Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алда Президент және Парламент сайлаулары өтетіні туралы халыққа алдын ала айтқаны белгілі. 1 қыркүйектегі Жолдауында айтқан еді. Енді, міне, Президентіміз тиісті Жарлыққа қол қойып, сайлау осы жылдың 20 қарашасында өтетін болды.
Екі ай ішінде қазақстандықтардың ел болашағының жарқын болуына аянбай еңбек ететін Президентін таңдауға мүмкіндігі бар. Мен де осы елдің азаматы ретінде балаларымның келешегі үшін өз таңдауымды жасаймын. Конституциялық реформаның іске асуының арқасында сайлау науқаны да барлық заң талаптарын сақтай отырып жүргізілетініне сенемін.
Соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттің саяси құрылымының жаңа үлгісін қалыптастырды. Қарапайым тұрғын ретінде елдегі саяси жүйені өзгертудің мән-маңызын жақсы қабылдаймын.
Президенттің халыққа Жолдауында айтылған Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынуы да ел арасында қызу қолдау тапты. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуді жалғастыру да күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Осы әлеуметтік маңызы зор мәселелер шешімін тапса, елдегі саяси жүйені өзгертудің мән-маңызын оң бағытта екенін аңғартары анық.
Бір реттік жеті жылдық мерзімнің мәнісі неде? Мемлекет басшысы бүкіл саяси жүйені өзгертуді өзінен бастап отыр. Соған байланысты мемлекеттік құрылымдағы реформалар жаңа ережелер бойынша жүргізіледі. Аталған өзгеріс Әділетті Қазақстанның болашағына жол ашар құқықтық норма. Бұл норма ел тізгінін ұстар жаңа саясаткерлер мен жаңа саяси лидерлердің, сондай-ақ беті ашық, жүзі жарық, ары мен алақаны таза, елмен етене араласа жұмыс істейтін, халықты тыңдататын, өзі де тыңдай білетін жаңа буынның келуіне мүмкіндік береді. Құқықтық демократияның бұл үлгісі жаңа саяси тұлғалардың жоғары лауазымды билікке қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Бұл сайлау – қабылданған саяси реформаларды іс жүзінде жүзеге асыру болып саналады. Сайлау науқаны ел экономикасын қарқынды дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Демократияның жарқын үлгісі болатын саяси науқан тек оң өзгерістер мен жаңа бастамаларға себеп болады деген сенімдемін.
Нүркен АРАЛБЕКОВ,
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы Отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы