Түркістан облысы аумағында 838 ауылдық елді мекен бар. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау ақпараты нәтижелері бойынша 642 елді мекендегі 1 753 012 тұрғын сапалы интернетпен қамтылған, бұл – жалпы облыc халқының 73,7 пайызы. Сондай-ақ өңірдегі 441 129 оқушы 3G және 4G мобильді желісімен, 123 ауылдық елді мекенде 63 мыңға жуық оқушы 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.
Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтың айтуынша, биыл өңірде 152 ауылды сапалы интернетпен қамту жоспарланып, оның 51-інде жаңа базалық станса іске қосылған. Қалған 101 елді мекен жыл соңына дейін интернетпен қамтылады. Кей аудандарда ғаламтор сапасы нашар. Ол жөнінде облыс әкімінің есептік кездесулерінде аудан тұрғындары тарапынан айтылған. Бұл орайда облыс әкімі әрбір аудан, ауылдағы байланыс сапасы назарға алынуы қажеттігін айтты.
«Жылдам ғаламтормен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуға тиіс. Жыл соңына дейін жоспардағы 100-ден астам елді мекенді интернетпен қамту жұмыстары толық атқарылсын», деді Дархан Сатыбалды аппарат отырысында.
Өңірде «250+» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 129 елді мекенде мобильдік интернет сапасы артқан. МЖӘ жобасы аясында 376 елді мекен талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді. Елімізде алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикалы желісін пайдалану іске асырылды. Өткен жылы 82 ауыл интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосылды. Қазір осы 82 ауылдың тұрғындары, яғни 6 мыңға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет пайдалануда.
Айта кетелік, облыс аумағындағы ауылдық жерлерді ғаламтормен қамту мен цифрландыру бағытына былтыр 34 млрд теңге жұмсалса, 2022 жылы 17,5 млрд теңге бөлініп отыр. Ал 2025 жылға дейін бұл мақсатқа 225 млрд теңге қарастырылған.
Түркістан облысы