• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Сұхбат 21 Қыркүйек, 2022

Томохико Уяма: Алаш Жапониядан халықаралық деңгейде мойындауды сұраған

560 рет
көрсетілді

Жапонияның Хоккайдо уни­верситетінің Славян-Еура­зиялық зерттеулер орта­лы­ғы­ның профессоры Томо­хико Уяма мен тарихшы Рёсукэ Оно жыл басында «Алаш» пар­тия­сының мүшесі Райым­жан Мәрсекұлының Жапония үкіме­тіне жолдаған хатына талдау жүргізгені туралы ақжолтай хабар ел ішін аралап, қазақ пен жапон арасын жақындата түскен болатын. Жуырда Алма­тыға іс­сапарлап келген Томо­хико Уямамен кез­­десіп, осы тақырып төңі­регінде кеңі­рек айтып беруін өтінген едік.

– Осыған дейін айтылғандай, Райымжан Мәрсекұлы туралы де­­ректерді Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің архивінен таптық. Қазақ даласында тұрып, алыстағы Жапонияға қол созған бейтаныс қазақ жайында 2000 жыл­­дардың басында естідім, оқы­дым. Бірақ қолда нақты құжат­тар болмаған. Жапониядағы әріп­тес­терімнің бірі әңгіме кезінде қазақ­тардың жапон дипломатымен сәтсіз кездесуі хақында дерек тапқанын айтқанда, әңгіме Ра­йымжан жөнінде екенін бір­ден сездім. Біз тапқан құжаттарда Р.Мәрсекұлы қазақтардың келе­­шекте іргелес мұсылман халық­тарымен бірге тәуелсіз мемлекет құруға ниетті екенін, Алаш­орданың Париж бейбітшілік конференциясына қатысу жоспары бар екенін айтқан. Құжатта айтыл­ғандай, Алашорданың сол кез­дегі ресми ұстанымы Ресей феде­ралдық мемлекетінің құрамында бола жүріп, елдегі өзге де саяси күш­термен бірге автономия құруға бағытталды. Бірақ Жапониядан өздерін халықаралық деңгейде мойындауды сұрап, келешекте тәуелсіз ел құрудан үмітті екен­дерін айтқан.

Қазір тарихшылар арасында нақты дәйек болмаса да назар аударарлық пікірлер жиі айтылады. Жапон тақырыбын зерде­леуге сол кездегі цензура мүмкін­дік бермеді. Ал эмиграциядағы Мұстафа Шоқай редакторлығымен Парижде шыққан «Жас Түркістан» (1929-1939 жылдар) журналын­да «Жапонияда тұрушы мұсыл­мандар және Токиодағы ислам шағын ауданы», «Жапонияда» атты мақалалар жарық көрді. Оның мазмұны оқырманға таныс болғандықтан қайталаудың қажеті жоқ. Әрі қарай таратып алып кетуге тарихи дәйек аз. Дерексіз болжам тарихты шатастырады.

Алашордашылар 1918 жыл­дың көктемінде Башқұрт авто­номиялық үкіметімен бірге Жа­по­ниямен байланысқа шы­ғу­ға талпынғаны белгілі. Р.Мәрсе­к­ұлы­ның Владивостокқа барып, бас консулдық арқылы жапон үкі­метіне үндеу жолдағанын соның жалғасы деп қабылдауға болатын шығар.

– Қазақтар неге Жапонияны таңдады? Жапонияның сырт­қы саясатында дербестік алу­ға талпынған жас елдерді үміттен­діретіндей ұстаным болды ма?

– ХХ ғасырдың басында Жа­понияның «Ұлы Шығыс кеңіс­тігі» жоспары Орталық және Шы­ғыс Азия мемлекеттерін бірік­тіріп, ынтымақтастықпен дамуға негізделген еді. Бірақ Азия, әсіресе Орталық Азия елдерінің даму деңгейі мен экономикасында айыр­машылықтар бар екенін, әр мем­лекет өзінің салт-дәстүрі, бағы­тымен ерекшеленетінін Жапония үкіметі ескермеді. Қысқасы, ХХ ғасырдың басында Жапония мүд­десінде қазақ даласына орын бол­мады. Райымжан Мәрсекұлы Владивостокқа барған кезде жапон үкіметі Колчакты қолдау туралы шешім қабылдап қойған еді. Қазақ жағының өтінішінің қабылданбауына бұл фактор да әсер еткен тәрізді.

