Биылғы сайлаудың өтетін күні белгілі болды. Бұл көптен күткен саяси оқиға болғандықтан, жұртшылықтың елең ете қалғаны анық. Кезектен тыс сайлау жаңа реформалардың бастауы болады деп сенемін.
Бұған дейін жасампаздыққа бастайтын көптеген идея, жоба айтылды. Оны іске асыру үшін дүмпу қажет болғандай әсерде жүрген едік. Сайлаудан кейін ел күткен жаңашылдықтар болып, еліміз дамудың жаңа сатысына көтеріледі деп есептеймін.
Қазіргідей геосаяси ахуал шиеленіскен уақытта, атап айтсақ, Қарабақ мәселесі, Тайвань проблемасы, қырғыз-тәжік, орыс-украин арасындағы қақтығыстар туындаған кезеңде білікті дипломат, кәсіпқой маман мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, халықтың жүрегіне сенім ұялатуы керек.
Сайлау ойдағыдай өтсе, Үкіметтің ауысуын күтемін. Себебі халықтың, қоғамның, тіпті Мемлекет басшысының көңілі толмайтын дүниелер көп. Жаңадан басталған «дәуір», яғни жетіжылдық кезеңнің жоспары басқа көшбасшылардың билікке келуімен жүзеге асады.
Президент өзі айтқандай, жеті жыл кез келген реформаны қолға алып, нәтижелі аяқтауға жеткілікті уақыт. Бұл аралықта әлеуметтік проблемалар, атап айтсақ, жол мәселесі сияқты ауқымды проблемалар өз деңгейінде шешіледі деген сенім мол.
Алдағы сайлауда президент жетіжылдық мерзімге сайланбақ. Осы орайда, 7 саны қазақ үшін киелі екенін айта кеткен жөн. Өздеріңізге мәлім, халқымызда жеті қазына, жеті ата, жеті қат көк секілді қастерлі ұғымдар бар. Жаңбырдан кейін жарқырап шығатын кемпірқосақтың да түсі жетеу.
Бұдан қала берді, «Жеті жұрттың тілін біл» дегенді жаттап өскен ұрпақпыз. Қазақ хандығы кезінде «Жеті жарғы» заңдар жинағы қабылданды. Аптада 7 күн бар. Түнгі аспанда адасқанға жол сілтеп Жетіқарақшы тұр. Құлақтың құрышын қандыратын аспап та жетіген деп аталады. Қысқасы, президенттік мерзімді 7 жыл деп таңдаудың осындай бір рәміздік мәні бар.
Самат НҰРТАЗА,
саясаттанушы