Біздің ауылдың ХХ ғасырдағы алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басындағы жастары бүкіл еліміздегі өз замандастары секілді бір-бірімен «жүретін». Ондайларды ауылдың үлкен-кішісі түгел біліп отыратын. «Жүру» деген өмірдің мәні болып, жүрмейтіндер достарының әзіл-қалжыңына айналатын. Алайда, қырыққа дейін сүр бойдақ болып жүрген (яғни, «жүрмеген») Қаржаубай секілді ағаларымыз ештеңеден кем қалған жоқ, бүгінде немерелерін ол да ертіп жүр.
Мектепте оқып жүргенде де, кейін институтқа түсе алмай, ауылға қайтып оралғанда да жүру дегенге ілінбей кеткендердің бірі Қазбек еді. Шыны керек, жақсы дос болсақ та, оны Әшкенмен үйленеді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ауылдағы бар жаңалықты алдымен білетін Балтабай досымыз ғана түс қайта бақ ішіне доп ойнауға жиналғанда көбіміз Жаңа деп аталатын төте көшемен келгенде, Қазбектің Сәрсейіт ағалардың көшесімен жүруін: «Ол Сәрсейіт атасының үйін, жиған шөбін көріп өтпесе, көңілі көншімейді», деп түсіндіретін. Аңқау басымыз Қазбектің әкесі Бәкір аға мен Сәрсейіт қария туыстар екен деп түсінетінбіз. Тойға шақырғанда бір-ақ білдім, сөйтсем, Қазбек Сәрсейіттің үйген шөбін емес, сол үйдегі екінші шүйкебас Әшкенді айналдырып жүреді екен ғой. Екеуі жүреді дейтін сөзге ұрынбай, жиырма жастарында үйленіп алды. Сол кездегі үйреншікті түсінігімізге салсақ, Қазбек пен Әшкеннің бойдақтығын ішіп тынғанбыз.
Араласатын қыз-жігіттерден алғашқы үйленгендер осылар болды да, отбасылық тірлік дегенді екеуінен көрдік. Алғашқы жылдары Қазбектер әкелерімен бірге тұрды да, Әшкен келін болып үлкен отбасының иісін сіңдіріп жүріп қалыптасты. Сондықтан қолы ашық, сөзге шебер, пысық келін болды. Кейде күн жауып, жұмысқа шықпай қалсақ немесе кешкі кинодан кейін Балтабай, Әлихан, кейде Құдайберген, кейде Алмас болып, Қазбектерге жиі келетінбіз. Ананы-мынаны сөз етіп, карта ойнаймыз, Әшкеннің кеспесін, не дәмді шайын ішетінбіз. Мұндай отырыстарға алдымен құмар Қазбектің өзі болатын. Ерте үйленіп, бәрімізден бұрын балалы болған соң ба, ол Әшкеннің көңілін аулап, кешке көбіне үйінде отыратын. Сондайда біздің келуіміз оның отбасылық өміріне тың тыныс әкелетін.
Сол жолы ауылдағы кезекті бір тойдан шыққан Әлихан екеуміз: «Осы тойды келесі тойға ұластырсақ қайтеді?» деп күлісіп келе жатып, «Давай, Алматыға, Жақандарға барайық», деген ойға тоқтадық. «Шынын айтсақ, мен алып келе қоятын қызым да жоқ. Ал сен Жақан көнсе, алып қашуға қалайсың?» дейді Әлихан. «Мен де шынын айтайын, «жүр, кеттікке» ере қоятын Жақан жоқ», деймін. «Сонда да барып көрейік» дейді Әлихан. «Сен біраз ішіп қойдың ғой». «Қазбекке барайық». «Әшкен жібермей жүрмей ме?» Солай түн жарымда Әлихан бас зоотехникті таситын жеңіл көлікпен Қазбектердің үйіне келдік. Әшкен есікті ашты да, бізді көріп: «Шай қояйын» деп самаурынға жүгірді. «Жоқ, Әшкен, бүгін сенің шайыңды ішуге уақыт жоқ, біз Алматыға Ержұманның қызына бармақпыз». Екеуміздің қатты қызу екенімізді көрген Әшкен: «Одан да екеуің Қазбектің жанына жата кетіңдерші» деп бәйек болады. Сөйтіп отырғанда Қазбек ұйқысынан оянды: «Жүретін болсақ, тұрмайық», дейді. «Әй, сендер қызға бара жатырмыз деп, алып қашуға шыққан жоқсыңдар ма? – дейді Әшкен. – Мынаған дұрыс киімдерін кигізейін». Әлихан екеуміз тойдан шыққанбыз. Барымыз үстімізде. Сонымен таңғы төрттер шамасында үшеуміз бар дауысымызбен дарылдай әндетіп ауылдан шықтық.
