• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

КӨШІ-ҚОН ЖӘНЕ ЖАҢА ЗАҢ

4632 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы үшін көші-қон мәселесінің маңызы ай­рық­ша бо­лып отыр. Өйткені, респуб­ликамыздың жер көлемі ұшан-теңіз кең, ал тұр­ғын­дарының саны онымен салыстырғанда өте аз – 15 миллионнан енді ғана асты. Сондықтан да Қа­зақстан халқының санын көбейтіп, де­мо­графиялық жағдайымызды жақсарту бірінші кезекте қолға алынуда. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Назарбаевтың елі­міздің тұрғындарының санын алдағы уақытта 20 миллионға жеткізу керек деп нақты міндет бел­гілеуінің де басты себебі, міне, осыған байланысты. Осыған орай, “Халықтың көші-қоны тура­лы” жаңа заңның жобасы жасалып, тал­қы­­лаудан өтуде. Бұл заң ішкі және сыртқы көшке қатысты біраз мәселелерді қамтиды. Ол­ардың арасында этностық қазақтардың та­рихи отанына оралуының алар орыны ер­екше. Өйткені, Қазақстандағы демо­гра­фия­лық ахуалды жақсартып, халқымыздың санын кө­бейтуге үлес қосатын – осы оралмандар көші. Міне, осы тұрғыдан келгенде, көші-қон туралы жаңа заң қандай жаңалық әкеледі; бұл саладағы қордаланған мәселелерді шешуге қандай ықпалын тигізеді деген сұрақ еріксіз бой көтереді. Осыған орай, мына мәселені де қадап айтқымыз келеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бұдан бұрын қабылданған “Халықтың көші-қоны туралы” Заңның жобасын дайындауға белсенділікпен ат- салысқан еді. Яғни, біздің бұрынғы заң мен қазіргі жаңа заң жобасын салыстыра нақты пікір білдіруге толық мүмкіндігіміз бар. Айта кеткен жөн, заңның жаңа жобасында біраз жақсы жаңалықтар мен жетістіктер бар. Оны дайындаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл іске үлкен жа­уап­кершілікпен көңіл бөлгені бірден аңға­рылады. Бұған жақында ғана заң жобасын тал­қылау мақсатында өткізілген екі бірдей мәжіліске қатар қатысқанымызда көзіміз айқын жетті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасының тікелей қолға алуымен сырт жерлердегі қандастарымызды атажұртқа көшіріп әкелуге айрықша көңіл бөліп, көптеген игі істерді жүзеге асырды. Со­ның нәтижесінде, қазір жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін жетіп, жаңадан “Нұрлы көш” бағдарламасы қабылданды. Орал­мандарға арналған бұдан да бас­қа қаржылай көмек пен құқықтық же­ңіл­дік­­тер бар. Алайда, бұл салада тез арада бір жү­­йеге түсіріп, реттейтін мәселелер де аз емес. Бұған нақты мысал келтірейік. Көші-қон саласында соңғы жылдары ерекше дау-дамай туғызып жүрген мәселелердің бірі – оралман деген атау. Біраз жұрт мұндай атау өте ор­ын­ды деп есептейді. Тіпті бұдан он жыл, он бес жыл бұрын көшіп келгендер де өздерін орал­ман­быз деп есептеп, түрлі көмек, же­ңіл­дік талап етеді. Яғни, олардың ойынша орал­ман деген атау шетелден келген қазақтардың бә­рінің еншісіне өмірбақи жазылып қоятын мәңгілік мәртебе сияқты. Ал ағайындардың екінші тобы бұл атауға мүлдем қарсы. Оралман деген сөз бір қазақты екіге бөлу, кемсіту деп санайды. Соған бай­ланысты, бұл