Жазушы Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойы туған жерінде шат-шадыман той болып аталып өтті. Күздің ашық күніндегі дүбірлі той облыс орталығында пердесін түрді. Оның ресми бөлігі қаладағы ең үлкен сахна – «Оқушылар сарайында» Астана мен Алматыдан жеткен құрметті делегацияны бастап келген Мемлекет басшысының кеңесшісі Бауыржан Омаровтың Президент Қ.Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып беруімен басталды.
Жаман індеттен бері түрлі тойлар өткізудің өзінен тосырқап қалған халық Сафағаңның мерейтойында ештеңеден жасқанбады, барынша базарлап, республикалық деңгейде өткізілген мәдени шарада көлдей қуанышта болды. Тойға алыс-жақыннан жазушының көзін көрген, бірге қызмет істеген әріптестері, шәкірттері, ол туралы естелік жазған, өлең шығарған ізбасарлары, туған-туысқандары және басқа да зиялы қауым өкілдері келді. Президент кеңесшісі, қаламгер, академик Бауыржан Омаров бастаған делегацияның құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен ақындар Марфуға Айтхожина, Несіпбек Айтұлы, «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов, жазушылар Ахметжан Ашири, Жұмабай Шаштайұлы, Сүлеймен Мәмет, ақындар Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы, ғалымдар Нұрдәулет Ақыш, Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып, әнші Нұрлан Өнербай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары – ақын-жазушылар Әділғазы Қайырбек, Жұмаш Кенебай, Дәулет Сейсенұлы, Толымбек Әбдірайым, Асқар Алтай, Жанбота Айтхожина, т.б. болды. Шараны ұйымдастыруға белсенді еңбек сіңіріп, күндіз-түні тыным таппай шапқылаған жазушының немере інісі, белгілі журналист Сайын Шаймерден екенін айта кетуіміз керек. Осы азаматтың белсенді әрекеті болмаса Қызылжар өңірінде С.Шаймерденовтің 100 жылдығы қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдерінің қатысуымен мұншалықты биік деңгейде аталып өтуі де екіталай еді...
Еске сала кететін болсақ, Сафуан Шаймерденов қазақ руханиятында өзінің қомақты қолтаңбасын қалдырған, атақты жазушы, Мемлекеттік және Бүкілодақтық кәсіподақтар сыйлықтарының лауреаты, «Қазақстанның Халық жазушысы». Студент жастар өмірінен жазылған ең алғашқы «Болашаққа жол» атты романынан бастап оның есімі қалың оқырман арасына кеңінен танылды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бұл шығарма туралы: «Сафуан Шаймерденов – алғашқы туындысымен-ақ көп көңілін бірден өзіне аударды. Ол қазақ әдебиетінің туын алға апаратын кейінгі ұрпақтың алғы сапындағы талант иесі» деп жоғары баға берді.
«Болашаққа жол» көп ұзамай орыс тіліне «Инеш» деген атпен аударылып, орыстілді оқырмандардың да қызығушылығын тудырды. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Сафуан Шаймерденов «Инеш» романында жастар тақырыбына батыл сүңгіп кетті де өз замандастарының рухани өмірін шынайы да, шебер суреттеп бере алды», деп атап өтті.
«Инештен» кейін жазушының идеялық-көркемдік қуаты жоғары «Мезгіл», «Сыбызғы сазы», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал», «Жыл құсы», «Селдің екпіні» атты ондаған повестері жарық көрген. Мемлекеттік сыйлық алған «Әдеби толқындар» мен «Ағалардың алақаны» атты алдыңғы толқын мен замандастары жайлы жоғары эстетикалық талғаммен және шебер тілмен жазылған эсселері де қазақ әдебиетіне олжа салған туындылар. Жазушы балаларға арналған «Жанар мен Данар», «Шалдуар» атты кітаптар да жазған. «Дөкей келе жатыр», «Өкіл әке», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» және т.б. драмалық шығармалары республикалық және облыстық театрларда бірнеше рет қойылған. С.Шаймерденов көркем аударма жанрында да еселі еңбек етіп, сүбелі шығармаларды тәржімалады. Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған. Сондай-ақ Рабиндранат Тагордың «Күйреу», «Алтын сағым», «Гәуірмаһан» атты романдарын шебер аударғаны үшін оған 1982 жылы Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығы берілген. Жазушы «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған және Қызылжар қаласының Құрметті азаматы атағын алған.