Біразға дейін Қазбекпен даурығысып, сосын Алматыдағы баратын үйдің мекенжайын түсіндіріп, Әлихан екеуміз де ұйқыға кеттік. Бір кезде Қазбек оятады: «Туркменская, 14-ті адасып жүріп таптым, ал қыз алып қашатын қайсың едің, үйге кіріп шығыңдар», дейді. Әзер дегенде оянып, үшеуміз шағын ғана көнелеу жерүйдің есігін қақтық. Үй иесі апа біраз тергеп барып, үйге кіргізді. Шаштары ұйпа-тұйпа екеумізді көрсетіп Қазбекке: «Шырағым-ау, мыналарың қызды ауылға келушілерден гөрі маскүнемдерге көбірек ұқсайды ғой» дегені. «Апа, мен үйленгенмін, бір ұлым бар», дейді Қазбек. «Бәсе, сен секілді жібі түзу жігіттерді қыздар қойсын ба», деп апамыз бізді одан әрі қатырып жатыр.
Ол кісі таңғы алтылар шамасында келген бізді қайдан жақтыра қойсын. Пешінің күлін тазалап, сыртқа шығып кеткенде Қазбек мені түртеді: «Жаңа ғана майдангердің жесірі деп бұл кісіні мақтап едің, сыбағаларыңды берді-ау деймін». Апамыз сырттан сөйлей кірді: «Қыздарым сендердей емес, екеуі де жақсы қыздар. Әсіресе, Күлханым өте пысық. Жездесіне көмектесемін деп Қаскелеңге кеткен. Сендер сияқты бытпылдықтар емес».
Бұл апамызды алғаш көруім. Жақанның айтуы бойынша ғана білемін. Күйеуі «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші болып істеген екен. Майданнан оралмаған. Үлкен қалада жалғыз баласымен қалған әйел күнкөріс үшін мектептерде еден жуушы болған, көктем шығысымен үйінің жанындағы жерге еккен көкөністерін Екінші Алматы вокзалына апарып сатады екен. Солай соғысты өткеріп, бейбіт заманда сол тірлігін жалғастыра берген. Сырттан келетіндерден толайым сатып алып, үйінде тазалап, қуырып, шемішке сататын болған. Бір бөлмесіне пәтерде тұруға қыздар жіберіп, алатын өтемақысын нәпақа еткен.
«Екінші қызыңыз қалай, апа?» деп әңгімеге Әлихан араласты. «Ой, Жақан деген қызым да пысық. Дүкенші, кейде маған анау-мынау заттар әпереді, – деп қойды апамыз. – Мына «Калинин» колхозында екі әпкесі тұрады. Соларға кеткен». Әлихан маған қарады. Сөйлесеңші дегені ғой. «Апа, таң атпай сізді оятқанымызға кешірім сұраймыз», деп орнымнан тұрдым. «Шай ішпедіңдер ғой». «Рахмет, апа, Калининге жетіп, шайды сонан ішерміз».
Былай шыға бере Әлихан менен сұрайды. «Бытпылдық дегені құс па? Қандай құс екен?». «Әйтеуір, жақсы құс емес екені белгілі болды, – деді Қазбек. – Калининнің қай көшесінде тұратынын білесің бе?» «Білемін», деймін мен. Әу бастағы қыз алып қашатын екпініміз басылып қалғандай.