– Тарихшылар жапон үкіме­тінің Алашорда үкіметін мо­йын­дау мен көмек көрсетуден бас тар­туы Алашорда үкіметін амал­­сыздан Кеңес өкіметін мо­йын­­дауға себеп болғанын айтады. Сіз не дейсіз...

– 1918 жылдың қарашасы Алашорда үшін сын сағат еке­ні, Уақытша үкімет өңір­лік үкі­меттерді таратуды ұйға­рып, адми­рал А.В.Колчак орталық­тан­дыр­ған қуатты билік құру үшін төң­керіс жасағаны тарихтан бел­гілі. Тарихшылар бұл Алашорда­ның әрі қарайғы өміріне қауіп төндіретін жайт болғанын бір­ауыздан мойындайды.

Жапон үкіметінің Алашорда үкіметін мойындау мен көмек көрсетуден бас тартуына саяси, әлеуметтік себеп көп болған. Р.Мәр­секұлының хатында Алаш­орда Колчак үкіметін бірде-бір рет атамаған және Алашорданың қызметін дербес орган ретінде таныстырған. Сол хатта оның Вла­дивостокта Жапония вице-консулымен әңгімелескені, жапон жағының қару жеткізуде де қиындықтар бар екені, тіпті қару жеткізгеннің өзінде оны Колчак үкіметі арқылы ғана бере алатындары айтылған.

– Сіз осыған дейінгі кездесуде Р.Мәрсекұлына қатысты құ­жаттардағы аударма сонша­лық­ты сәтті шықпаған деген еді­ңіз. Сіз тапқан құжатта Ра­йым­­жан туралы деректердің бұр­­ма­ланып көрсетілуі мүм­кін бе?

– Біздің сол құжат бастан-аяқ дұрыс аударылды деуге құқымыз жоқ. Себебі қолдағы құжат түп­нұсқа емес, көшірме болды. Сол себепті оның шынайылығын тексеруге құқымыз жоқ. Оның түп­нұсқасының қайда екенін ешкім білмейді. Сақталмауы, жоғалып кетуі де әбден мүмкін. Ресми емес кездесу болғандықтан оны хаттамаға түсіруге мән берілмеген де шығар. Бірақ көшірме болса да сақталып қалуының өзі олжа.

– Қазақстандық тарих­шы Мәмбет Қойгелді Райымжан Мәр­­секұлы жапондықтармен бір­­неше рет кездесуге талпын­ға­нын, тіпті кездескені туралы деректер Р.Мәрсекұлын айыптау құжатында көрсетілгенін айтып берді. Бұл құжаттардың түп­нұсқасы сіздің елден табылуы мүм­кін бе? Сіздің түйсік не дейді?

– Мәмбет Қойгелді сіз айтқан деректің көшірмесін маған бер­ді. Меніңше, бұл тақырыпты алдағы уақытта кешенді түрде зерттеп, жан-жақтан іздеу керек. Жапонияға аяғы жеткен қазақты Алаш тарихы немесе Қа­зақстандағы қазақтармен шектемей, кең ауқымды көлемде жүргізген абзал.

– Осы тақырып туралы сөз болса, Әлімхан Ермековтің аты аталып қалады. Енді осы жа­йын­да таратып айтып беріңізші.

– Райымжан Мәрсекұлы­ның ­хатынан кейін Жапонияға алыста­ғы қазақ даласы туралы хабар жетті. Бізге белгілі деректерде 1918 жылдары жапон офицерлерінің қазақтар туралы мәліметтер жинай бас­тағаны, жапон капитаны­ның Иркутск қаласында Әлімхан Ер­мековпен кездескені, Колчак үкі­метінің ішіндегі ахуал туралы мәлімет алғаны айтылған. Тіпті қазақтардың аты аталмаған өкілі Жапонияның Омбыдағы консулына кіріп, Мәрсекұлының сұрағына жауап беруді сұрағаны хақында деректер бар. Бұл деректер Жапонияның жауабы қа­зақ даласына жетпегенін көрсетіп тұр.

