• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Қазақстандық ғалымды мәскеулік әріптестері Нобель сыйлығына ұсынды

316 рет
көрсетілді

АСТАНА. 15 мамыр. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі, көптеген жаңалықтың авторы Әбдімәлік Әшіровтің соңғы жобасы дүниежүзін таң қалдыруда. Бұл туралы «24kz» хабарлады. Ғалымның бұл жаңалығы бойынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 50 пайызға көтеруге болады.  Нақтылай айтқанда, дәндер қоймаларда биорезонансты жолмен активтендіріледі. Одан кейін кем дегенде 15 күннің ішінде егілуі тиіс. Химиялық қоспаларсыз дәнді дақылдардың өнімділігін 50 пайызға дейін арттыруға бағытталған жоба еліміздің 6 облысы мен Германия, Италия, Түркия, Ресей, Украина, Өзбекстан сынды мемлекеттерді сәтті сыналған. Барлық тәжірибелік егістіктерде 11 дақыл түрі бойынша оң нәтиже көрсеткен. Олардың ішінде бидай, арпа, күріш, картоп және жүгері дақылдары бар. Қазір ғалымның jcs жобасына Үндістан және Вьетнам мемлекеттері қызығушылық танытуда. Ал мәскеулік ғалымдар оны Нобель сыйлығына ұсынып отыр. Техника ғылымдарының докторы, Әбдімәлік Әшіров: «Менің құрал-жабдығым – 8 киллограмдық кейс. Оның ішінде миникомпьютер бар. Біз антеннаны шығарып, тұқымдарға төменгі жиілікті толқындарда ақпарат береміз. Оған 11-ақ минут кетеді. Менің әдісімнің басты ерекшелігі – экологияға зиян келмейді, өнім мутациялық өзгерістерге ұшырамайды. Қазақстанда 12 млн. гектар әр түрлі дақылдарға арналған жер бар. Егер сол алқаптарға менің тәсілімді қолданатын болса, біз 5-6 млн. тонна өсім алуымыз мүмкін. Бұл 12 мемлекетті астықпен тегін қамтамасыз ете аламыз деген сөз», – деді. 1991 жылдан бері күн нұрының құбылыстарына ғылыми зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде ғалым 2004 жылы Әділет министрлігінен патент алыпты. Бірнеше авторлық куәліктер де бар. Мәскеулік ғалымдар бұл жаңалықты Нобель сыйлығына ұсыну керектігін айтыпты. Осыған орай Ә.Әшіров: «Қазақстанда Нобель сыйлығына ғалымдардың сегіз тобы үміткер бола алады. Нобель сыйлығының шарты бойынша үміткер болу үшін қолда жаңалық туралы халықаралық үлгідегі диплом болуы керек. Одан басқа, Нобель сыйлығының екі лауреатының қолдау пікірлері қажет. Бір лауреат бізге өзінің жылы лебізін білдіріп те қойды. Ол физик, сондықтан ғарыш-геофизикалық шамалардың не екендігін жақсы біледі. Екінші лауреат – Үндістанның өкілі. Ол бізді Дели қаласына келіп, өнертабысты көрсетуімізді өтініп жатыр», – деді. Енді жаңа технологияны жасаушылар өз әдістерін бүкіл әлем бойынша шаруа қожалықтарына ендіруді жоспарлауда. Бұл жаңалығының қызығын күллі қазақ халқы көрсе деп армандап, қолындағы патентін өзгеге сатпай отырған патриот ғалым халықаралық дәрежедегі гроссмейстер, әлемнің 4 дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің атасы екенін айта кетейік. Жолдыбай Базар. Дереккөз: «24kz». Фото: «24kz».