Агроөнеркәсіп кешені үшін биылғы жыл оңайға соғып тұрған жоқ. Ауылшаруашылық техникалары мен гербицидтердің құны тым шарықтап кетуі мемлекеттік қолдаудан дәмелі шаруаларды біраз әбігерге салды. Бюджеттен бөлінген инвестсубсидия әуелгі бағамен есептелгеніне байланысты диқандарға шамамен 30 пайыздай демеуқаржы төленбей қалған.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында суармалы жерлер қарқынды дамуда. Аймақтағы егін өсірушілерге Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы үлкен мүмкіндік көзі болып отырғаны сөзсіз. Дегенмен бұл салада да күрмеулі мәселелер аз емес. Өңірдің бір топ шаруашылығы арна бойындағы су сорғыларын электр жарығына қосу үшін техникалық негіздемелерге қол жеткізе алмай жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Өңірге жұмыс сапарымен келіп, фермерлермен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл тұрғыда Экология министрлігімен ақылдаса отырып, диқандарға көмек міндетті түрде көрсетіледі деп уәде берді.
– Өзге алқаптарды ұлғайту туралы да ойластыру керек. Ең бастысы, магистралдық арналардың суы егіс танаптары мен шабындық жерлерге жетуі үшін инженерлік коммуникацияларды тарту қажет. Қарқынды суландыру бойынша бар үміт Павлодар облысына артылады десем, артық болмас. Суармалы алқаптар – отандық ауыл шаруашылығының болашағы. 2030 жылы республика бойынша жаңбырлатып суару жүйесі 750 мың гектарға жетуге тиіс. Бүгін біраз шаруашылықта болып, байқағаным, сіздердегідей әлеуетті су ресурстары және қарқынды суландыруға арналған алаңдар басқа ешбір облыста жоқ. Жергілікті шаруашылықтар қытай, түрік, еуропалық және америкалық өндірістен шыққан суару жүйелерін орнатуда. Бүгінде суармалы технологияны орнататындардың шығыны 50%-ға дейін субсидияланады. Бұл ынталандыруға оң әсер етті, – деді Е.Қарашөкеев.
Павлодарлық фермер Ербол Досыбаев министрге күркетауық етін инвестициялық субсидиялауға қосуды ұсынды. Оның шаруашылығы аталған өнім түрі бойынша болашағы зор жобаны қолға алған. Жақын уақытта отандық күркетауық еті Ресей, Қырғызстан елдеріне шығарылмақ.
Өңірдегі астықты өлкелер – Ертіс, Железин, Ақтоғай, Успен және Тереңкөл аудандарының диқандары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» биыл бидайды форвардық сатып алуда қандай баға белгілейтінін сұрады. Министрдің сөзінше, сапасына байланысты бидайдың тоннасы 121-125 мың теңге аралығында бағаланбақ. Ал қарақұмықтың тоннасын компания 170 мың теңгеден сатып алуға дайын.
Биыл еліміздің диқандары 13,5 млн тоннаға жуық астық жинайды деп болжануда. Қазір егіс танаптарының 70 пайызы орылды, ел бойынша гектарынан орташа өнімділік 12,3 центнерді құрап отыр. Еліміз келесі науқанға дейін астықпен, картоп және майлы дақыл түрлерімен өзін толық қамтамасыз ете алатынына байланысты кейбір өнімге белгіленген экспорттық квоталар алынып тасталды. Алдағы күндері күнбағыс дақылы бойынша шектеу де жойылады. Нәтижесінде, шаруалар өз өнімдерін сыртқа еш кедергісіз шығара алады. Дегенмен, ең бастысы өңірлер өздерінің тұрақтандыру қорларын қамдап алуға тиіс.
Атап өтерлігі, биыл жыл басынан шаруаларға мемлекеттен 450 млрд теңге субсидия төленген. Алайда техника мен гербицид құнының шарықтап кетуіне байланысты кейбір шаруашылықтар демеуқаржыны жеткілікті мөлшерде ала алмай қалды. Бұл үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Е.Қарашөкеев фермерлер тарапынан көтерілген жайылым тапшылығы, жаңа өнімге баға белгілеу, экспортты қолдау, кооперативтерді субсидиялау және тағы басқа мәселелерге орнықты жауап беріп, кейбір түйткілдерді жеке назарына алатынына уәде берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2023 жылдары елімізде тиімсіз пайдаланылып отырған 10 млн гектар жер ортақ игілікке қайтарылуы керек. Бүгінде жалпы көлемі 3,5 млн гектар бос жатқан жер мемлекет меншігіне өткен.
Жалпы, отандық агроөнеркәсіп кешені жылдың алғашқы 8 айында 4,3 пайыз өсім көрсетіп, соның ішінде өсімдік шаруашылығының өндірісі 10,5 пайызға ұлғайған.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы