• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2014

Жинақтау жүйесіне жылы қабақ танытушылар көбейіп келеді

398 рет
көрсетілді

Бүгінде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, білім беру депозиті және мемлекеттің қолдауымен келешекте жоғары білім алуға қаражат жинау туралы жұрт арасында жиі айтылып, ақпарат құралдарында жазылып жүр. Бұл қандай жүйе, оның мақсаты неде? Осы жөнінде толығырақ мәлімет беру үшін Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының президенті Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Иә, 2013 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Мем­лекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) туралы заң қабылданды. Қазірге дейін оны іске асыру жолында біраз жұмыстар жүргізілді. Сөзім дәлелді шықсын, мысалға жүгінейік. Бірқатар екінші деңгейлі банктермен, атап айтсақ: «Темір банк», «БТА банк» және «Халық банкімен» келісімдер жасалды. Келешекте білім алу үшін қаражат жинақтауға қажет депозиттер ашылып жатыр. Бұған қоса, қазір тағы бірнеше банкпен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ел дамуы, Қазақстанның өркендеуі білім мен білікке тәуелді десем артық айтқандық болмас. Бұл жөнінде Елбасымыз өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: «Жиырма бірінші ғасырдағы дамыған ел бұл –жоғары білімді азаматтар» деп, ерекше атап өткен болатын. Халықтың білімін, тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру деңгейін көтеру мемлекеттің басты мақсат, міндеті десе болады. Жалпы, аталмыш жүйе қазақстандықтардың білімге қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалған. Бұл қадам жан-жақты ойластырылып және шетелдердегі сәтті тәжірибелер негізін ала отырып әзірленді. Мәселен, жинақ шоттары Бельгия, Канада, Малайзия, Нидерланды, АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Испания және Швеция сияқты елдерде жемісін беріп отыр. – Рамазан Сиқымұлы, бұл жүйенің басқа жинақ түрлерінен айырмашылығы неде? – Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі Қазақстанның барлық азаматтары өзінің, не баласының атына елдегі екінші деңгейлі банктерінен ұзақ мерзімге салым ашып, кейін оны білім алуға пайдалануына болады. Бұл салымның басқа депозиттерден ерекшелігі: біріншіден, оған банктің ай сайынғы сыйақысымен қоса, жыл барысында 5-тен 7 пайызға дейін мемлекет сыйлықақысы төленетіндігінде (20 жылға дейін, бірақ бір жылда 100 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) көп емес). Екіншіден, ол жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіру қорымен қорғалған (5 млн. теңгеге дейін). Үшіншіден, білім беру салымдарының иелері мемлекет сыйлықақысы бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатады. Және жинақталған қаражат оқу үшін төленетін ақының тең жартысын (50%) құраған жағдайда «Қаржы орталығы» АҚ-тың 100% ке­піл­дігімен жеңілдетілген шарт не­гізінде білім беру кредиті беріледі. – Сіздерде жұмыс жүйесінің үйлестірілуі қалай атқарылады? – Жоғарыда атап өткенімдей, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. МБЖЖ-ның ұстанымдарына сәйкес азаматтар мен банктер бұл іске өз еркімен қатысады. Бірден айтайын, ешкімге үстемдік жасалмайды. Бүгінгі таңда біз «Темір банк», «БТА банк» және «Халық банкімен» келісім жасасып, тығыз жұмыс істеп жатқанымызды алда айттым. Жақын болашақта бұл жұмыстың аясын кеңейтіп, банктердің қатарын көбейтуді жос­парлап отырмыз. Мысалы, жақында «Нұр банк» АҚ-пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ақпараттық жүйелерді техни­калық біріктіру тетіктері әзір­ленді. «Цесна банк» АҚ-ымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға дайынбыз деуге болады. «АТФ банк» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ және «Қазкоммерцбанк» АҚ-дан МБЖЖ-ға қатысуға алдын ала келісімі алынды. Бұл ретте, салым ашамын деген азаматқа қалаған банкті таңдау құқығы беріледі. Және де Қазақстан Рес­пуб­ликасының кез келген азаматы жас ерекшелігіне қарамастан са­лымшы бола алады. Алдымен, жүйеге қатысушы банкпен мем­лекеттік білім беру жинақтау салы­мы туралы шарт жасасып, есеп-шот ашады. Назарға саларым, білім беру жинақтау салымына жарна енгі­зу­шілер қатарына шек қойыл­май­ды. Яғни, оған салым­ның иесі де, оның туыстары да, жақын-жа­ран, дос­тары да, т.б. ақша сала алады. Салым шарты ұлттық валютада – теңге бағамымен ашылады. Шарт кемінде үш жылға жасалады. Бастапқы бір жолғы жарна – 3 АЕК (шамамен 5600 теңге). – Қаржы орталығының рөлі туралы да тоқтала кетсеңіз? – «Қаржы орталығы» – МБЖЖ-ның үздіксіз жұмыс істеуін қам­тама­сыз етеді. Жоғарыда назарға салдым, жүйенің қызметін үйлестіреді, жүзеге асырады. Бұл Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған ұйым болып саналады. «Қаржы орталығы» біріншіден, қатысушы банкпен, оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісім жасасады; екінші, әрбір жасалған салым шартын тіркейді және оның есебін жүргізеді; үшіншіден, мемлекет сыйлықақысы бойынша барлық есептеулерді жүзеге асырады, банктерге қаражат аударып отырады; төртіншіден, заңда қарастырылғандай мемлекет сыйлықақысының тиімді пайдалануын қадағалайды. – Қандай жағдайларда салым шарты тіркелмейді? – Салымшының атында бұған дейін «Қаржы орталығында» тіркелген білім беру жинақтау салымы бар болған жағдайда, екінші рет тіркеуге рұқсат етілмейді. – Мемлекет сыйлықақысы қалай есептеледі және оның мөлшерлемесі неге байланысты? – Банктік салым шартында ай сайын капиталға айналатын банктің сыйақысы мен жинақтау мерзімі бір жыл болған салымдарға мемлекет сыйлықақысы төленеді. Әр банк жылдық сыйақы мөлшерін өз бе­тінше белгілейді. Қазір «БТА» және «Темір» банктердің жыл­дық сыйақы мөлшерлемесі – 8 пайыз болса, «Халық банкі» жи­нақтау мерзіміне қарай – 7-8 пайызды белгілеген. Мемлекет сый­лық­ақысының мөлшері – 5 пайыз, атаулы басымдылыққа ие санаттағылар үшін – 7 пайыз. Мұндай санатқа жетім балалар, көпбалалы, аз қам­тылған отбасылардан шыққан мүгедек балалар, әлеуметтік жағы­нан әлсіз топтағы азаматтар жатады. Салымшының мемлекеттен алатын қаржысы қанша дегенге берер жауап: 100 АЕК-тен аспайтын сома дер едім. Мысал ретінде шамамен алынған есептеу­лер бойынша, жинақтау мерзімі аяқталған кезде салымшы жарнасы – 60 пайызға жетеді. Ал қалған 40 пайызы банктің, мемлекеттің сыйлықақысынан тұрады. – Талапкер ҰБТ-ны жоғары дәрежеде тапсырып, мемлекеттік білім грантын алды дейік... – Сұрақ астарын түсіндім. Жиған қаржы қайда жұмсалады дейсіз ғой. МБЖЖ білім гранттарымен, білім беру кредиттерімен қатар жұмыс істейді және мемлекет ұсынатын гранттарға ешқандай кері әсерін тигізбейді. Білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін арналған балама қаржы емес, қосымша демеу болып табылады. Негізгі сұраққа берер жауап былай, білім беру жинақтау салымы мақсатты болып табылады. Сондықтан жинақталған қаражат Қазақстан Республикасында және шетелде кәсіптік-техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратурада) білім алуға ғана жұмсалуы мүмкін. Са­лымшы не оның заңды өкілі бір жылда бір рет білім беру салы­мындағы ақшаны қатысушы банк­тен екінші қатысушы банкке толық аударуға құқылы. Шарттың мерзімі аяқталған кезде оқудың ақысын төлеуге қажетті сома оқу орнының есепшотына аударылады. Салымшымен жасалатын шартта жинақтау мерзімі кемінде 3 немесе 5 жыл деп белгіленген. Соған орай салымды мерзімінен бұрын алса не мақсатты бағытқа жұмсалмаса, салымшы жинақтаған ақшасын сол уақытқа