• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Қыркүйек, 2022

Қаржы институттарының қауқары

192 рет
көрсетілді

Әлемдегі геосаяси ахуал күн санап күрделеніп барады. Әрі сол қиын түйткілдер бізге жақын өңір­лер­де жүріп жатыр. Бұл, әрине, көңілді алаңдатады. Геосаяси проблеманың бар ауыртпалығы логистика мен экономикаға, одан әрі қаржы нарығына түседі. Пандемия екпіні де әлі толық басыла қойма­ған кезде жаңа тәуекелдер топ-тобымен келе қалды... Соған қара­мас­­тан отандық қаржы секторы әлі де болса тұрақтылық танытуда. Олар қайткен күнде де санкция тұ­за­ғына ілікпей, ызалы жерді айналып өтудің қам-қарекетін жасап жатыр.

Меншік капиталы артты

Екінші деңгейлі банктердің әле­уе­тін бір деңгейде ұстап тұратын және олардың еркін жұмыс істеуіне мүм­кін­дік беретін бірегей фактор – меншік капи­талының көрсеткіші. Әзірге біз­дің банктер меншік капиталының жет­кі­лік­ті болуы тұрғысынан мақтана алады. Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық екінші деңгейлі банктер меншік капиталын тұрақты арттырып жатыр. Соңғы бір айдың ішінде 7 пайызға ұлғайған. 2022 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша банк секторының капитал қоры жеткілікті деңгейде. Шілде айынан бері капитал көлемі 7,2 пайызға өсіп, 5,7 трлн теңгені құраған.

Ірі екінші деңгейлі банктер арасында реттеушілік меншік капиталының өсімі бойынша ForteBank көш басына шықты: бір айда 9,7 пайызға немесе 26,4 млрд теңгеге артқан. Нәтижесінде биыл тамызда меншік капиталының сомасы 298,4 млрд теңге болған. Айта кету керек, басқалармен қатар, капиталдандыру көрсеткіштерінің жақсаруына байланыс­ты S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі ForteBank-тің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен «B+»-тен «BB−»-ге дейін көтерді. Банк көрсеткіштері нығайған және агенттік банк одан әрі капитал қорын арттыра түседі деп күтеді.

Екінші орында – Kaspi Bank. Бір айда капитал қорын 9,4 пайызға немесе 42,6 млрд теңгеге ұлғайтқан. Үздік үштікті «Ситибанк Қазақстан» түйіндейді – бір айлық динамикада 7,5 пайызға немесе 11,1 млрд теңгеге артқан. Айта кету керек, тек жоғарыда аталған банктерде жал­пы нарықтағы орташа мәннен асатын капиталдың өсу динамикасы бар.

«Негізінен екінші деңгейлі банктердің барлығы пруденциалдық нормативтерді, соның ішінде меншік капиталының жеткіліктілік коэффициенті бойынша талаптарды орындаған. Оның үстіне, көрсеткіштер көбіне заңмен белгіленген стандарттардан айтарлықтай асып түседі және банктерге ықтимал тәуекелдерді маржамен жабуға мүмкіндік береді.

Салым көлемі өсті

Сонымен бірге қаржы институт­та­рын­да­ғы салым көлемі де айтарлықтай өскен. Қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктерде жинап отырған салымдары көбейіп, жалпы сомасы 14 трлн теңгеден асыпты. 2022 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың қазақстандық банктердегі салымдарының айлық динамикасы – 2,7, жылдық динамикасы 13,3 пайызды құраған.

Бөлшек салымдардың айлық өсімі бойынша «Банк Хоум Кредит» көш бас­тайды. Айлық өсім динамикасында 20,9 пайызға ұлғайып, салым мөлшері 216,2 млрд теңгеге жеткен. Жылдық өсім үлесі 47,8 пайызды маңайлайды. Айта кету керек, банк былтырдың өзінде салым еншілеу бойынша ТОП-10 қатарына да ілінбеген еді. Алайда көрші елдегі оқыстан басталған әскери іс-қимылдар, соның салдарынан ресейлік еншілес банктердің нарықтан ығысып қалуы өзге банктерді, оның ішінде «Банк Хоум Кредитті» де күшейткен сыңайлы. Бұл банк өз иесін де ауыстырды, акционерлер құрамынан ресейліктерді шығарып тастап, қазір тікелей PPF чех холдингіне және халықаралық Home Credit тобына ғана тиесілі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда «Банк Хоум Кредит» – отандық нарықтағы жалғыз еуропалық банк. Тек қана заңды тұлғалармен жұмыс істейтін америкалық «Ситибанкпен» са­лыс­тырғанда «Банк Хоум Кредит» бөлшек сегментте белсенді жұмыс істеп, қазақстандықтарға барлық категория бойынша банк өнімдерін ұсынумен айналысып жатыр.

