Үкімет Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын және 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын бекітті. Алдағы уақытта осы екі саланы дамыту төңірегінде арнайы іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаевтың қатысуымен өткен брифингтер барысында, міне, осы төңіректе әңгіме қозғалды.
Бес өңір – бес кластер
Туризм саласын дамытуға арналған тұжырымдамаға сәйкес, елімізде 5 туристік кластерді дамыту көзделіп отыр. Олар Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерін қамтитын болады. Бұл туралы Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев жан-жақты әңгімелеп берді. Мәселен, Н.Сауранбаевтың айтуынша, Астана іскерлік туризм орталығы болып саналатындықтан, бұл бағытта Бурабай ұлттық жобасын жүзеге асыру қарастырылып, осының негізінде Қазақстан Үкіметі Шучье-Бурабай курорттық аймағының 2014-2016 жылдарға арналған даму жоспарының екінші кезеңін бекітіпті. «Ал Алматы – іскерлік және халықаралық туризм орталығы. Бұл ретте, Оңтүстік Қаскелең және Көкжайлау таң шаңғы курорттары ұлттық жобаларын жүзеге асыру көзделуде. Шығыс Қазақстан – экологиялық туризмді дамытудың бірден-бір орталығы. Бұл бағытта Бұқтырма және Катонқарағай ұлттық жобалары іске асырылатын болады. Оңтүстік Қазақстан – мәдени туризм орталығы. Батыс Қазақстан – мәдени және жағажай туризмінің орталығы. Бұл бағытта Кендірлі ұлттық жобасын жүзеге асыру қарастырылған», деді бұл орайда вице-министр.
Н.Сауранбаевтың айтуынша, бұл тұжырымдама аясында елдің ішкі жалпы өніміндегі туризм саласының үлесін көбейту, жаңа, тұрақты жұмыс орындарын ашу және олардың санын бірнеше есеге арттыру көзделетін болады. Мәселен, еліміз осы 5 туристік кластерде қамтылған барлық жобаларды жүзеге асыру арқылы бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізбек екен. «Яғни біз қолға алған жобаларды жүзеге асыру аясында елдің ішкі жалпы өніміндегі туризм саласы үлесін 3 пайызға көбейту, тұрақты жұмыс орындары санын 234 мыңға жеткізу, туристік ағын көрсеткішін 8,5 млн.-ға арттыру, туристік қызметтен түсетін кіріс көзін 10,2 млрд. АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр», деді өз сөзінде вице-министр.
Брифинг барысында еліміздің туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес бірқатар мәселелерге қатысты нормативтік базаға өзгерістер енгізу де қарастырылатыны айтылды. «Олар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдер арасындағы визалық режімді алып тастау, арнайы туристік аймақтар құру, ішкі туризмге арналған туристік сертификаттарды енгізу, ішкі тасымалдаулар нарығын дамытуды және ішкі авиабағыттарға субсидия бөлуді қамтамасыз ету. Яғни алдағы уақытта нормативтік базаға бұл бағыттар бойынша қажетті өзгерістер енгізілетін болады», деді Н.Сауранбаев.
Байланыс беки бермек
Үкімет бекіткен 2015-2019 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен тиісті қаржы-қаражат та қарастырылып қойыпты. Дәлірек айтсақ, 119 млрд. теңге. Бұған қоса, дәл осы жылдар аралығында ірі жекеменшік және ұлттық компанияларға құйылатын инвестиция көлемі 900 млрд. теңгені құрамақ. «Бұл бағдарлама аясында алдағы уақытта геологиялық барлау саласындағы бірқатар күрделі мәселелерді шешу жоспарланып отыр. Мәселен, олар қолданбалы геология ғылымын дамыту, геология саласына қажетті мамандарды дайындау, геологиялық барлауға инвестиция тарту, халықаралық стандарттарды енгізу, жер қойнауына мемлекеттік геологиялық тұрғыда зерттеу жүргізу аясында әлемнің жетекші компанияларымен мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын ашу арқылы Қазақстанның минералды-шикізаттық базасын нығайту, мұнай-газ ұңғымаларындағы апаттарды жою сынды көптеген бағыттарды қамтиды. Сондай-ақ, бағдарлама негізінде Зырян, Риддер секілді моноқалалар маңындағы аудандарға геологиялық зерттеу жүргізу жұмыстары белсенді іске асырылатын болады», деді бұл мәселе төңірегінде Н.Сауранбаев.
Бір айта кетерлігі, бұл саланы дамыту бағытында бірқатар шетелдік компаниялармен әріптестік байланыс орнығып келеді екен. Оған австралиялық-британдық «Рио Тинто» концернімен, кореялық «KORES» ұлттық компаниясымен, австралиялық «Iluka Resources Limited» компаниясымен арадағы ынтымақтастық дәлел бола алады. Брифинг кезінде бұл жөнінде осы компаниялардың өкілдері айтып берді. Мәселен, 2014 жылдың маусым айында «Қазгеология» АҚ пен «Рио Тинто» австралиялық-британдық концерні озық технологиялар мен әдістерді пайдалана отырып, Қарағанды облысында дала жұмыстарын бастайтын көрінеді. «Рио Тинто» концернінің геологиялық барлауға бастапқы инвестициялар мөлшері 2,73 млрд. теңгені құрайды», деді өз сөзінде аталған компанияның Орталық Азия бойынша геологиялық барлау операцияларының директоры Гари Ходгкинсон.
Ал кореялық «KORES» компаниясы мен «Қазгеология» АҚ Қарағанды облысындағы Дүйсенбай учаскесінде полиметалдарды барлау бойынша келісімге қол қойған екен. Бұл компанияның бас директоры Ко Джонг Сик өз сөзінде Корея Республикасы мен Қазақстан арасында геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, табиғи ресурстар бағыты бойынша әріптестіктің негізі қаланғанын айта келе, «KORES» компаниясының ең аз инвестициялар сомасы 364 млн. теңгені құрайтынын айтып өтті. Брифингте сөз алған австралиялық «Iluka Resources Limited» компаниясының өкілі биылғы жылы аталған компанияның Солтүстік Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізетініне тоқталды. Оның айтуынша, «Iluka Resources Limited»-тің геологиялық барлауға бөлетін инвестиция мөлшері шамамен 1 млрд. теңгені құрайды.
Брифинг соңында Н.Сауранбаев бұл саладағы жұмыстар тек мұнымен шектелмейтінін, мәселен, қазіргі уақытта «Қазгеология» АҚ пен «Назарбаев Университеті» Қазақстанның Геологиялық зерттеулер орталығын құру жөніндегі арнайы жобаны әзірлеп жатқанын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».