• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қыркүйек, 2022

Салық реформасы: үміт күттірер бастама

461 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында дифференциалды салыққа қатысты мәселе көтерді. «Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн», деген Президент салық рефор­масы аясында «сән-салтанатқа са­лық» салуды енгізуге назар аударды. Айта ке­терлігі, мұның орта тапқа қатысы жоқ. Бұл тек аса қымбат жылжымайтын мү­лік және автокөлік сатып алған кезде салынбақ.

Осы орайда дифференциалды, яғни үдемелі салық мәселесін тарқатып айта кетсек. Үдемелі өлшемге сәйкес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді. Ал еңбекақы­сы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады. Мақсат – еңбекақы төлеудің  мейлін­ше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңке­ден» шығару. Егер тиісті салық мөлшері қысқаратын болса, жалақыны жасырын төлеудің қажеті болмайды

Негізі үдемелі салық салудың да бірнеше түрі бар. Қазіргі таңда дамыған мемлекеттерде  пайыздық мөлшерлемемен үдемелі салық жүйесі қолданылады. Мәселен, Ұлыбританияда жылдық табысы 12 570 фунт-стерлингке жетпейтіндерге мүлдем салық салынбайды. Ал жалақысы 12 571-50 270 фунт-стерлинг болатын азаматтарға – 20 пайыз, кірісі 50 271-150 000 фунт-стерлингті құрайтындар 40 пайызын мемлекетке санап беруге тиіс. Табысы 150 000 фунттан асатындарға салынатын салық – 45 пайызға тең.

Ұлыбританияны мысалға келтіруіміз бе­кер емес. Әу баста осыған ұқсас жүйе Рим империясында кездессе де, заманауи дәуір­де үдемелі салықты ең алғаш енгізген дәл осы ағылшындар. Сол кездегі Тұманды Аль­бион­ның премьер-министрі Уильям Питт 1798 жылы бюджеттің «жыртығын жамау» үшін осы жүйеге иек артты. Кейінірек ағылшындар үдемелі салықтан бас тартып, қайта қабылдап жүріп, ақырында осыған тұрақтады.

Қаржы мен экономикадан хабары жоқ адамға мұндай жүйе есептеуге қиын көрінуі ықтимал. Жоғарыда Ұлыбританияны мысал­ға келтірдік қой, Тұманды Альбионнан алыс­тамайық. Осы жүйені қолдана отырып, ел премьер-министрі Лиз Трасстың қанша салық төлейтінін есептеп көрейік.

Ұлыбритания үкіметінің сайтында көрсетілген деректерге сүйенсек, парламент мүшелері жылына 84 144 фунт-стерлинг көлемінде жалақы алады. Ал палата спикері, премьер-министр секілді лауазымдарға қосымша ақы төленеді. Мысалы, премьер-министрге қосымша 79 936 фунт артық беріледі. Сонда Лиз Трасстың жылдық жалақысы  164 080 фунт-стерлингті құрайды.

Тұманды Альбиондағы салық жүйесі бірнеше сатылы. Соған сәйкес, жылдық табысы 12 570 фунт-стерлингке жетпейтіндерге салық салынбайтын болғандықтан, бұл соманы жалақыдан алып тастауымыз керек. Бірақ премьер-министрге жеңілдік берілмейтіндіктен, оны есепке алмаймыз. Келесі саты ретінде жалақысы 50 270 фунтқа салынатын 20 пайыздық шкаланы қолданамыз. Осылайша, негізгі сомадан 50 270-ті алып, оның 20 пайызын салыққа төлейміз. Салық – 10 054, қалғаны – 113 810 фунт-стерлинг. Үшінші саты ретінде бұл соманың 40 пайызын салыққа жұмсаймыз (45 524 фунт-стерлинг). Сонда жалпы Лиз Трасстың төлейтін салығы шамамен 55 578 фунтты құрайды.

АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі Бенжамин Франклин «Америкада екі нәрсе ғана мәңгілік: өлім мен салық» деген екен. Сон­дық­тан шығар, мұхиттың арғы бетінде та­быс­ы мол азаматтар қомақты қаражатын са­­лық­қа төлейді. Қазіргі таңда аталған елде үдемелі са­лық жүйесі пайдаланылады. Оның кө­лемі 10 пайыздан 37 пайызға дейінгі аралықта.

Еуропаның бірқатар елінде де осындай жүйе бар. Бельгияда салық көлемі 25 пайыздан 50 пайыз деңгейінде. Германия, Дания, Швеция, Норвегия, Испания секілді мемлекеттер де осындай тәсілді пайдаланады. Мұның бәрі жеке табыс салығының мөлшері. Әйтпесе, түрлі деңгейдегі салықтарды қосса, қалтасы қалың азаматтардың мемлекетке беретін қаражатының көлемі мүлдем артады. Мәселен, Бельгияда кей жағдайда табыстың 79 пайызына жуығын бюджетке шытырлатып санап береді екен. Ал Финляндияда 66 пайызға дейін жететін көрінеді.

Экономистердің пайымдауынша, мұндай дифференциалды жүйе қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді. Сондықтан шығар, дамыған елдердің бәрінде осындай тәсіл қолданылады. Жолдауда көтерілген мәселе алдағы уақытта қызу талқыланатыны түсінікті. Осындайда шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, кірісін жасырған қалталылардың салық төлеуін заңмен реттеген жөн.