атауды түп-тамырымен жойып, қол­даныстан алып тастау керек деген арыз-ша­ғымдар ең жоғарғы орындарға дейін жа­зылды. Көші-қон комитеті тіл мамандарын жи­нап, бұл жөнінде бірнеше рет пікір алысу да өткізді. Ал сонда мұндай қарама-қайшылық пен түсініспеушіліктің туындауының себебі неде?!. Себебі, о бастан оралман деген атауға тү­сініктің нақты, дәл берілмеуінде. Өкінішке қарай, заңның жаңа жобасында да бұл мәселе ес­керілмеген. Мысалы, заң жобасының 1-ба­бында “Оралмандар – тарихи Отанында тұ­рақты тұру мақсатымен Қазақстанға келген және осы заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәр­тебе алған, Қазақстан Республикасы еге­мендік алған сәтте шетелде тұрақты тұрып жат­қан ұлты қазақ шетелдіктер немесе аза­маттығы жоқ адамдар және олардың Қа­зақстан Респуб­ликасы егемендік алғаннан кейін одан тысқары жерде туған ұлты қазақ балалары” деп көрсетілген. Міне, осы ұзыннан ұзақ құрмалас сөйлемнің алғашқы екі жәй сөйлеміне сүйеніп қорытынды жасасақ, шетелден келіп тиісті мәртебе алған қазақтардың бәрі – оралман. Яғни, бұдан он жыл, он бес жыл бұрын келген ағайын­дардың өздерін әлі күнге оралманбыз деп есептеуі заңға сәйкес болып шығады. Ал сол тармақтың үшінші және төртінші жай сөйлеміне қарасақ, шетелде тұратын 5 миллион қазақ үрім-бұтағымен қосылып тү­гел­дей – оралман. Ал шындығына келгенде, шетелде тұратын қазақ та, оның үрім-бұтағы да ешқандай оралман емес, тек оралман атануға құқы бар үміткерлер. Яғни, олар Қазақстанға келіп, арнайы куәлік алғаннан кейін ғана оралман атанады. Және ол куә­лік­тің мерзімі біткен күннен бастап оралман емес, қолында шетелдік паспорты бар эт­ностық қазақ немесе Қазақстан Рес­пуб­ликасының өзгелермен құқы тең азаматы. Заңда осы мәселені тайға таңба басқандай етіп неге анықтап көрсетіп қоймаймыз?! Жалпы, осындай бұлдыр, түсініксіз сөйлемдерді оқып отырып заң жобасын жасаушылардың ынта-ықыласы жақсы болғанымен, айтар ойды нақты, түсінікті жеткізуге келгенде кібіртіктей беретіндерін ай­қын аңғарамыз. Оралман деген атауды он бес жылдан бері халыққа дұрыстап түсіндіре алмай жүргеніміздің басты себебі, міне, осы­дан болса керек. Осыған орай заң жо­ба­сын­­дағы оралман деген ұғымға “қолында орал­ман деген мерзімі өтіп кетпеген куәлігі бар, жәрдемақы алуға құқылы” деген тіркес қосылуға тиіс. Көші-қон саласындағы қазіргі кездегі олқы­лықтардың басым көпшілігі ұйымдас­тыру жұмыстарының төмендігінен туындап отыр. Мысалы, сырт жерлердегі ағайын­дар­дың атажұртқа келуін барынша оңайлату үшін, ең алдымен, олармен алдын ала байланыс жа­сап, құжаттарын дайындап, шекарадан өт­уі­нен бастап, тұрақты тұратын жеріне дейінгі бүкіл жолын реттеп, үй­лестіріп отыру керек. Бұл ретте, өрке­ниетті мемлекеттердің осы саладағы іс-тәжіри­белері еріксіз еске түседі. Германия, Израиль сияқты елдер мұндай жұмыстарды мем­лекеттік органдар арқылы бір орталықтан басқарып, тарихи отанына ора­ламын деушілерді алдын ала тізімдеп, нақ­ты тәртіп-ережелер бойынша кезекке қойып, қай жерге орналасатынын анықтап, қоныс