дейін есептеліп үлгерген банктің сыйақысымен бірге алуға құқылы. Бірақ мұндай жағдайда мемлекет сыйлықақысы берілмейді. Салым иесі мемлекеттік білім грантын алып оқуға түссе, жинаған жарнасы білімнің басқа деңгейіне қаражат жинақтауды жалғастыра береді. Не болмаса, жинаған ақшасын банктің, мемлекеттің сый­лық­ақысымен бірге қолма-қол алуына, болмаса үшінші тұлғаның атына аударуына болады. Егер салымшы денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмаса, оқуға қабілетсіздік танытып жатса, сондай-ақ, салымшы қайтыс болған жағдайда жинақталған қаражат иесіне не салымшының заңды өкіліне беріледі немесе үшінші адамның атына ашылған салымға аудара алады. Қазіргі уақытта бұл жүйе Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылды, өз жемісін бере бастады. – Салымшы жиған қаржысын тиімді пайдаланбаған жағдайда мемлекеттің сыйлықақысын бюджетке қайтаруы тиісті ғой. – Әрине. Мемлекеттің сый­лық­­ақысы қандай жағдайда қазы­­наға қай­тарылады дегенге нақ­ты дәйектермен жауап берейін. Бірін­шіден, салымшының баста­ма­сымен салым шарты бұ­зылғанда, са­лым нысаналы мақсатқа пайда­ла­нылмағанда; екіншіден, салымшы білім беру ұйымынан шығарылған күннен бастап үш жыл өтсе; үшінші, жинақтау мерзімі МБЖЖ туралы заңда белгіленген мерзімнен, яғни 3 жылдан аз болғанда мемлекет сыйлықақысының төлену фактісі анықталса; төртіншіден, салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтса есептел­ген мемлекет сыйлықақысы респуб­ликалық бюджетке қайтарылады. – Салым иесі шетелдік ЖОО-ға түскен жағдайда не болады? – Талапкер шетелдік оқу орнына түскен жағдайда ол өзінің шетелдік білім беру ұйымына қабылданғандығын растайтын құжатты ұсыну керек. Сол арқылы оқуының ақысын мемлекет пен банктің сыйақысын қосқандағы жинақталған қаражатының есебінен төлеуге мүмкіндік алады. Мұндай жағдайда жинақталған қаражат шетелдік білім беру ұйымына аударылған сәттен бастап мемлекет сыйлықақысы есептелмейді. – Салымшы оқуының ақысын білім беру жинақтау салымы туралы шарттың мерзімі аяқталған соң ғана төлеуге тиіс пе? – Егер салымдағы қаражат сомасы семестр немесе оқу жылы үшін оқудың ақысын төлеуге жеткілікті болса, қажетті ақшаны салымнан ала отырып, жинақтауды жалғастыра беруіне болады. Бұл жерде азаматтарға көрсетілетін тағы бір қолдау түрі бар. Егер салымда жинақталған қаражат оқудың ақысын төлеуге қажетті соманың тең жартысын, яғни 50 пайызын құраса, банк салымшыға оның өтініші бойынша жетпей тұрған сомаға «Қаржы орталығы» АҚ-тың кепілдігімен несие береді. – Егер студент дәлелді бір себептермен бір жылға үзіліс жасайтын болса, оған жеңілдік беру жағы қалай ойластырылған? – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңға сәйкес салымшыға жеңілдік бар. Ол бір жылдан үш жылға дейінгі аралықты қамтиды. Осы уақыттың ішінде салымшының салымдағы қаражатына есептелетін мемлекет сыйлықақысы да сақталады. – Жақында теңгенің долларға шаққандағы бағамы біраз дүр­белең туғызды. Бұл жағдай қа­зір де сақталып отыр. Ал, МБЖЖ шеңберіндегі білім беру депо­зиттері теңгемен ғана ашылаты­нын айттыңыз. Бұған қатыс­ты заңда қандай шаралар қарас­ты­рылған? – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы Заңының 13-бабының 4-тармағында «Білім беру саласындағы уәкілетті орган мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекет сыйлықақысын инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде ұлғайту туралы ұсыныстар енгізеді» делінген. Біз осы заң талабын басшылыққа аламыз. Қазіргі таңда еліміздің мыңдаған азаматы МБЖЖ шеңберінде салым ашып, болашақта жоғары білім алу үшін қаражат жинақтауда. Күннен-күнге бұл жүйеге сенім білдірушілер қатары артуда. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».