• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қыркүйек, 2022

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығы туралы жазбалар

794 рет
көрсетілді

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты Алаш көсемін ұлықтау шарасы ел көлемінде жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осы орайда «Кешегі қара күндері қазақ үшін жүрек майын шам қылған» (С.Торайғыров) Ақаңның өмір-тарихына қатысты 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарық көрген мақала-жазбаларға үңілген едік.

Ең әуелі, Ақаңның алғашқы мерейтойына байланысты «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» деген тақырыппен «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 2 ақпан күнгі 64-санына «Шәміл Манап» деген бүркеншік атпен жазушы Сәкен Сей­фуллиннің мақаласы жарық көріпті. Дәл осы жылдары Орынбор қаласы ҚазАКСР (Қырғыз (қазақ) Автономиялы Социа­листік Кеңес Республикасы) аста­насы болғандықтан, Орталық партия комитетінің органы (Орган ЦИК Кизреспублики) «Еңбекшіл қазақ» газеті редакциясы Орынбор қаласы­ның Троицкая көшесіндегі 37-үйде орна­ласса, сонымен қатар барлық үлкенді-кішілі мәдени шаралар да осы қалада өтіп тұрған екен. Соның бірі – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығы.

Ахметтанушы ғалым Райхан Има­­хан­­беттің айтуына қарағанда, Байтұр­сын­ұлының 50 жылдығы 1923 жыл­дың ақпан айында Орынборда, Свердлов атындағы клубта аталып өтіп, шара барысында қазақ халқының әндерін жинақтаушы, бел­­гілі композитор Александр Затаевичтің му­зы­калық шығармалары орындалған екен.

Жоғарыда атап өткен С.Сейфуллиннің мақаласы дәл осы күндері жарық көрген. Филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметтің «Егемен Қазақстан» га­зетінің 2019 жылғы 21 қазан күнгі санында жарияланған «Сәкен және «Еңбекшіл қазақ»» атты мақаласында: «1922 жыл­дың шіл­де айында «Еңбекшіл қазақ» газетіне Сейфуллин жауапты редактор қыз­метіне тағайындалды. Сонымен қатар осы жылдың қараша айында Сәкенге Қазақстан үкіметі, яғни Қазақ АССР Ха­лық комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметі қоса тапсырылған еді. Сәкен осы екі қызметті де үш жыл – 1925 жылға дейін қатар атқарған. Осы тұста «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған Сәкеннің сүбелі мақалаларының бірі – «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды». Мақала тақырыбы айтып тұрғандай, Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне ең бірінші болып мақала жариялаған – Сәкен. Сал­танатты жиынды ұйымдастырған да – Сә­кен, кіріспе сөзбен ашып, бастан-аяқ жүр­гізіп отырған да Сәкен» деп жазады. Сәкен­тануға зор үлес қосып жүрген фило­логия ғылымдарының докторы, про­фессор Күләш Ділдақызының жоға­рыдағы пайымына алып-қосарымыз жоқ.

Осы орайда «Еңбекшіл қазақ» газетіне жарияланған Сәкен Сейфуллиннің мақаласын бүгінгі ұрпақ оқып, білсін және өткен ғасыр басында қазақ зиялылары арасында Бұқар бабамыз айтқандай,  жатты жанынан түңілдіріп, жақынын жаттай сыйлаған үрдіс болғанын түсінсін демекпіз: 

«Осы өткен январьдың 28-інде Ахмет Байтұрсынұлының жасы 50-ге толды. Халыққа өзінше қызмет қылған адам кәміл тоқтайтын кісілік жасына толғанда, сол кісінің бастан-аяқ халыққа істеген қызметтерінің қандай екенін баяндап өту әр үлгілі халықтың әдеті. Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патшаның арам құлықты атарман шабармандарының қорлығына, мазағына түскен, халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Әрине, Ахмет қазақ халқының байы мен жарлы-жалшы табының жігін ашып, бұл екі тап қатар тұрғанда жарлы табын байлар табы жұмысқа жегіп қойып, борсықша сора беретіндігін айтқан жоқ. Байлардан бөліп, жарлы табының ғана намыстарын жыртып, арын жоқтаған жоқ. Жарлы табының шоқпарын соққан жоқ. Қазақ халқын бай мен кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан халық – қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттардың күшін салып, тілмашы болып, кейбір оқығандары арларын сатып, ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды. Әуелі ол мектепте қазақ балаларын оқытып тұрды. Надандықпен күресіп, патша үкіметінің әділсіз үкім зорлығымен күресіп, Крылов деген орыс жазушысының 40 мысалын қазақ тіліне аударды. Ол 40 мысалдың әрқайсысына сол патша заманының әділетсіз тұрмысынан алып, қазаққа патша үкіметінің істейтін жәбіршілігін айтып, өзінен мысалдар келтірді. Қазақ халқының арын, намысын жоқтап «Маса» есімді өлең кітаптарын жазып шығарды. Одан соң Орынборда «Қазақ» деген газетті шығарды. Одан соң қазақтың бастауыш мектептеріне арнап «Оқу һәм тіл құралдарын» жазып шығарды. Коммунистерше жалпы байлардың құлдығында жүрген жарлылардың ғана арын, намысын жоқтамаса да, коммунистерше жалпы байларға оқ атып жалпы жарлылардың таяғын соқпаса да, Ахметтің халыққа бұл істеген қызметтері – зор қызмет. Бұл қызметінің, әсіресе көзге көрінетіндігі: өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, сол өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін, шын ұлтшыл. Сол ұлтын сүюдің зорлығынан 1917 жылы патша түсіп, революция (өзгеріс) болғанда қазақтың бұрыннан арсыз, имансыз оқығандары «ұлтшыл» бола қалып «Алаш» партиясын ашқанда бір қазақ үшін сол сұмдармен бірге «Алаш» партиясында болды (әрине, «оқыған» дегендеріміздің арасында бірен-саран адал адамдар да бар). Шын ниетті Ахмет бір тұтынған жолы үшін, шын сүйетін ұлты үшін қандай партияға да кірмей қойсын ба? Өзі үшін ұлтшыл қулардан бөлініп, Ахмет сол ұлт қамы үшін коммунистік партия қатарына да кірді. Әрине, Ахмет аталған партия сапында көп бола алмады. Оның бола алмайтындығы белгілі еді. Ақаң:

