Келген қонақтардың басым бөлігі Алакөл ауданы жолының нашар екенін жиі айтады. Оның сапасын жақсарту үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Биылдың өзінде 1 млрд теңге қаражат бөлінген, оның ішінде күрделі жөндеуге 474 млн теңге жұмсалған. Келер жылы көлге түсуге келген туристер бұрынғыдай қиындық көрмейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс аумағынан өтетін Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолының қалған 15 шақырымына асфальт төсеу қазан аяғының соңына дейін аяқталады. Көпір салу жұмыстары да бітуге жақын. Жалпы, нысан келесі жылы толық іске қосылады. Жыл соңына дейін Үшарал – Достық жолына асфальт салу да аяқталуға тиіс. Бұл туралы Алакөл ауданы тұрғындарымен болған кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.
Сол сияқты 5 ауыл мен Үшарал қаласында 19,4 шақырым жол жөнделеді. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 38%-ға жетеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда облыстық маңызы бар «Алматы – Өскемен – Арқарлы» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізу үшін 1,2 млрд теңгеге техникалық құжаттама әзірленді. Жол жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталады. Облыстық маңызы бар «Қабанбай – Лепсі, Үшқайың (Бибіқан) ауылына кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеуге 700 мың теңгеге техникалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжат осы жылдың соңында дайын болуы тиіс. Бұдан бөлек «Қабанбай – Көктұма» және «Қабанбай – Лепсі» бағыттары бойынша 3 көпірдің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін екі көпір салынып бітеді.
Жетісу облысы аумағынан өтетін Талдықорған – Қалбатау – Өскемен жолының қалған 15 шақырымындағы асфальт төсеу қазан айының соңына дейін аяқталады. Көпір салу жұмыстары да бітуге жақын. Жалпы, нысан келесі жылы толығымен іске қосылады. Жыл соңына дейін Үшарал – Достық жолына асфальт салу да аяқталуға тиіс. Бұл туралы Алакөл ауданы тұрғындарымен болған кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Республикалық маңыздағы трассаны жаңғырту жұмыстарының ұзаққа созылуынан жергілікті тұрғындар да, жолаушылар да қиындық көрді. Бұған қоса туризмді дамытуға тежеу болды. Яғни өңір экономикасына да, халықтың тұрмыс сапасына да әсер етіп отыр деген сөз. Жалпы, жыл басынан бері 33 шақырымда жұмыс аяқталуға тиіс еді, соның 18 шақырымына асфальт төселген. Енді қалған шақырымын қазанның соңына дейін бітіру міндетін қойып отырмыз. Жол жиегін абаттандыру, сол сияқты жобаның басқа да қалған ұсақ-түйек жұмыстарын келесі жылы аяқтаймыз. Қазір бізге ең маңыздысы жолды ашып, көліктердің қозғалысына жағдай жасау», деді Б.Исабаев.
«ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының мәліметінше, қалған учаскелер Алакөл, Сарқан, Ақсу, Ескелді аудандарының аумағынан өтеді. Сол сияқты Жансүгіров, Сағабүйен, Қабанбай, Көлбай ауылдарындағы 4 көпірді бітіру керек. Егер ауа райы бұзылып кетпесе, жоспарланған жұмыс ауқымы белгіленген мерзімге дейін аяқталуы тиіс. Негізінен көпірді қыста да сала беруге болады.
Ауданда туризмді дамытудағы тағы бір маңызды мәселе – Ақши мен Көктұма ауылдарында жаз маусымында электр энергиясы жетіспейді, жарық жиі өшеді. Осы проблеманы шешу мақсатында биыл Ақши ауылында 67 шақырымнан асатын электр тарату желісінің құрылысы жобасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінген, жобаның жалпы құны – 688 млн теңге. Аяқталу мерзімі – 2023 жылғы ақпан. Сол сияқты «Ақши» жаңа қосалқы стансасын салу мен Бескөл, Ақши ауылдарына электр тарату желілерін тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 111 млн теңге бөлінді, жалпы құны – 123,5 млн теңге. Жұмыстар 2023 жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Жағаны бекіту мен жағалаудағы кәріз тазарту жүйесінің құрылысы да әлі күнге өзекті болып отыр. Жосықсыз мердігер жобаны жарты жолда қалдырған. Осыған байланысты қазір жұмыс тоқтап тұр, сот процестері жүріп жатыр. Сондай-ақ жергілікті жерлерде мұндай жағдайдың қалыптасу себептерін анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілуде. Соның нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қолданылатын болады.
Тағы бір атап өтерлігі, осы жылдың тамыз айында Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, Астана, Алматы, Талдықорған бағыттарындағы әуе қатынасы қайта жанданды.
Жаз кезінде Алакөл жағалауындағы демалысты тиімді ұйымдастыру үшін Астана мен Алматы қалаларынан, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарынан 10 рейс пойыз қатынады. Алдағы уақытта өңір тұрғындары ұшақпен де, пойызбен де жыл бойы үздіксіз жүре алады.
Жалпы, көл жағалауында туризмнің 288 нысаны орналасқан, соның 165-і – қонақүй, 3-еуі – сауықтыру лагері, 44-і – демалыс үйі, 64-і демалыс базасы. Осылардың 10-ы биыл іске қосылды. Олардың жобалық құны 1,4 млрд теңге, 67 жұмыс орны құрылған, 1 290 орындық нөмір қоры бар. Жазғы маусымның қорытындысы бойынша Алакөл жағалауында 1,5 млн адам демалған. Былтыр 1,3 млн адам көлге түсіп, тынығып қайтқан еді.