Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Күй» поэмасында ғаламат тылсым күш бар. «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы» деп басталмаушы ма еді шығарма?! Автордың ақындық қуатын, өлең өлкесіндегі, өлкесіндегі емес, жыр қағанатындағы кемел даусы мен шеберлігін термелеп жатпаймыз. Себебі одан кейінгі қазақ поэзиясы осы Ілияс, Мағжан, Сәкендерге қарап бой түзегенін аңғару қиын емес. Тіпті солар бастап жазып кеткен ұлттық тақырыптарды басқа қырынан толғап, жаңаша жырлауға тырысқаны байқалады. Айтпағымыз, Ілиястың «Күй» шығармасының терең емеуріні мен астарында.
Поэма тау суындай сарқыраған ғажап бір тасқынмен, үлкен екпінмен басталады ғой. Сол екпіндеткен дауыста өкініш те жоқ емес. Алғашқы шумағының өзінде «қазақта қобызшының қалғаны сол» дейді. Молықбай аталарынан бастап қобызшы ғана емес, ақын, жырау, бақсы, емшілік қасиеттері де жоғары болған. Кісі көзімен көрмесе, құлақпен естіп сенбейтін небір сұмдықтарды бойына сіңірген бұлар қазақ даласының қасиеті мен киесін, ескі жады мен күллі тылсым құпиясын кейінгіге жеткізушілер еді. Ілияс пен ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов Молықбай қобызшыны еліне іздеп барып, шығармашылығына арқау еткені тегін дейсіз бе? Біз тілге тиек етіп отырған поэмадан бөлек, ақын Молықбай мұрасына дендеп бас қойған, ол тартатын күйлерді түгендеп, атын атап, түрін түстегенін білеміз. Қасиетті даланың қастерлі ұлы – сол Молықбайды, молықбайларды тұншықтырып, құртуға айналғанын ақын күні бұрын сезіп-білгендей көрінеді поэмадан. Олай дейтініміз, қазақ даласында ең бірінші қудаланып, репрессияға ұшырағандар да осы күйшілер. Бұлар ескіні оятып, ежелгі рухты тірілтушілер, анығын айтқанда. Олардың көбін 1930 жылға дейін қырып жібергенге ұқсайды Кеңес билігі. Арқа даласында мұның мысалы көп. 1928-1929 жылдары сұраусыз атып кете берген домбырашы, күйшілерді. Арқада сол күйшілер арасынан Алла сақтап, аман қалғандардың арасынан кейінге жеткені Әбікен Хасенұлы сияқты бірді-екілісі ғана. Денін 30-шы жылға дейін атып тастаған. Аталған поэманың кейіпкері Молықбай қобызшы да сол 30-жылдан әрі аспаған.
Күйшілер деп жалпы атағанымызбен, бұлардың көбіне күйшілікпен қатар даланың небір тылсым қасиеттері қонған, асыл рухты өзінен кейінгіге жалғастырушы, Тәңірінің ерекше жаратқан адамдары. Халықтың қасиетін сақтаушылар. Оны мына поэмадан да көруге болады. «Жайлауда ала қарлы Амантекше, қарлатып, жаңбырлатып, нөсер төксе, тоқсыртып кәрі аршаны от маздатқан, шал үйін сағынушы ек біз ерекше», дейді автор. Демек, балалар жиі соғып, Молықбайдың күйі мен әңгімесін тыңдап тұрған. Бұл және қазақ даласында ежелден бар үрдіс болса керек. Сол арқылы тәрбиеленген, рух көтерген, таным-түйсігі қалыптасқанын аңғарамыз қазақ баласының. Ол одан кейін Кеңес өкіметіне қып-қызыл «кедергі» болмай қайтсін?
Автор поэманың басында-ақ Молықбайды ерекше шабытпен, буырқанған күшпен жырлап, аса ыждағаттылықпен таныстырады. «Қобызшы ол «Көк көбікті» күрілдеткен» деп күйшінің қобызшылығы мен тартқан күйлерін қайта-қайта қайталап, оқырманның жадына берік тоқуға ұмтылады. Поэманың бірінші бөлімінен бесінші бөліміне дейін туынды күйдің ырғағымен, тылсым күшпен жазылғаны сезіледі. Кей тұстарында, әсіресе, бірінші бөлімін ынты-шынтысымен оқыған жан беймәлім бір сарындардан хабар келгендей тұшынуы бек мүмкін. Музыка тілі, қобыздың үні түрткілейді түйсікті. Екінші бөлімінде күйші балаларға «Бозінген» күйінің аңызын әңгімелейді. Күймен бірге бақсының жанында әдебиет те өмір сүріп, жас балалардың жадына көшіп отырған деген сөз. Бұл «Бозінген» күйінің аңызына Ілияс Жансүгіров тегін тоқталмайды поэма арасында. Онда «бай бопты Бағлан атты» деп, байдың түйесін баққан Қаусылғазының есіміне дейін атап, көшіп-қонып жүрген жеріне шейін түгендеп жеткізеді. Сөйтеді де көп түйе арасындағы боз тайлақтың қасиетін айтып, соны қайыту жолында бақсы ойнатқанына тоқталады. «Бақсы ойнап күңірентсе де қобыз үнін, Қойқаптан қозғағанда Қорқыт жынын» деп қазақ даласында қобызшылық пен бақсылық Қорқыт заманынан бері келе жатқанын аңғартып өтеді. Осындағы бозінгеннің аңызы қазақ сахарасында қанша шығармаға арқау болмады? Мұны бірінші болып хатқа жазған Ілияс та емес шығар, мүмкін сол кісі шығар. Әңгіме – ел ішінде аңыздың неше тарау болып түрленіп, көшуінде. Кез келген шығарма, мейлі ол күй, мейлі өлең, басқа болсын, ол аңызымен құдіретті. Құлаққа аңызымен сіңімді, аңызымен сан тарау, мың салалы. Сондығымен де туынды ұлы болмақшы. Соңынан аңыз, әңгіме ермеген ақын мен батыр жоқ. Олай болса, олардың ақындығы да, батырлығы да күмәнді көрінер еді. Сол сияқты осы бозінгеннің аңызы әр шығармада әртүрлі болып түрленіп, уақыттан уақытқа көшіп келеді.
Осылайша, күйдің тылсым құдіреті мен аңызын қатар алып келе жатады да, бел ортадан үзеді автор. Толық суреттеп кетпей, поэманың бесінші, соңғы бөлімінде шығарманың белін күтір еткізіп сындырып, Кеңес заманының үнін кіріктіріп ала жөнеледі. Заман сыры басқаша сипат алып бара жатқанын, оркестр келгенін, Молықбай дәуірінің аттан ауып қалғанын, анығында аттан аударғанын емеурінмен жеткізеді және осы соңғы бөлімде оқиға желісімен бірге шығарманың үн әуезі, күй үніндей үйлескен даусы да кілт үзілгенін аңғарамыз. Сөйтсе де, «Жалғыз үн, жарық қобыз, Молықбай шал тартар ма керек күйді – көкей тескен?..» дейді.
Күйге суарылған, содан өріс алған шығарма күшті, ондағы емеурін одан да тереңірек сезіледі...