«Ызыңдап ұшқан нәзік біздің маса,

Сап-сары аяқтары ұзын маса.

Өзіне біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен қара, яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қақы жиып қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?»

Рас айтады, Ақаң – «нәзік маса». Ол ұйықтаған қазақ халқының үстінде қоймастан «ұйқысын аз да болса бөлуге ызыңдады». Коммунистердің ертелі-кеш «ызыңдап» жүрудің орнына мырзалардың, байлардың бетіне былш еткізіп салып қалғаны нәзік жанды Ақаңа қолайлы көрінбеді. Қанша жерден ұлт үшін коммунист партиясына кірсе де, дүниедегі барлық адам баласының ұлтына қарамай бәрін бірдей сүйетін коммунистерді көріп, өз ұлтын ғана сүйетін Ақаң өзі айтқандай «қызыл» бола алмады. Ақаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ адал жүрек, байын, кедейін айырмай қазақ­ты ғана сүйетін таза ұлтшыл. Қалай болса да жазушысы аз, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һәм тіл құралдарымен» қылған қызметі таудай. Ақаң туралы толық қылып жазбақ едім. Газет бетінің орны шамалы болғандықтан қысқа, үстіртін жазылды. 50 жасқа толғанына Ақаңды шын көңілден құттықтап, былайда өмірінің ұзақ болуын тілейміз», деп жазыпты Шәміл Манап, яғни Сәкен Сейфуллин.

Сәкен Сейфуллиннің «Ахмет Байтұрсынов 50-гетолды» атты мақаласы («Еңбекшіл қазақ» газеті. 1923 жылғы 2 ақпан. №64).

Мақала соңына «1923 жыл, 30 январь. Орынбор» деп қол қойылыпты. – Сә­кен­нің «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген алғашқы мақаласы 1923 жылы 30 қаңтарда жазылып, 2 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарияланды. Бұл кеңес үкіметі қайраткерлерінің аты­нан жарияланған бірден-бір мақала. М.Әуезовтің эссесі «Ақжол» газетінде 4 ақпанда жарық көрді. Әрқилы түсі­ніктегілердің мақала-құттықтаулары болып жатты. «Степная правда» газе­тінде жарияланған Әбдікәрім Әйтиевтің «Фак­тические поправки» деген ескертпесіне Сәкен «Тағы да Ахмет туралы» деген мақаламен Әйтиевке жауап берді», депті атақты сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев марқұм. 

Расында Тұрсекең атап өткендей, С.Сейфуллиннің мақаласын әрқилы адамдар әртүрлі қабылдады. Соның бірі жоғарыдағы Әйтиевтің жазбасы. Осыған қарсы Сәкен өзі басқарып отырған «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылы 6 наурыздағы 70-санына «Тағы да Ахмет туралы. Әйтиевке жауап» деген тақырыппен көлемді жазба жариялады.

