нормаға сай талаптар бойынша баспанамен қаптамасыз ету керектігін ұсынып отыр. Одан бөлек, сотқа дейінгі борышкерлікті тануға банктер алдындағы қарызын 12 ай көлемінде өтемеген азаматтар жатады. Біз бұл мерзімді 6 айға дейін қысқартуды ұсынамыз. Борышкер 6 айда шағын несиесін өтей алмаса, қалған 6 айда да оны өтейтініне күмәніміз бар», деді Дания Еспаева.

Жиын соңында «Aq jol» басшысы Азат Перуашев егер азаматтар боры­шының бір бөлігін төлесе, онда оған тиісінше түсіністікпен қарау керектігін алға тартты. Өйткені бұл мәселе бүгінгі қоғамда аса өзекті, тіпті соңғы жылдары несиелік борышын өтей алмаған ел азаматтарының трагедиялық жағдайға дейін жетіп жатқаны белгілі емес. «Бұл тығы­рыққа тірелген төлем қабілетіне қатысты мәселеде ғана емес, салықтық ауыртпалықты қысқартуға да қатысты», деді «Aq jol» партиясының мүшесі, депутат Дания Еспаева. Ал «Aq jol»-дың қосқан үлесін партия төрағасы: «Сақтан­дыру қызметі туралы заң жобасын тал­қылау аясында бастама көтеріп, Ұлттық банктің келісімімен шағын несие беретін ұйымдарға шектен тыс пайыздарды үстемелеуге шектеу қоюға қол жеткіздік. Оған қоса, төлем қабілеттілігінің нашар­лығы анықталған бойда несие беруші салық төлеушінің жағдайы жақсартатын шарттарды қабылдауға міндеттедік», деп атап өтті.