аударуға содан кейін ғана рұқсат береді. Соң­ғы кезде Ресей үкіметі де шетелдегі отан­дастарын көшіріп әкелуде осындай тәртіп қолдана бастады. Өкінішке қарай, бізде көші-қонның да­йын­дық жұмыстары әлі күнге жүйелі жүр­гізілмей келеді. Біз, көбіне, өз аяғымен келген оралмандарды кабинетте отырып тізімге алып, квотаның кезегіне қоюмен ғана шектелеміз. Ал сонда Қазақстанның көші-қон жұмыстарын өзге елдер сияқты белгілі бір жүйемен, нақты ереже-тәртіппен жүргізуіне не кедергі болып отыр?!. Мұндай сұрақ кө­терілсе, ешқандай ақылға қон­байтын, ұсақ-түйек жауап айтылады. Бұған нақты дәлел кел­тірейік. Кейбір облыстарға келген орал­ман­дардың біраз бөлігінің жәрдемақы алған­нан кейін ізім-ғайым жоғалып кететіні туралы әңгіме соңғы кезде жиі айтылып жүр. Ас­та­нада өткен мәжілісте де бұл мәселе көтерілді. Бірақ оған берілген жауаптан түсінгеніміз – қаржылай жәрдемақы алған оралмандардың қайда кеткенін, не істеп жүргенін ешкім білмейді және білу мүмкін де емес. Осындай уәж естігенде мынадай сұрақ туады: Қазіргі кезде оралманның бір отбасына орта есеппен бір миллион теңге көлемінде қаржы беріледі. Осы ақшаны жыл сайын квотаға кіретін 15-20 мың отбасына көбейтіп көріңіз. Бұл өте көп мөлшердегі қаржы. Міне, осынша көп қаржының кімге беріліп, қайда кетіп жатқанына қатаң бақылау жасауға неге бол­майды?!. Әр отбасының иесіне 1 миллион теңге ұстатып, содан кейін оның есебін сұрамау, ешқандай жауапкершілік талап етпеу бізден басқа қандай елде бар екен?!. Оралман – шөп арасына түссе тап­тырмай кететін ине емес, қайда барарын ешкім біл­мей­тін жел айдаған қаңбақ емес, бала-ша­ғасы, дүние-мүлкі бар кәдімгі адам. Қайда кетсе де құжаттарын реттейді, ең құрығанда, бір жерден тіркеуден шығып, екінші жерге тіркеуге тұрады. Квота алған жерінен кететін болса, түн жамылып, жанға білдірмей жа­сырына көшуі де неғайбыл. Ал сонда ол жер­де өкімет бар емес пе?!. Иә, ауылдың әкімі, ішкі істер, тіркеу мекемелері бар. Міне, осы­лар ақша алған бойда көше жөнелген ор­ал­­ман­дардың қайда баратынын неге сұ­ра­майды?!. Бұл ретте, әсіресе, Көші-қон комитетінің об­лыс­тық департаменттерінің не істеп отырғаны мүл­дем түсініксіз. Өйткені, квотаға кі­ре­тін­дерді тізімге алып, құжат­тарын қабыл­дай­тындар да, қаржы беретіндер де – солар. Ал сонда өздері тізімге алып, қаржы берген адам­дарының қайда кеткендерін, не істеп жүр­ген­дерін ол департаменттегілер қалайша біл­мейді?!. Әрине, шындап кіріссе әбден білуге болады. Бірақ оған ықылас жоқ. Өйткені, мұның аржағында біраз күмәнді нәрселер жатыр. Нақты дәлел келтірейік, Бүгінгі таңда оралман ретінде тіркеліп, Қазақстан азаматтығын алуға құжат өткізген және бұл жөнінде Елбасының Жарлығы да шыққан, бірақ соған қарамастан Қазақстан төл­құ­жатын алмай қашып жүрген ағайындар баршылық (Кейбір деректерге қарағанда, мұндай адамдардың саны 35 мыңдай.) Ал сонда олардың төлқұжат алудан қа­шуының себебі неде?!. Себебі түсінікті – олар азаматтыққа құжат өткізгенде Қа­зақстанда тұ­рақтап қалуды емес, тек әртүрлі