1-9 қазан аралығында Астанада өтетін АТР 500 турнирінде теннис әлемінің шоқжұлдыздары өнер көрсететіні белгілі. Солардың арасынан сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Карлос Алькарасты бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ. Күні кеше ғана олар Қазақстанға келетіндерін ресми түрде растады.
35 жастағы Новак Джокович «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде 21 мәрте топ жарды. Осы орайда ерлер сайысында одан тек Рафаэль Надальдің ғана озып тұрғанын айта кеткен абзал. Испанияның даңқты теннисшісі дәл осы додаларда 22 рет дара шықты. Сербияның саңлағы АТР-дің 88 жарысында алдына жан салмады. Ұзақ уақыт бойы әлемдік рейтингте көш бастаған Новак қазіргі кезде үздіктер тізімінде жетінші орынды иеленуде. Бұл спортшыға көптеген рекордтық көрсеткіштер тиесілі. Джоковичтің тек кортта тапқан табысының өзі шамамен 160 миллион АҚШ долларын құрайды.
19 жастағы Карлос Алькарас таяуда ғана АҚШ-тың ашық біріншілігінде айды аспанға бір-ақ шығарып, бас жүлдені олжалады. Осы табысының арқасында ол әлемнің бірінші ракеткасы атанып отыр. Сонымен қатар Карлос осындай деңгейге жеткен әлемдегі ең жас теннисші екенін де айта кеткеніміз абзал. АТР додаларында барлығы алты рет дара шыққан испаниялық өрен Астанадағы турнирдің басты фавориттерінің бірі әрі бірегейі. Әзірге Алькарас 9 миллион доллардан аса табыс тапты.
Жоғарыда есімдері аталған саңлақтардан бөлек, әр жылдары «Үлкен дулыға» жарыстарының жеңімпазы атанған Даниил Медведев (№ 4), Марин Чилич (№ 16), Станслас Вавринка (WC) және Энди Маррей (WC) күш сынасады. Сондай-ақ Стефанос Циципас (№ 6), Андрей Рублев (№ 9), Хуберт Хуркач (№ 10), Янник Синнер (№ 11), Феликс Оже-Альяссим (№ 13), Диего Шварцман (№ 17), Карен Хачанов (№ 18), Роберто Баутиста Агут (№ 21), Григор Димитров (№ 23) және Гаэль Монфис (№ 32) сынды дүлдүлдер де осы турнирде сайысқа түседі деп күтілуде.