• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2022

Жұпар шашқан алуан гүл

531 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласында алғаш рет «Гүлдер әлемі» фестивалі ұйымдастырылып, кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, оқу орындары, балабақшалар мен қосымша білім беретін ұйымдар ұжымдары, саяжай тұрғындары өз қолдарымен өсірген жұпар иісті сан алуан гүлдермен алаңды көмкеріп тастады.

Ақтөбе облысының құрылғанына 90 жыл толуына арнап ұйымдастырылған осы тамаша шараға қатысуға алдын ала 156 өтініш түскен.

 Гүлді жаны нәзік, табиғатты сүйетін жандар ғана өсіре алады. Табиғатты аялауға, өскелең ұрпақты көркемдікті бағалауға үйрететін тәрбиелік мәні зор іс-шараға көгалдандырумен айналысатын мамандар да қатысып, келушілерге тегін кеңестер берді. Бау-бақша иелері жаз бойы аялап өсірген гүлдерін құмыраға салып әкеліп көрсетіп, оның жергілікті жағдайда өсірілу ерекшеліктері, күтімі туралы мағлұматтармен таныстырды. Қала тұрғындары гүлдер жәрмеңкесінен өздері ұнатқан көпжылдық гүлдер көшеттері мен тұқымдарын, бақша өнімдерін көптеп сатып алды. Жергілікті өнерпаздар концерт қойды.

Фестиваль соңында ең үздік гүл өсіруші аталымы бойынша ерекшеленген қатысушылар марапатталды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпеновтің айтуынша, әділқазылар алқасына ең үздік гүл өсірушіні анықтау қиынға түскен. Әдемілікті насихаттайтын қатысушыларды ынталандыру үшін үздік гүл өсірушілер тоғыз номинация бойынша марапатталды. Қыркүйектің жаймашуақ күнінде ұйымдастырылған тамаша іс-шараға келгендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жұртшылық гүлдер фестивалін жыл сайын тап осы уақытта өткізіп тұруды ұсыныс етті.

 

АҚТӨБЕ