жолдармен квотаға кіріп, ақша табуды ғана ойлаған. Ақ­шаны алған соң Қазақстанның төлқұжаты қажет емес, енді олар қайтып кетуді ой­лас­ты­рып жүр немесе әлдеқашан кетіп те қалған. Ал неше түрлі жалған құжатпен квотаға кіріп ақша алып жатқандар бұдан әлдеқайда көп болса керек. Квота алған бойда ізім-ғайым жоқ болып кететіндер, осындай жалған оралмандар. Ал мұндай көзбояу­шылық жасаудың жолы өте көп, тәсілі алуан түрлі. Мысалы, жоқ адамдарды жасанды құжат­тармен квотаға қосу, оралмандардың ба­ла­ла­рының санын өтірік көбейту сияқты жағ­дайлар жиі кездеседі. Немесе Қазақстанға келмеген адамның паспортына шекарадан өтті деген жалған штамп басылады (Өткен жылы көршілес елдердің біріне барғанда квотаға қосу үшін паспорттарын Қазақстанға беріп жіберген, бірақ ақыры соңында паспорт та жоқ, квотаның ақшасы да жоқ, жер сипап отырған адамдарды өз көзіммен көрдім). Тұрақты тіркеу де осылай жалған жолмен шешіледі. Немесе бұрынғы квота алған адамның шетелдік паспортының бір-екі әрпін өзгертіп, квотаға қайтадан кіреді (Теріскей облыстардың бірінде дәл осындай көзбояу­шы­лық жасамақ болғандар қолға түсті).             Алыс шетелдердің жоғары оқу орындарын бітірді деген жасанды диплом мен туу туралы алған куәлік жасау да көбейген. Қазір ком­­пьютердің заманы – түрлі мөр, штамп, диплом жасау онша қиынға түспейді. Осындай мәселе көтерілсе квотаға енгізуді арнайы комиссия шешеді деген уәж жиі айтылады. Бірақ ол комиссияның әрбір оралманды көзбе-көз санап, тексеріп отыра алмайтыны айтпаса да түсінікті. Олар, негізінен, түскен құжаттармен жұмыс іс­тейді. Ал құжаттардың шын, не жалған екенін ажырату оңай емес. Оның үстіне, шет тілінде жазылған құжаттың нотариус бекіткен аудар­масы негізге алынады. Ал нотариус болса құжаттың рас-өтірігін анықтамайды, ауда­р­маның дұрыс-бұрыс­тығына ғана жауап береді. Міне, осындай шым-шытырық жағ­дайлар квотаға неше түрлі жалған құжатпен кіріп, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға жол ашып отыр. Бұл жөнінде соңғы кезде баспасөз беттерінде жиі сөз болуда. Облыстық көші-қон департаменттерінің біраз қыз­мет­кер­лерінің үстінен осы жөнінде қыл­мыстық іс те қозғалды. Мұндай жағдай, әсіресе, оралмандарға баспана емес, ақшалай жәрдемақы берілетін болғаннан кейін айрықша асқындады. Мысалы, біз шетелдерден 2007 жылы 15 мың отбасы, 2008 жылы 20 мың отбасы көшіп келді, сөйтіп, көші-қон квотасының жоспарын толық орындадық деген мақтанышты әңгімені әр жерден естіп қаламыз. Ал, бірақ осы мәліметтерді дұрыстап тексерсек, сөйтіп, ұшан-теңіз жәрдемақы алған оралмандарды іздеп, нақты санақ жүргізсек, көптеген бы­лықтардың беті ашылар еді. Бұл жағдай Көші-қон комитетіне қазіргі жаңа басшылық келіп, квотаға кірудің талап-шарттарын едәуір қатайтқан соң 2009 жылы біраз саябырсыды. Дегенмен, шешілмеген мәселелер әлде де баршылық. Көші-қондағы жемқорлықтың асқын­да­уына сырттан келетін ағайындардың азая тү­суі де өз әсерін тигізіп отыр. Мысалы, жыл са­йын әр облысқа көші-қон квотасы бо­йынша орта