Содан Калининге келіп, бұл кісілерді де жексенбілік ұйқыларынан ояттық. Болашақ бажамыз әскери қызметкер болатын, кезекшілікте екен, кішкентай қыздары үлкен әпкелерінің үйінде қонып қалыпты. Жақанның ортаншы әпкесі қайнатқан шайдан іштік. «Қайдан жүрсіңдер?» дейді Жақан. «Сен есіне түсіп кетіп, түн жарымда іздеп шыққанымыз ғой, – дейді Қазбек. – Мына екеуін Түркімен көшесіндегі апаң бытпылдық деген құсқа теңеді». «Ол кісінің астарлы сөйлеу әдеті. Бөдене туралы ертегіде сол құс «бытпылдық» деп ұшады екен ғой». Қайтайық деп жиналғанымызда Жақан мені оңаша шығарып: «Жайша жүрсіңдер ме?» деп сұрады. «Сені алып қашпақшы болғанбыз». «Саған айттым ғой, үш жыл теңізші болып жүргеніңде де күттім. Күзде оқуға түсемін деп едің ғой, сосын үйлене жатармыз».
Біз ауылға қайтып келгенде уақыт түске жақындап қалған еді. Әлиханның мамасы Әспет тәтем үшеумізге қарап, ал келіп күлсін. «Әй, алып қашып келе жататын қыздарың қайда?» «Тәте, оны кім айтып жүр?» «Әшкен ғой, үшеуі кетті, біреуді алып қашып келетін сияқты. Тойды тойға ұластырайық деді ғой, – дейді Әспет тәтем. – Ержұман-ау, әпкем әбден әбігер болып жатыр. Жайлауға көшпекші жерінен көкеңді де тоқтатып қойды».
Біздің үй шынында да әбден әбігерге түсіпті. Көрпе-жастықтың бәрін сыртқа жайып, жеңгем үйдің ішін жуып жатыр екен. Бізді ашық терезеден көріп, апамды қуантуға жүгірді. «Апа, Қазбек пен кенжем келе жатыр» деген даусы естілді. Апам Қазбектің бетінен сүйді. «Алып қашатын қыздарың қайда?». «Ой, апа, қазір қыз алып қашу қиындап кетіпті ғой, – дейді Қазбек. – Әлихан мен балаңыздың ұйқысы қанық. Мәшинеде ұйықтап келді. Мен Әшкеннің бір шайын ішіп, ұйықтап алмасам болатын емес». Үшеуіміздің қыз алып қашу оқиғамыз осылай аяқталған.
Менің жазу үстелімнің үстінде арнайы шынының астында жатқан суретте Қазбек 5-6-ға келіп қалған Ержанды мойнына отырғызып алыпты. Ал қызымыз Тұрсынның қолында ұйықтап жатыр. Бұл суретке 1979 жылғы 2 мамырда түскенбіз. Менің сыныптастарым ауылдың жоғарғы жағындағы байламаға маевкаға барғанбыз. Қайтарда Тұрсын трактордың иесі жұбайы «ұзынтұра» Әбікеннің қасына отырып, Айжанды қолына алған. Қалғанымыз тіркемеге жайғасқанбыз. Ауылдың орталығында кісілер көп екен. Бір топ адам қалаға қайтатын автобусқа келсе, ендігі бір топ Алматыдан келген эстрада әртістерінің концертінен шығыпты. Сол кезде ауылдағылар «баба Надя» атап кеткен фотосуретші Надежда Спиридоновна келе қалып, Балтабай бәрімізді суретке түсуге көндірген. Баба Надя біздің ауылды бес саусағындай білетін. Мереке, демалыс күндері келіп, алдында түсірген суреттерін беретін, жаңадан түсіретін. Ауылдағы әр үйден ол кісі түсірген сурет табылатын. Жігіттер маевкада өздеріміз отырған скамейкаларға, әйелдер алдымызда тұрды. Сонымен қырыққа тарта адам сыйдық. Надежда Спиридоновнадан Алматының қай жерінен табуға болатынын сұрадым. Сөйтсек, ол кісінің қызы Калинин көшесі Ленин даңғылымен қиылысатын жердегі «Нұргүл» фотостудиясында істейді екен. Кейін кездесіп, түсірген үш пленкасын сатып алдым. Ол кезде «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары болатынмын. Пленканы бізде фототілші болған Алашыбай Есмағамбетов – Алағаң үлкейтіп шығарды. Әр үлкейткен сайын оны ретушер ағамыз Бағдат Момбеков – Бәкең бояп, тазалап отырды. Алағаң қайта түсіріп, сәл үлкейтіп шығарады, Бәкең лупасын алып, қайта тазалау жүргізеді. Осылайша газеттің жарты бетіндей, бізше айтқанда А-3 форматына жеткізгенбіз. Бәрібір кейбір қыздар мен жігіттердің бейнесі сәл өзгеріңкіреп кетті. Бәкеңнің айтуымен әр суреттің артына кім екенін жаздым.
