Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында қолға алынған іс-шаралар легі әлі де жалғасып жатыр.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Алматы қаласында орналасқан Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері тарапынан дайындалған The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly және «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» атты ғылыми еңбектердің тұсаукесері болып өтті.
Анкарада басылып шыққан ағылшын тіліндегі The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly ұжымдық монографиясы Абай Құнанбайұлын шетелдік қауымға оның мұрасын жан-жақты танытуға мол мүмкіндік беретіні сөзсіз. Қазақстан және шетел абайтанушыларының Абайдың өмірі, әлеуметтік ортасы, әдеби айналасы, ұлт зиялыларына ықпалы, шығармашылық мұрасы, әдеби мектебі, шығармаларының қолжазбасы, тілдік ерекшелігі, діни көзқарасы, тарихи дүниетанымы бойынша кең мағлұмат берілген.
Тұсаукесерге арқау болған келесі еңбек «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» деп аталады. Онда 1889 жылы баспасөзде Абай туралы шыққан алғашқы мақаладан бастап, 175 жылдық мерейтойы аталып өткен 2020 жылға дейінгі барлық жарияланым қамтылған. Аталған библиографиялық көрсеткішке Абай шығармалары мен абайтану саласындағы кітаптар, монографиялар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, библиографиялық материалдар, диссертациялар (кандидаттық, докторлық және PhD), газет-журнал мақалалары мен тағы басқа да жарияланымдарды қамтыған жалпы саны 12 мыңнан аса дерек енгізілді.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының осынау еңбегі абайтану саласына қосқан сүбелі үлес деп білеміз. Аталған іс-шараға қатысқан баяндамашылар мен қонақтар Еуразия ғылыми-зерттеу институтының басшысы Суат Бейлұрға және осы оқу орнының ғылыми қызметкерлеріне зор қажыр-қайраты мен тарихи еңбектері үшін алғыс білдірді.
Айжан АМАНҚОСОВА
ТҮРКІСТАН