есеппен бір мың, бір жарым мың отбасыға орын бөлініп, қаржы беріледі. Ал көп жағдайда ол облыстарда жаңадан келіп, дайын тұрған осыншама шынайы оралман табыла бермейді. Оның есесіне жалған құ­жатпен жүрген жасанды орал­мандар бар­шылық. Облыстық депар­таменттегілер осы жа­санды оралман­дарды тізімге кіргізіп, жос­парды да орындап, пайдаға да кенеліп, “екі жеп биге шығады”. Көші-қон саласындағы мұндай жағдайға тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Соған орай, квотаға жаңадан, нақты көшіп келген, өмірде бар, құжаттары дұрыс адам­дар­дың ғана кіруін қамтамасыз ететін және олардың тиісті жәрдемақыны алысымен дереу кері қайтып кетпей, Қазақстанда тұрақты тұрып қалуын қадағалап отырудың бір жүйеге түскен механизмін жасап бекіту қажет. Жаңа заңда бұл мәселе ерекше ескерілгені жөн. Сондай-ақ, квота бо­йын­ша жәрдемақы алып, бірақ өздері Қазақстанға келмей қалатын немесе қайтып кететін адамдардың заң алдын­дағы жауапкершілігін нақтылау керек. Соңғы екі-үш жыл көлемінде квотаға кіріп, жәрдемақы алғандардың қаншасы Қазақстанда тұрып жатыр, қаншасы келген жақтарына қайтадан қайтып кетті және оның себептері не деген мәселе нақты тексеріліп, сараптамадан өткізілуге тиіс. Сондай-ақ, сырт жерлерге барып, көші-қон жұмыстарын алдын ала дайындап, ұйымдастыруды да қолға алу керек. Бұған Қазақстанның қазіргі халықаралық аренадағы абырой-беделі толық жетеді. Әсіресе, қазақтар тығыз орналасқан елдердің Ташкент, Нөкіс, Баян-Өлгий, Үрімжі сияқты қалаларынан көші-қон меке­мелерінің бір-екі адамнан тұ­ра­тын шағын өкілдіктерін ашқан жөн. Мұн­дай өкілдіктер тек этностық қазақтардың көшін ғана емес, еңбек көші-қонын да, басқа көштерді де реттеп отырады. Қазақстанның тоғыз жолдың торабында жатқанын, біздің жерімізде алуан түрлі көштің толассыз ағылып жататынын ескерсек, көші-қонмен айналысатын мұндай өкілдіктердің болашағы зор, пайдасы үлкен. Алыстағы ағайындармен көші-қон жө­нінде ақпараттық портал ашып, сайт арқылы байланыс жасауды да қолға алу керек. Яғни, сырт жерлердегі қазақтар Қазақстанға қалай көшіп баруға болатынын, қай облысқа, қай жерге орналасқан тиімді екендігін интернет арқылы алдын ала біліп отырғандары абзал. Атажұртқа көшу туралы өтініштерін де осы электрондық байланыс арқылы жіберулеріне болады. Сондай-ақ, этностық қазақтардың көшін шетелдегі елшіліктеріміз бен кон­сул­дық мекемелеріміздің, түрлі халық­аралық ұйымдардың, өзіміздің қоғамдық бірлес­тік­тердің көмегіне сүйене отырып ұйым­даст­ыруға да әбден мүмкіндік бар. Мұндай ұйым­дастыру жұмыстарына алдын ала белгілі бір көлемде арнайы қаржы бөлу мәселесі де шешілуі керек. Бұл айтылған мәселелерді жүзеге асыру қаржылық, заңдық-құқықтық, техникалық жағынан онша қиын емес. Тек оған шынайы ынта-ықылас керек. Ал ынта-ықылас бай­қалмаса, онда неше түрлі сылтау айтып, көші-қон жұмысын өткен ғасырдың тоқ­са­ныншы жылдардағы ескі сарынмен жүргізіп, қазіргі қалпымыздан танбай, бей-жай отыра беретін боламыз. Осы ретте мына мәселені де атап көр­сет­кіміз келеді. “Халықтың