Әшкен ақжелең киіп алыпты, ол кезде Райхан екеуі азық-түлік дүкенінде сатушы болатын. Қазбек автобус жаққа қарап қалыпты, біреуді қол бұлғап шақырып тұр. Автобуста кімнің отырғанын сұрап алуды ескермеппін.
Осындай естелік суретте Қазбектің тура қарамай тұрғанына өкінетінмін. Әлде ортамыздан ерте кететін болған соң жүзін көрсетпейін деді ме екен. Мен «Егеменде» бас редактордың бірінші орынбасары болып жүргенде республикалық онкологиялық институттың ауруханасында жатқан Қазбектің көңілін сұрай барғанмын. Алдын ала сөйлескенде «Известия» және «Труд» газеттерінің өткен жылдардағы нөмірлерінен екі мақаланың көшірмесін жасатып беруімді өтінген. Соларын ала келдім. Сол мақалаларды басқа кісілерден алып оқып шығыпты. «Өз өміріңнің осындай тығырыққа тірелетінін білгеннен жаман нәрсе жоқ екен», деді Қазбек сәл ентіге сөйлеп. Дауысы ақырын шығады. Демалған кезінде төсінің жоғарғы жағына жауып қойған дәке желп-желп етеді. «Міне, осы дәке арқылы демаламын. Қайтерсің енді. Жақан қалай, ұл-қызың үлкейген шығар? Менен сәлем айт. Жақанның есіне сондағы алып қашуға барғанымызды салшы. Қазбекті еске ала жүрерсіңдер», деп қолымен қолымды қысты. Әлі қарулы екен. «Өстіп жатып, көз жұмғым келмейді», деп қосты.
Ауруханадан қара суға малынып шықтым. Кейін бір кездескенде Балтабайға бәрін айтып бердім. «Енді біреу ауырса, көңілін сұрап бармаспын», дедім соңында. «Неғыл дейсің сонда, бәріміз Қуандық сияқты еш ауырмастан көз жұма берейік пе? Сен білесің бе, Қуандықты жерлеп келгенде Қазбек: «ажал біздің қатарға да жетті ғой», деген болатын. Әрине, ауырмай-сырқамай өлген жақсы да шығар», деген еді Балтабай дос. Қуандықтан екі жылдан кейін Қазбек кетті. Ауылға жеткенше ауыр ойлардан арылмадым. Мәйітті жуып жатқанда жетіп үлгердім. Сыртта адамдар көп екен. Ортада бір топ ет жақындары тұр. Үлкен ұлы Арман еңкілдеп жылап, құшағыма кірді. Мен де шыдамадым. «Бауырымайлап» егіл-тегіл жыладым. Әйелдер жағынан бізге қыздарының жылағаны, Әшкеннің дауыс салып жоқтағаны қосылды. Өмір деген осы екен ғой...
Қазбек қайтқалы бері арада өткен он сегіз жыл туралы айтуға оңай болғанымен, олар Әшкенге оңай тие қойған жоқ. Бәріне шыдады. Балаларының жастығына, кейде жетіспей жататынына жылай жүрсе де жасымады, басқа келіншектердің күйеулерін көріп, мәз болып жүргендеріне қиналса да сынбады. Қазбектің артында қалған 2 ұлы мен 4 қызын жеткізді. Ұлдарын аяқтандырды, қыздарын ұзатты. Бүгінде Қазбектің 15 немересі, 3 шөбересі бар. Олардың тәпелтек бойлы, көздері күлімдеп тұратын, ақсары әжелері пайғамбар жасынан асты. Әшкен өзі тәрбиелеген, әкелерін өнеге тұтатын ұл-қыздары жақсы азаматтар болып өсті. Бірқатар немерелері Қазбек деген текті алып жүр.
Ержұман СМАЙЫЛ.