– Мұндай құжаттарды Алаш­орда тарихының принципиалды тұрғыда жаңа қыры, Қазақстан мен Жапонияның арасындағы қарым-қатынас тарихының сәт­ті болмаса да ма­ңызды бөлігі деп қарастыруға болатын шығар.

– Әрине, келісемін. Себебі Жапонияның Орталық Азия ел­де­ріне қатысты ұстанымы саяси түсіністік, экономикалық ынты­мақтастық және мәдени араласу деген тармақтардан тұрады. 2004 жылы «Орталық Азия + Жа­пония» диалогі басталды. Әзір­ге оның форматы пікір алмасу, бір-бірін тану деңгейінде. Мемлекеттердің бір-бірін тануы бірдеңе салып беру мен өндіру ғана емес, адамның дербес дамуына жол ашуына мүмкіндік беруден басталып, білім реформасында «қала мен ауылда бірде­бір отбасы біліммен қамтылмай қалмасын, бұл мемлекетті нығайту үшін қажет» деп көрсетілді. Бұл көзқарас Мэйдзи реформасының өзегі болған.

– Тек Алаш зиялылары емес, кеңес жүйесіне қызмет ет­кен тұл­ғалардың басым көпші­лігі­не «жапон тыңшысы» деген айып тағылды. Үлкен сая­сат­та, мем­лекеттердің қарым-қаты­на­сында бұл өте ауыр айып. Жа­пон үкіметі мұндай айып­тау­ларға қалай қарады? Сіздің ел та­ра­пынан жоққа шығаруға тал­пынған мәлімдемелер айтылған жоқ па?

– Иә, мұндай айыптаулар бол­ғанын білемін. Татарлар, бурят­тар және Ресейдің басқа ха­лық­тарының өкілдері жапонофилия үшін қуғын-сүргінге ұшырады. Мұндай айыптаулар үлкен саясатта қазір де бар. Бірақ бұл та­қы­рыптың мемлекеттік деңгейде талқыланғанын көрмеппін. «Тың­шы ұстап отырсыңдар» деген айыптаулар ашық айтылса да ол мем­лекеттердің қарым-қаты­насына әсер ете алмады.

ХХ ғасыр басындағы КСРО мен Жапония арасындағы байланыстарда күнгей де, көлеңке де болды. Менің елім бұл тақырып мемлекеттік деңгейде айтылуға тиіс мәселе деп қарамаған да болуы мүмкін.

– Уяма мырза, «Алаш» қозға­лысы мен Алашорда ұлт­тық-территориялық автономия­сы­ның тарихын зерттеуге қашан және қалай келдіңіз?

– Алашорда тарихына қызы­ғушылықты жастық шағымның тарихы деп қабылдауға болады. Мектепте және жоғары оқу орындарында Еуропа тарихы мен мәдениеті қатты қызықтырды, латын және француз тілдерін үйрендім. Жекелеген елдердің тарихына тереңдеген сайын олар­дың алыс-жақын көршілерімен мүдделері түйіскен немесе теке­тірескен кезеңдерінің тарихы да тереңдей береді екен.

Университетте оқып жүрге­німде Азия туралы, Орталық Азия туралы мен білетін мәліметтер аз екенін білдім. Нәтижесінде, ке­лесі зерттеулерім қазіргі таңда Ор­талық Еуразия деп аталатын аймаққа бағытталды. 1989-1990 жылдары Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінде тағылымдама­дан өттім, сол жылдары Таш­кент­ке, Алматыға келдім. Батыс пен Жапонияның көптеген ға­лымының зерттеулерінде Өзбек­стан тарихы жайында мә­лі­мет­тер көп, бірақ Қазақстан аз зерт­теліпті. ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әлемнің картасында жаңа мемлекеттер пайда болды. Біразы жоғалып, жұтылып кетті. Қысқасы, өткен ғасырдағы әлемдік геосаясат картасы жаңа идеяларға толғатып, тарих жаңалықтарды бойына сіңіре алмай жатыр.