С.Шаймерденов қаламгерлік өнерімен қоса жеке басының азаматтық қырлары, берік ұстанған позициясымен де аты шыққан тұлға. Желтоқсан оқиғасынан кейін Г.Колбиннің жазушылармен болған кездесуінде ол жастардың аяусыз жазалағанына ақын Жұбан Молдағалиев екеуі ғана өздерінің ашық қарсылығын айта алған. Сонымен бірге ол Қазақстанда шовинизмнің өршуін батыл айыптады. Қазақтың ұлттық проблемаларының оң шешілуін биліктен ашық талап еткен оның бұдан басқа да батыл сөздері мен істерін жұрт аңыз қылып айтады.
Қызылжардағы мерейтойлық шаралар шу дегенде Сафуан Шаймерденов атындағы қазақ классикалық гимназиясында жазушының қабырғаға орнатылған ескерткіш-тақтасына гүл қоюдан басталды. Осы оқу орны Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бостандықтың ең алғашқы қарлығашы болып бой көтерген. Оған дейін бұл шаһарда қазақ мектебі мүлде болмаған, тек ауыл балаларына арналған шағын мектеп-интернат қана болған еді. Экономикалық дағдарыс жылдарында жаңа мектептің құрылысының тоқтамай, үкіметтен қаражат бөлінуіне жазушы зор үлес қосқанын бұрын жазғанбыз. Қазір қаланың қақ ортасында орналасқан сәулетті ғимарат қазақ тілінің қайнаған ошағы болып бес жүздей жеткіншекті оқытып отыр.
Оқушылар мен мектептің мұғалімдер ұжымы қонақтарды қуанышпен қарсы алды. Өздерінің өнерлерін де көрсетіп, мәртебелі меймандардың көңілін көтерді. Жиналғандар арасынан бірнеше адам сөйлеп, Сафуан Шаймерденовтің шығармашылығы мен қайраткерлігі туралы айтып, оны жасөспірімдерге үлгі етті. Мәселен, белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде өзінің жазушыдан сұхбат алғанын еске алып, оның сырбаз, ішкі мәдениеті жоғары, білімі терең жан екенін алға тартты. «Саф-ағаның жан-дүниесі ұлт ісіне, елге, жерге деген сүйіспеншілікпен аңқып тұратын. Оның рухы жоғары патриоттық сезімі сіздердің бойларыңызға да дарысын», деді Т.Әбдірайым.