Депозит өсімі бойынша екінші орында – «Банк ЦентрКредит». Бір ай ішінде салым көлемі 8,1 пайызға өсіп, 1,13 трлн теңгеге жетіпті. БЦК-ның жақында ғана ресейлік еншілес «Альфа-Банкті» сатып алып, оны Eco Center Bank деп атап, ребрендинг жасағанын, кейін ол банкті де өзіне жұтып алғанын білеміз. Үшінші орында – Altyn Bank. Бұл қытайлық еншілес банктің бөлшек салым портфелі бір айда 7,7 пайызға ұлғайып, 267,3 млрд теңгені құраған. Айта кетейік, бұл банктің үш акционері бар, тиісінше үшеуі де аса ірі құрылымдар – China CITIC Bank Corporation Limited (50,1 пайыз), China Shuangwei Investment Co., Ltd қытайлық компаниясы (9,9 пайыз) және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (40 пайыз).

Жалпы алғанда, үздік ондықтағы бар­лық банктің бөлшек салым сег­ментінде депозит бойынша айлық өсім тіркелген. Ал ТОП-10 қатарына кір­мейтін банктер арасында 12 ойыншының бесеуінде кері кету бар. Екінші деңгейлі банктердің жалпы салымындағы бөлшек сегмент үлесі 50,8 пайызды құрайды.

МҚҰ-лар капиталымен мақтанады

Функциясы ұқсас болғанымен, тіршілік ету аудиториясы әр алуан және клиенттер жүктемесі де өзгеше болып саналатын микроқаржы ұйымдары да даму бойынша банктерден қалысатын емес. Тіпті қазір бизнесті несиелеу тұрғысынан алып қарағанда осы МҚҰ-лардың бәсі биік. Микроқаржы ұйымдарының нарығы қарқынды дамып жатқанына олардың кейінгі бір жыл ішінде активтер сомасын 55 пайызға арттыра алғаны дәлел бола алады. Сөйтіп, МҚҰ активтерінің жалпы көлемі триллион теңгеге таяп қалған. Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша МҚҰ активтері 997 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 54,7 пайызға көп. Жалпы, кейінгі бес жылда сектордың активтері орта есеппен жылына 44,7 пайызға өсіп отырған.

Өз кезегінде, МҚҰ меншік капиталы 2022 жылдың маусымының соңында 287,2 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,9 пайызға артық. Актив пен меншік капи­талының қарқынды өсуі сектордың кеңеюін ғана емес, оның біршама ор­нық­ты екенін де аңғартады. Мұны халықаралық бағалау агенттіктерінің талдаулары да қуаттай түседі.

Биыл 29 тамызда қазақстандық мик­ро­қаржы ұйымдарына салыстырмалы талдау жүргізген Fitch Ratings қазақстандық компаниялардың пандемия кезінде жақсы нәтижелер көрсеткенін айтады. Микроқаржы ұйымдары ішін­де актив сомасы көп ұйым – KMF МҚҰ. Оның еншісінде 220,9 млрд теңге бар және бұл бүкіл сектордың 22,2 пайызын құрайды. Жыл басынан бері компанияның активі 20,8 пайызға ұл­ғайған. Айта кету керек, бұл МҚҰ кең ауқымды қызмет көрсетеді, әсіресе агросекторды қолдауға бағытталған жобалары өте көп. Екінші орында 147,6 млрд теңгемен «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» орналасқан. Олардың активі бүкіл нарықтың 14,8 пайызын иеленеді. Жарты жылда компания активі 21 па­йызға көбейіпті. Үшінші орында – MyCar Finance. Актив қоры 132,8 млрд теңгеге бағаланады және нарықтың 13,3 пайызына ие.