– ХХ ғасыр басында Алаш­орда үкіметі мемлекеттіліктің үлгісі ретінде алыстағы Жапо­нияға үмітпен қарағанын біле­міз. Ал алашордалықтардың ұста­ны­­мынан Батыс және орыс мәде­­ниетінің элементтерін бай­қай­сыз ба?

– Жапонияның бейнесін ши­рек ғасырда әлемнің озық елдері­нің қатарына шығарған реформа Алаш қайраткерлерінің назарында болғаны ақиқат. Бірақ Батыс Еуропамен, Америкамен, Жапониямен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік аз болды, мәлі­меттері энциклопедиялық дең­гейде еді. Әлихан Бөкейхан Мэйдзи бағдарламасын жүзеге асы­рудың нәтижесiнде артта қалған аграрлық елден 21 жылда әлемнiң ең дамыған мемлекетi­не айналған Жапонияның тәжi­рибесiн үлгi етті, Алаш мемлекетiн 20-25 жылда әлемнiң төрiне жет­кiзудi жоспарлады. Олар Ресей­ден бөлiну мүмкiндiгiнің мүл­дем шектеліп қалғанын білді. Ресей­дің қол астында болған түр­кi-мұсылман халықтарының бiр­тұтас мемлекетiн құруды ұсын­ды, жан-жағын шошытып алмау үшін «Ресейдiң Шығыс мұсыл­мандары федерациясы» деп атау керектігін айтты. Бұл туралы 1917-1919 жылдарғы Башқұрт автоно­миясының төрағасы Ахмет Заки Валидов Түркияда жарық көрген естелiктерiнде айтқан.

Ресейді еуропалық өрке­ниетке ашылған терезе деп баға­лай­тындар әлі де басым. Қазір де Алаш­орда тарихына сақтықпен қа­райтындар аз емес, Алашорда та­рихын жа­риялау Ресейге аса қолайлы болуы мүмкін деген көз­қарас бар. Ал Алашордаға қа­тысты пікірлердің бұлайша поляр­лануы посткеңестік Қазақстан жағ­дайында түсінікті нәрсе деп ойлаймын. Бұл бағыт­та үшінші жолды, яғни ұлтшыл емес, сонымен қатар тәуелді емес көзқарасты іздеген дұрыс шығар.

– Орталық Азия тарихының қай кезеңі немесе аспектісі зерттелмеген және бағаланбаған? Жапон тарихшысы ретінде не айтасыз?

– Тарихта зерттелмеген кезең­дер бұрын да болған, қазір де бар. Әлемдік саясатпен бірге та­рих­шылардың көзқарастары да өзгеріп жатыр. Бірақ тарихтың табиғаты көпсөзділікті көтермейді. Тарихтың әміршісі – дереккөз. Дереккөз дәйекті болмаса ол тарих емес, біреулердің көзқарасын тықпалауға талпынған әрекеті деп қабылдауға болады.

Орталық Азияда тарихтың кейбір аспектілерін зерттейтін дереккөздер жеткіліксіз. Қаттал­маған немесе жоғалып кеткен. Батыс Еуропа немесе Жапония тарихында тіпті әрбір отбасының туу тарихы қатталып қойған. Көп деректі сол арқылы да тарқатуға болады. Ал Орталық Азия тари­хында ондай мүмкіндік аз. Сондықтан, әсіресе 1917 жылғы революцияға дейінгі қоғамдық тарихты зерттеу өте қиын. Кеңестік кезеңнің өзінде ашылмаған дереккөздер бар, Кеңес Одағының статистикасы жиі бұрмаланады. Сондықтан кез келген кезеңдегі Орталық Азия тарихы толық зерттелді деуге болмайды. Сол сияқты экономика­лық тарихта да ақтаңдақтар көп. Ке­ңес Одағы кезінде экономика­лық тарих марксизм тұрғысында зерттелді.