Сәкен Сейфуллиннің «Тағы да Ахмет туралы. Әйтиевке жауап» мақаласы («Еңбекшіл қазақ» газеті 1923 жыл, 6-наурыз. № 70)

Автор аталған мақаласында: «Орын­борда орыс тілінде шығатын «Степная правда» деген газеттің 33-нөмірінде Әйтиев жолдас менің «Еңбекшіл қазақ» газетінің 64-ші нөмірінде Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толған тақырыпты жазған мақаламды мінеп, менің «қателерімді» түзеп, сөз жазады («Фактические поправки»). Біреудің сөзінің біреу қатесін түзетіп жазғанда сол қате мақала жазылған газеттің өзіне жазушы еді. Егерде ол газет баспаса, сонда барып басқа газеттерге жазушы еді – бұл бір. Және де менің мақалам қазақ тілінде қазақ газетіне жазылған еді. Ал Әйтиев жолдас менің мақаламмен таныс емес орыс оқушыларының алдына өзінің «қате түзеткен» мақаласын былш еткізіп ұрып қалды... Сондай-ақ «ол қазақ газетіне жазса, мен орыс газетіне жазамын» деген Әйтиевтің қулығы болған-ау деймін. Әйтиев менің дұрыс деп жазғанымды түзетемін деп қисайтып жіберген соң, мен бұл туралы сол «Степная правда» газетіне «Түзетуге түзету» деп жазып едім, «Степная правда» менің сөздерімді адыр-бұдыр, үшкірлі-қырлы көріп, басуға лайық көрмеген соң, лажсыз «сыпайыға сыпайы» қылып, мақтабілтелеп қазақ газетіне жазып отырмын...» деп бастап, әрі қарай көсіледі.

Мақалада ұлт ұстазы Ақаң мен мақала авторы Сәкенге таңылған айыптар: «Алаш­ты» жасағанның бірі – Ахметтің өзі емес пе?», «Ахметтің бұл құр ұлтқа қыз­мет қылмақ болып коммунист пар­тия­сына кіргенін Шәміл Манап жолдас дұрыс деп біледі һәм басқаларға солай қылуды мәслихат қылады», «Партияға Ахмет ұлтшылдығымен кіріп, ұлтшылдығымен шығып қалған жоқ. Әркімнің саяси ұжданын ыжтимағи тұрмысының негізі туғызады...» деген сияқты Әйтиевтің пікірлеріне Сәкен: «Алашты» жасасқанның бірі Ахмет екені рас. Олардың ішінде шенқұмар жалған ұлтшылдар болды. Ахмет, әйтеуір қазаққа қызмет қыламын деп солармен бірге болды», «Шың-құздың басына шық Әйтиев жолдас, бірақ мені басқыш қылмай шық! Ахметтің онысын дұрыстаған біз жоқ. Жалғыз-ақ Ахметтің дұрыс жері адалдығы, шенқұмар еместігі деп білеміз. Және шын ұлтшылдық, шын коммунистік көрінген адамның қолынан келмейді. Біз солай деп жазғамыз. Оны сіз орыс жолдастарға теріс аңғартпақ болғанмен, қазақ жарлысының газет оқитындары теріске бармайды. Ұлтшылдыққа қарсы кім қаттырақ күреседі екен, оны жұрт айтар», «Коммунист болуға осындай шарт керек екені рас. Ахмет бұл шарттарға қарамай, өзін-өзі күштеп, компартиясына кіріп еді. Коммунистерге ере алмай шығып қалды. Мұнысы жоғары қағиданың дұрыс екенін көрсетті. Бірақ бұрынғы патшалардың атарман-шабармандарының, бақташыларының арам табандарына түсіп, езілген ұлттардан коммунист болғандардың көбіне қазір жоғары қағида дәл келмейтін болып көрініп отыр. Мәселен, қазіргі коммунист болып жүрген қазақтардың көбі ұлтшыл мұғалім, хатшы, біразы фельдшер, доктор, агроном, техник, хатта атбекет, болыс, старшын болғандары да бар. Міне, бұған қарағанда Ахметтің коммунист партиясына ере алмай, шығып қалғанына үлкен себеп – өзінің шын нәзік жанды ұлтшылдығы» деп жауап берген екен.

Сөзімізді түйіндер болсақ, ұлт ұстазы Ақаңды өз кезінде қазақ зиялыларының бәрі қадір тұтты. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мырза айтқандай, осыдан ғасыр бұрын Орынборда аталып өткен Алаш ардақтысының 50 жылдық мерейтойы төңкерістің қара бұлты төніп, елдің ішкі ынтымағына сызат түсе бастаған алмағайып заманда зиялылардың басын біріктіріп, тұтастыққа шақырып, ой-санасын жасампаздықпен түлетіп, парасаттылықпен бір арнаға, елдік мұратқа бұруымен маңызды. Ақаңның тойы қазақ халқының тарихында алғаш өткен мерейлі мереке, сонымен бірге ұлтымыздың ар-намысына, бекем бірлігіне сапалық бетбұрыс жасаған ұлы той деуге әбден негіз бар. Замана ықпалымен ақ пен қызылға бөлінген, түрлі идея мен пар­тияның желеуінде жүрген игі-жақсылар осы той кезінде ауызбіршілік танытып, бір ғана елдік мұраттың айналасына жиналды. Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұстафа Шоқай секілді ұлт серкелері Ақаңды алтын діңгек санады, ұраны мен рухының кемелдігіне бас иді. Сол кезде  жиырма бес жастағы Мұхтар Әуезовтің осы мерейтойда елуге енді келген Ақаң туралы толғанысы бүгінгі ұрпаққа – асыл аманат.фс