көші-қоны туралы” заң жобасында көші-қон мәселелері жө­нін­дегі уәкілетті органның құзыреті 12 түрлі тар­мақпен белгіленген. Бірақ оның ішінде көші-қон жұмысын ұйымдастыру туралы бір ауыз сөз жоқ. Мұны қалай түсінеміз?!. Көші-қон ме­кемесінің ең басты міндеті – көшті ұй­ымдастыру емес пе?! Заңда осы мәселе де нақты, айқын етіп көрсетілуі өте қажет. Жоғарыда көші-қон квотасына кіріп, жәрдемақы алудың жемқорлықтың бір көзіне айналғанын айттық. Бұл мәселелерді толық шешуге жалғыз Көші-қон комитетінің ша­ма­сы келмейді. Соған орай, заң жобасында ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар мен әділет органдарының құзыретіне осы мәселелерді де жүктеп, “олар көші-қон саласындағы түрлі жем­қорлықтар мен заңсыздықтарды бол­дыр­мауды қада­ғалайды” деп нақты көрсеткен жөн. Бүгінгі таңда шетелден келген этностық қазақтардың ең көп қиындық көретін мәселесі – тұрақты тіркелу. Әсіресе, қалалық жерге келген оралман танысы болма­ған­дық­тан тұрақты тіркеле алмайды. Тұрақты тіркеуі жоқ адамға оралман куәлігі берілмейді, квотаға кірмейді. Оны ешкім жұмысқа да қабылдамайды. Соңғы уақытта Алматы сияқты үлкен қалаларда тұрақты тіркеуге тұру тіптен қиындады. Мұның бәрі алыстағы ағайындардың атажұртқа келуіне үлкен кедергі болып отыр. Сондықтан заң жоба­сында Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкі­лет­ті органдар мен ішкі істер органдарының шетелден келген этностық қазақтарды бірлесе отырып 10 күн мерзім ішінде бейімдеу орталықтарына, егер ондай орталық болмаған жағдайда алдын ала белгіленген басқа бір мекен-жайға міндетті түрде тұрақты тіркейтіні атап көрсетілуге тиіс. Оралмандардың көп қиындық көретін және бір мәселесі – аттестаттары мен дип­лом­дарын, басқа да құжаттарын куәландыру, яғни нострификация жасату. Бұл құ­жат­тардың шын немесе жалған екендігін анықтауда тү­сініс­пеу­шіліктер жиі кездеседі. Тіпті, Қазақ­станға көшіп келген қазақтарға “аттестаттар мен диплом­да­рың­ды бұрынғы тұрған елдеріңе барып куә­лан­дырып әкеліңдер” деген талап та қойылады. Міне, осыны болдырмау үшін заңда білім беру саласындағы уәкілетті орган шетелден келген этностық қазақтардың білімі жөніндегі түрлі құжаттарын куәландыруды жүзеге асырады деген мәселе де қамтылуы керек. Сондай-ақ, орал­ман­дарды орта және жоғары маман­дықтар бо­йынша қайта дайындықтан өткізу мәселесі де ескерілгені жөн. Шетелден келген оралмандардың ара­сын­да әйелі не күйеуі өзге ұлт өкіліне жата­тын отбасылар да бар. Бұл, әсіресе, Қара­қалпақстаннан келген ағайындар арасында жиі байқалады. Міне, сондай отбасындағы өзге ұлт өкілін квотаға қоспай, жеңілдіктерден құр қалдыру жиі кездеседі. Мысалы, қазаққа күйеуге шығып, бес-алты бала туып берген қарақалпақ әйелінің не жазығы бар?!. Оны “ұлтың басқа” деп шеттету заңға да, адамгершілікке де сай келмейді. Соған орай, заң жобасының 9-бабына “оралман мәрте­бесін алған отбасының мүшесі болып саналатын өзге ұлт өкілі де оралмандарға тиісті жеңілдіктер алуға құқылы” деген толықтыру қосқан жөн. Оралман