– Осыдан біраз бұрын жер­лесіңіз, әріптесіңіз, жапон тарих­шысы Ока Нацука бір кез­де­суде Жапонияның өте ерте заман­дардағы тарихынан сыр шер­тетін артефактілердің жоқ еке­нін, жапондардың мұхит­тың ортасындағы аралдарға қай та­раптан келгені қызықты­раты­нын айтқан болатын. Біздің елде жапон ұлтын өздерімен туыс екенін дәлелдегісі келетін тарих­шылар бар. Ал сіз жапон ұлтын Орталық Азияда тұра­тын халықтармен байла­ныс­тыр­ғыңыз келе ме?

– Осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар жапон ұлтының әртүрлі тайпалардан, Оңтүстік Шығыс Азиядан, тіпті Қиыр Шығыстан ауып келген тайпалардан құралып, біртұтас этносқа айналғанын дәлелдеп жүр. Бірақ Орталық Азия халықтарымен бай­ланыстыратын артефактілер табылып жатыр. Бізде, Нара қаласындағы орталық мұражайда сақталып тұрған шекті аспапта түйеге мінген адам бедерленген. Көне бұйымның көшпелі елдің бірінде жасалып, жапон жеріне жетуі әбден мүмкін, себебі жапон аралдарында түйе жоқ. Демек, Орталық Азия немесе Ұлы дала мен жапон аралдарында тұратын халықтар арасында бір байланыс болғаны анық.

Жапон тілі Азияның қиыр солтүстігіндегі тұңғыс пен шире ұлыс­тарының тілі және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхит аймағын мекендеген халықтар тіл­дерінің араласуынан пайда болған. Түркі халықтарымен туыс­тық байланысын жақтайтын пікір­дің де бәсі басым.

Жапондықтардың түп негізі түркітектес деп батыл болжам жасауға ерте, мүмкін бұл қате болжам да шығар. Мысалы, бала дүниеге келген кезде құйым­ша­­ғын­дағы көк таңба тек түркі ха­лық­тарында ғана бар деген сөз­ді сіздерден көп естимін. Бірақ мұндай таңбаның сіз мен бізде ғана емес, корейлерде, қытайларда да көп кездесетінін білемін. Со­ған қарағанда бұл белгі Азия халық­тарының бәрінде де бар.

– Демек, Шыңғыс хан сіз­дерге де таңба салып кеткен болып тұр ғой...

– Жоқ (күліп), бұл таңба бізге Шыңғыс хан заманынан бұрын келген.

– Сіздің ойыңызша, қазақ­тар мен жапондардың арасында ортақ нәрсе бар ма?

– Түрі, пішім-пошымы жағы­нан жағынан қазақтар мен жапондар бір-біріне ұқсайды. Қазақ­тың қыздары да біздің жапонның бойжеткендері тәрізді сұлу, сүй­кім­ді. Мұны кезінде Әлихан Бөкей­хан да жазып кеткен. Тіпті жапондар мен қазақтар туысқан халық деген аңыздар да болған. Бірақ жапондар мен қазақтың мінезі мүлде бөлек. Жапондар есте жоқ заманнан көшпелі менталитеттен өте алшақ, аграрлы саланы меңгерген, жер емген халық болған. Бірақ біздерді байланыстырып тұрған күш ғарыштан екенін түйсікпен сеземін. Кез келген жапон ұлты Қазақстанда немесе Орталық Азияның басқа елдерінде өздерін үйіндегідей сезінетінін, мұның сыры не екенін түсіндіруге тілім жетпейді. Әлемнің басқа елі, мы­салы, АҚШ немесе Қытай біз­дің көңіл күйімізді қысады деп айта алмаймын. Бірақ сіздердің жер­леріңізге келгенде өзімізді еркін, тіпті анасының қасында жүрген баладай сезінеміз.

 Бұл қазақтың, қазақ дала­сының жан дүниесінің ашықты­ғынан болса керек.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»