Одан әрі мерейтойлық шаралар «Оқушылар сарайында» «Сөз зергері – Сафуан» деген атпен жалғасып, оны облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек ашты. Президенттің құттықтауынан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың да құттықтауы оқылды. Сөз кезегі өзіне тигенде Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Сафуан Шаймерденовтің ұлтымызға сол кездегі орталық билік берген «Қазақ ұлтшылдығы» деген теріс бағаны алдырып тастауға сүбелі үлес қосқанын айтты. «Сафекеңнің бойынан ақсүйек тектілік, бекзадалық, сонымен бірге айбары мен айдыны көрініп тұратын. Ол ұлтымыздың мүддесі таразыға түскен кезде ешқашан тартынып қалған емес», деді ақын. Сонымен бірге ол жазушы туып-өскен облыс орталығында әлі күнге көше атының берілмеуіне өкініш білдірді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожина жазушының жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиеленуіне қатты көңіл бөлгенін еске алды. Ұйғырдың көрнекті жазушысы Ахметжан Ашири өзінің естелігінде СОКП-ның «Қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулысына қарсы шыққан Қазақстан Жазушылар одағының шешімін Г.Колбинге бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде өзінің апарғанын айтты. «Сафекең осы шешімнің қабылдануына белсене араласып, батыл ұсыныстар жасаған еді», деді ол. Сонымен бірге А.Ашири С.Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» деген драмасын ұйғыр тіліне Шайым Шаваев екеуі аударып, оны сахналағандарын еске алды. Айтулы ақын Несіпбек Айтұлы Сафекеңнің ұлтына жасаған қаламгерлік, қайраткерлік еңбегі ұшан-теңіз екенін атай келіп, осы күнге дейін оның ескерткіші орнатылмағанына қынжылыс білдірді. «Желтоқсан оқиғасынан кейінгі кездесуде Г.Колбинге айтқан сөздерінен кейін билік Сафекеңнің есімін ұмыттыруға тырысты, бірақ туған халқы оның бұл ерлігін жоғары бағалады», деді ол. Академик Дихан Қамзабекұлы Сафекеңнің шығармашылығына қысқаша шолу жасап, оның атына заты сай халқына саф алтындай таза көңілмен қызмет еткенін тілге тиек етті. Профессор Тұрсын Жұртбай да жазушының «өзі қандай кербез, сұңғыла болса, шығармашылығы да сондай» деп бағалады. Қоғам қайраткері Сабыр Қасымов та жазушының азаматтық қырларына жоғары баға берді. «Қиын заманда халқы үшін қайыспай тоталитаризмге қарсы тұра білгені – жазушының қаһармандығы», деді ол.
Кеш барысында Сайын Шаймерден құрастырған «Сорайған Солтүстіктің қарағайы» атты қалың жинақтың тұсауы кесілді. Онда Сафуан Шаймерденов туралы алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілерінің, замандастары мен достарының, туыстарының пікірлері топтастырылған. Жиынды қорытындылап сөйлеген Сайын Шаймерден мерейтойды ұйымдастыру жұмыстарының қаншалықты қиындықтармен жүргізілгенін айтып берді. Сонымен қатар ол жергілікті биліктің атақты жазушының атын ұлықтаудағы салғырттығына өкініш білдірді. «С.Біләлов әкім болғанда береміз деген көше атын да әлі күнге бермей, аяқсыз қалдырды, ескерткіш туралы да соны айтуға болады. «Осы жерде С.Шаймерденовке ескерткіш орнатылады» деп жазылған қаратас әлі күнге қозғалмай жатыр», деген ренішін де жеткізді ол.
Осы күні кешке мәртебелі меймандар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрында Сафуан Шаймерденовтің «Дөкей келе жатыр» атты драмасын тамашалады.
Мерейтойлық жиын ертесіне жазушының туған жері – Жамбыл ауданындағы іс-шараларға ұласты. Мұнда қонақтар Сафуан Шаймерденовтің ата-анасы жатқан қорымға зиярат етіп, құран бағыштады, туған үйінің қабырғасына қағылған тақтаның ашылуына қатысты және ашық аспан аясында аудандық өнерпаздардың концерттік және спорттық өнерлерін тамашалады. Осында Сәбит пен Ғабит музейлерінің де экспонаттары әкелініп, көрмеге қойылған екен.
Қонақтар жол-жөнекей 1917 жылы Алаш форумы өткен Әлти қажының қыстауына соғып, салынып жатқан мемориалдық кешеннің құрылысын тамашалады. Кешенді ашу қазан айының ортасына белгіленген.
Сонымен облыс халқын елеңдеткен дүбірлі жиын аяқталды. Оның өтуіне облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Жамбыл ауданының әкімдігі елеулі еңбек сіңіргенін айта кету керек.
Солтүстік Қазақстан облысы