мәртебесін алу үшін қазақ екен­дігін дәлелдейтін құжат керек. Бірақ, бұл мәселе де күн өткен сайын қиындап барады. Кейбір елдердегі жеке куәлікте де, паспортта да адамның қай ұлтқа жататыны көрс­е­тіл­мейді. Тіпті, әртүрлі себептермен төл­құ­жатта­рында өзге ұлт өкілдері болып кеткен қандастарымыз да аз емес. Мысалы, Тәжік­стандағы біраз ағайындарымыздың әкелері қазақ, ал балалары тәжік не өзбек болып жазылған. Міне, осыларды этностық қазақ деп танып, оралман мәртебесін берудің жолы қандай?!. Заң жобасының 39-бабының 2-тармағы мен 40-баптың 2-тармағында бұл мәселені Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері анықтайды деп жазылған. Бірақ бұл өте күмәнді мәселе. Шетелдегі елшіліктер Қазақстанға келген оралманның қазақ екендігін алыста жатып қалай анықтайды?!. Тіпті, оралманды өзінің қазақ екендігін дәлелдейтін анықтама әкел деп шетелге қайтадан жібергенде, ол мұндай анықтаманы қалай алады, кімнен алады?!. Міне, осыны болдырмау үшін шетелден келген азаматтың қазақ екендігі Қазақстаның өз ішінде анықталуы тиіс. Бұл міндетті орал­ман­дарды көшіп келу квотасына енгізу жө­ніндегі комиссияға жүктеу керек. Яғни, заң жо­басына “Оралманның ұлтты қазақ екен­дігін көшіп келу квотасына енгізу жө­ніндегі ко­миссия анықтап шешеді” деген тіркес енгізген жөн. Заң жобасының 44-бабында “оралман мәртебесі оралман Қазақстан Респуб­ли­ка­сының азаматтығын алғаннан кейін тоқ­та­ты­лады” деп көрсетілген. Бүгінгі таңда орал­мандарға байланысты түсініспеушілік пен дау-дамайдың біразы, міне, осы мәселеден де туындап отыр. Мысалы, оралман квота кезегіне тұрып, жәрдемақы алуға жақын­д­а­ған­да Қазақстан азаматтығына қа­был­данғаны туралы Президент Жарлығы шықса, ол жәрдемақыдан құр қалады. Біздіңше, бұл әділдік емес. Осыны да заңмен нақтылау керек. Бірақ бұл жөнінде және бір қауіп бар. Егер шетелден келіп, Қазақстан азамат­тығын алғандардың бәріне оралман ретінде жәрдемақы төлей бастасақ, тегін ақшадан дәметкен жүздеген мың адам кезекке тұрады. Көші-қондағы жемқор­лықтың ең асқындаған түрі, міне, сол кезде шығуы мүмкін. Сон­дықтан, Қазақстан азаматтығын алғандарға оралман ретінде жәрдемақы төлеудің қатаң ереже-тәртібін жасап, бекіту керек. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз – Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде атажұртқа оралған сан мыңдаған қандас­та­ры­мыз еліміздің өсіп-өркендеуіне, демо­гра­фия­лық жағдайымыздың жақсаруына ұшан-теңіз үлес қосып, қуаныштарды да, қиындықтарды да өзгелермен бірге тең бөлісіп, тынбай еңбек етіп, жұрт қатарлы өмір сүруде. Ал көші-қон саласында әртүрлі келеңсіз жағдайлар кез­дессе, ол, ең алдымен, ұйымдастыру жұ­мы­сындағы олқылықтардан туындап отыр. “Халықтың көші-қоны туралы” жаңа заң осы олқылықтарды болдырмаудың барлық алғышарттарын жасап, шетелдегі аға­йын­дарымыздың атажұртқа көптеп келуіне бұ­рынғыдан да кең жол ашады деген үмітіміз де, сеніміміз де мол. Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары  қауымдастығы төрағасының орынбасары.