Жолдауда көтерілген үлкен мәселенің бірі – ауыл шаруашылығын дамыту. Президент құжатта бұл секторды дамыту еліміздегі басты проблеманың бірі деп атап көрсетті. Ауыл шаруашылығындағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні тағы белгілі.
Осыған орай Мемлекет басшысы: «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес», дей келе, Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тапсырма берген еді.
Жолдауда Президент тапсырған аграрлық секторды субсидиялау, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру міндеттері қалай жүзеге асырылып жатыр? Мәжіліс депутаты Қайнар Абасовтың төрағалығымен өткен Amanat партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитеттің отырысында осы және өзге де мәселелер талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, осы саладағы субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін оны алушыларға бірқатар міндеттеме енгізу жоспарланып отыр.
«Бұл өз өндірісінің өнімін жыл сайын кемінде 3 пайызға ұлғайтуды қамтамасыз ету (форс-мажор жағдайларды қоспағанда), еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру және негізгі капиталға инвестиция құюды қамтамасыз ету», деді министр.
Комитет отырысында баяндама жасаған Е.Қарашөкеев ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмысқа да назар аударды. Агроөнеркәсіптік кешенді 2025 жылға дейін дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде ауыл тұрғындарын несиелендіру жұмысы көзделіп отыр. Осы мақсатта 2023 жылдан бастап жыл сайын 7500 шағын несие беру жоспарымен 30 млрд теңге сомасында қаржыландыру көлемі қарастырылды. Сондай-ақ министр инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесіне де жеке тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне қатысты бірқатар міндет қойған болатын. Биыл Агроөнеркәсіптік кешенде 81,1 млрд теңге сомасына 110 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 2022 жылдың 8 айында АӨК-тің негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 524,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп (306,3 млрд теңге). Жыл соңына дейін 127 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр», деп атап өтті ол.
Отырыс қорытындысы бойынша комитет бейінді мемлекеттік органдарға арналған бірқатар нақты ұсынымдар қабылдады. Ауыл шаруашылығы саласына миллиардтаған қаржы бөлініп отыр. Ал қайтарымы қалай болмақ?