Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғасырлар арасын жалғап тұрған көне жәдігерлер көп. Олардың біразы көне шаһарда әр жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған болса, бірқатары кездейсоқ жағдайда қолға түскен. Солардың бірі – насыбайкелі.
Насыбайкеліні музей қызметкерлеріне Жуалы ауданының тұрғыны өткізген екен. Мамандар келтірген деректерге зер салсақ, жәдігер 1940 жылдары жасалған көрінеді. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына 2005 жылы тапсырылған.
«Насыбайды үгітуге арналған ағаштан жасалған шұңғыл ыдысты Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылының тұрғыны тапсырған болатын. Бұл жәдігер бір қарағанда ожауға ұқсайды. Жиегінің бір бөлігі зақымданған демесеңіз, қалған бөлігі бастапқы қалпынан айнымаған. Насыбайкелінің түбі шұңғыл болып жасалған. Ұстайтын тұтқасы да жалпақ. Сондай-ақ жәдігердің насыбайды ұнтақтайтын қалақшасы да бар. Бұл жәдігерлердің жасалу үлгісіне қарап отырып, сол уақыттағы азаматтардың шын мәнінде шебер болғанына таңданбасқа амалың қалмайды», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.
ТАРАЗ