Меншік капиталы бойынша да KMF көш бастайды: 50,6 млрд теңге. Одан кейінгі орында 19,2 млрд теңгемен FREEDOM FINANCE Credit тұрса, 18,9 млрд теңгемен «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» үштікке ілінген. Сөз жоқ, компанияның нарықта орнық­ты­лық танытуына халықаралық қаржы институттарының сенім білдіруі де үл­кен әсер етеді. Мысалы, KMF халық­ара­лық ұйымдардан тұрақты негізде қорландыру жасайды. Мәселен, биыл шілдеде Еуропалық қайта құру және даму банкінің аталған микроқаржы ұйы­мына 25 млн доллар көлемінде несие ұсынатыны белгілі болды. Бұл қажетті қаражатты әйелдер басқаратын шағын компаниялар мен кәсіпорындарға, оның ішінде ауылдық жерлерге бағыттауға мүм­кіндік береді.

Оған дейін 13 маусымда KMF пен Азия даму банкі арасында 15 млн доллар займ алу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бұл қаражат кәсіпкерлерді, соның ішінде ауыл еңбеккерлерін қол­дауға бағытталмақ.

Ресейден Қазақстанға ақша ағыны көбейді

Банк және микроқаржы ұйымдары туралы сөз қозғаған кезде ақша аударымдар жүйесін де айналып өте алмаймыз. Кейінгі айларда Ресейден Қазақстанға қарай ақша жіберу көрсеткіші едәуір артыпты. Ресей нарығынан халықаралық Visa және Mastercard төлем жүйелері кеткеннен кейін ресейліктер Қазақстанға қарай жаппай ақша жібере бастаған. Ақша аударымдарының халықаралық жүйесі арқылы биыл қаңтар-шілдеде жібе­рілген қаржы көлемі 582,5 млрд тең­гені құрапты. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға көп.

Бұл ретте транзакция саны 2,3 па­йызға, 1,4 млн-ға дейін қысқарған. Ал бір ауда­рымның орташа чегі 9,6 пайызға дейін өсіп, 418 мың теңгеге жуықтапты. Ха­лық­аралық ақша ауда­рымының жүйесі арқылы шетелден алынған қа­ражат көлемі бірден 2,2 пайызға ұлғай­ған және 358,9 млрд тең­геге жеткен. Транзакция саны 30,2 па­йызға өсіп, бір аударымның орташа чегі 236,3 мыңнан 403 мың теңгеге де­йін артты.

Елдер бөлінісінде 2022 жылдың қаңтар-шілдесінде Қазақстаннан аударылатын ақша көлемінің 69 пайызы – Өзбекстан (163,6 млрд теңге), Түркия (136,5 млрд теңге) және Ресейге (101,8 млрд теңге) тиесілі. Сондай-ақ 58,5 млрд теңге Қырғызстанға және 44,9 млрд теңге Грузияға аударылған. Ал бізге ең көп ақша Ресейден келген – 193,8 млрд теңге. Бұл сома 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырып қарағанда 5,7 есе көп. Соның 185,4 млрд теңгесі – сәуір-шілде аралығында, 18,3 млрд теңгесі – сәуірде, 45,6 млрд теңгесі – мамырда, 66,9 млрд теңгесі – маусымда, 54,6 млрд теңгесі шілдеде келген.

Атап өту қажет, 2015 жылдан бері 2022 жылдың наурызына дейінгі ара­лық­та РФ-дан келетін аударымның орташа айлық көлемі 9,2 млрд теңгені құраған. Ал 2021 жылғы орташа айлық көлемі тіпті 4,4 млрд теңгемен шектелген. Яғни ресейліктер өздерінде Visa мен Mastercard жүйелері жұмыс істемей қалғаннан кейін Қазақстанға жаппай ақша жібере бастады деп қорытынды жасауға толық негіз бар.

Жалпы, алғанда қаржы секторының дамуы тұрақты. Бірақ кенеттен туындап, әбігерге салып қоюы ықтимал тәуекелдер де жоқ емес. Өйткені жүріп жатқан геосаяси жағдайлар экономиканың әдеп­­кі сатыларының бірі саналатын қаржы нарығына ауқымды негативті әсер ету күшіне ие. Сондықтан біздің қаржы ұйымдары – банктер, сақтандыру ұйымдары, МҚҰ-лар, брокерлік мекемелер өздерінің қорғаныс қабілетін арттырады, клиенттер қауіпсіздігіне бұрынғыдан да қаттырақ алаңдайды және ең бірінші планға адал әрі қауіпсіз қызмет көрсету сервисін шығарады деп сенім артамыз.