Алаштың алтын бесігі саналатын Сыр өңірінде 141 мыңнан аса отбасы бар. Олардың 48 мыңы – көпбалалы шаңырақ. Облыста 17 мыңға жуық ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Тамырын кеңге жайған осындай әулеттер өнегесі жаңа шаңырақ тіктеген кейінгі жастарға үлгі.
«Отбасы күні» аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жарты ғасыр бірге ғұмыр кешіп келе жатқан алтын той иелерімен кездесті. Олардың қатарында еңбегімен абырой биігіне көтерілген әулеттер өкілдері болды.
Өңір басшысы ұлтымызда отбасы ұғымының орны бөлек екенін атап өтіп, шаңырақ шаттығын бәрінен биік қойған жандарға құрмет танытты.
– Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген керемет сөз бар. Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта – отбасы. Жарасым, сүйіспеншілік, мейірім секілді ізгі қасиеттер арқылы ғана шаңырақ биік құрылып, керегесін кеңейтіп, түтіні түзу ұшады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы Жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз, – деді облыс басшысы.
Қазір өңірде ел тұрмысын жақсарту үшін қолға алынған жобалар көп. Бұл бастамаға жергілікті кәсіпкерлер де үлес қоспақ. Сондай іскер азаматтың бірі облыс орталығынан «Аналар үйін» салуға бел байлап отыр.
Кездесуде берекелі шаңырақ иелерін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов «Отбасы күнімен» құттықтап, осындай мәуелі баққа айналған әулеттегі шаңырақ жарасымы жастарға үлгі болуы керектігін айтты.
Жиында 7 бала, 20 немере, 5 шөбере тәрбиелеген Файзулла Сахиев пен шаңырағынан 8 бала, 22 немере, 8 шөбере өрбіген Батыр ана, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі мен «Күміс алқа» иегері, сауыншы Разия Аппазова сөз алды.
Соңғы үш жылда өңірде бала туу көрсеткіші 16 пайызға көбейіп, демографиялық өсім артты. Әкіммен әңгімеде осы саладағы мәселелер де айтылды. Арал ауданындағы Сексеуіл кентінің тұрғыны Төлебай Маханов мыңдаған тұрғыны бар елді мекенде перзентхана жоқтығын, аурухана құрылысының ұзаққа созылып кеткенін жеткізді.
Жиналғандар отбасы өнегесі, бала тәрбиесі мен жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау жайында пікір алмасты Алтын той иелеріне жергілікті өнерпаздар жырдан шашу шашып, әулеттің аналарына сый-құрмет көрсетілді.
ҚЫЗЫЛОРДА