• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қыркүйек, 2022

Қарына құрық ілер кісі таппай...

287 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы құрылымдары егін егіп, ақтылы мал өсіретін адам таба алмай зар. Техниканың тілін білетін механизатор, жылқы жа­йып, қой бағатын малшы жоқ.

Үйірдегі жылқының жалы жығыл­ғалы қай заман. Алдымен тұқымы азып, құнаны тайдай, тайы жабағыдай қораштанып, көрер көзге кішірейіп өспей қалды. Себеп – үйірге түсетін тұ­қымы тәуір, қаны түзу айғырдың жоқ­тығы. Бары жылдап ауыстырылмай­ды. Жылқы шаруашылығын түзеуге, тұқымын асылдандыруға деген аздаған ұмтылыс бар. Соның бірі – «Береке» шаруа қожалығы. Ақкөл ауданындағы Қарасай ауылдық округіне қарасты Саздыбұлақ ауылындағы қожалық үйір-үйір мұғалжар жылқысын бағып отыр.

– Мұғалжар жылқысы біздің өңір­дегі тұқымы азған қылқұйрықтыға қара­ғанда әлдеқайда тәуір, – дейді шаруа қожалығының басшысы Еркен Әбеуов, – қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстыққа да, сақылдаған сары аязға да мейлінше төзімді. Қысы-жазы далада жүргенімен, қоңын бермейді. Оның үстіне салмағы да біздің жылқылардан ауыр. Демек етті мол береді. Төл төгіні де жақсы. Шамамен жүз бастан 96 құ­лын алып жүрміз. Таяуда тағы да үш асыл тұқымды мұғалжар айғырын сатып алдық. Әрқайсының құны 2 млн тең­ге­ден асады. Амал жоқ, айғырсыз үйірлеп жылқы баға алмайсың ғой. Асыл тұқымды шаруа қожалығына айналсақ дейміз. Біздің төліміз арқылы өңірдегі жылқының тұқымын біртіндеп жақсартуға болады.  

Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, ілгері басқан қадам­ды кері кетіретін қиындық жетіп артылады. Біріншісі, жайылым мәселесі. Қожа­лықтың 4,5 мың гектардан астам жері бар. Әйтсе де таршылық етіп отыр. Жердің өңіне орай әр басқа тоғыз гектардан тиесілі деген ғылыми негіздемеге сүйенсе, әлі де осы көлемде жер керек.

– Біз қысқы, жазғы жайылым, күздік жер деп бөле алмай отырмыз. Тоқымдай жерге жылқыны иіре бергеннен кейін жал біте ме, – дейді қожалық басшысы, – ілкідегі тәжірибеге қарасаңыз, атам қазақ баққан малдың жазғы жайылымы, қысқы өрісі бөлек болған. Ұлы Абайдың «ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» дейтіні бар емес пе?! Тұяқты мал қанша жерден құйқалы өңір болса да тоздырып жібереді. Сондықтан жазғы жайлау, қысқы қыстау бөлек болса екен дейміз. Тағы бір шешілмеген жайт, суаратын су көзінің аздығы. Жаз айларында көлшіктер құрғап кетіп, мал суара­­тын жер таппай, иманымыз қасым болады. Осыдан екі жыл бұрын ұңғыма қазып беруге көмектесу туралы өтініш жазғанбыз. Әлі жауап жоқ.

Е.Әбеуовтың айтуына қарағанда, ең бастысы, қарына құрық іліп, жылқы бағатын адамның жоқтығы. Рас, жылқы бағу оңай-оспақ шаруа емес. Малмен көзін ашқан арыдағы ата-бабадан қалған «жылқыны жылқының өзіндей қайратты адам ғана баға алады» дейтін тәмсіл бар.

Осы арада ел ішінде жұмыс жоқ деген сөздің шындығына күмәндануға тура келеді. Ақиқатында жұмыс бар. Егер біреудің малын баққың келмесе, мемлекет тарапынан қаншама қамқорлық жасалып жатыр. «Алтын асық», «Құлан» тәрізді бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, төрт түлік басын көбейтуге болады. Оған тәуекел етуге дәтің шыдамаса, шаруашылық ұйымдастырып жатқан азаматтарға қолғабыс қыл.

Ақкөл ауданындағы Құрылыс ауылын­да егін егіп, мал бағып, еңсесін көтеруге ұмтылып отырған серіктестік бар. Әйтсе де мал бағатын малшы таба алмай жігерлері құм болып отыр. Серік­тестік басшысы Ерлан Қожаға­лиевтың айтуына қарағанда, бұл өзі өте шетін мәселе. Егер уақтылы жалақысын төлемей, еңбегін қанап отырса бірсәрі.

– Негізі асыл тұқымды қара мал ұстап отырмыз, – дейді серіктестік басшысы, – малсақ қауымның еңбекақысы істеген жұмысына орай 250-300 мың теңгеден айналады. Бірақ соның өзінде де сауыншы жоқ, қойшы жоқ. Тамағы тегін, бар жағдайы бар сәулетті үй салып қойдық. Үйдің ішінде жуынатын орны, басқа да керек-жарағы сақадай сай, моншасы іргеде. Қай күні жағып түссе де өзі біледі. Таяуда бір отбасы келіп еді, бес-алты күн істеп кетіп қалды. Жалпы, халық еңбектен қол үзіп кеткен. Бұл біздің ғана басымыздағы жай емес, жалпақ жұртқа тән болып отырған мәселе. Еңбектен қол үзу жақсылық емес. Төңіректегі ауылдарда екі қолын алдына сыйдыра алмай отырған тепсе темір үзетін қаншама жігіттер мен қыздар бар. Аракідік хабарласып, біздегі жағдайды сұрап қояды. Келіңдер, көріңдер деймін. Бірақ ешкім ат ізін салып жатқан жоқ. Ал тегін көмек сұрайтындар жетерлік. Үйде жатқан он екі мүшесі сау адамға қалай көмектесерсің. Біреуге көзін сатқанша, жанын жалдап жұмыс істемей ме?!

Серіктестік қазір қазақтың ақбас сиырын бағып отыр екен. Адам қолының жетімсіздігінен қыс қыр астынан қылтиып қарағанша мал азығын жинап жатыр. Мемлекеттік көмек арқылы жаңа трактор, шөп буатын техникалар сатып алыпты. Құрқылтайдың ұясындай жаңа қоражайы бар. Мал тұқымын асылдандыруға айрықша мән беріп отыр. Қымбаттығына қарамай асыл тұқым­ды төрт бас бұқа сатып алған. Ендігісі сол малды жайып, жайлайтын мал­шының жайы.

– Жасыратыны жоқ көбіне өз тағды­рына өзі жауапсыздықпен қарайтын, ішімдікке салынып кеткен адамдар келеді, – дейді қожалық басшысы, – ал мен құны бірнеше миллион тұратын жаңа техникаларымды ондай адамдарға сеніп тапсыруға қорқамын. Мал бағамын ба, әлде адамды бағамын ба? Әйтеуір, дес бергенде тұрақты жұмыс істейтін екі-үш механизаторым бар. Қолдарынан бәрі келеді. Техниканың жеңіл-желпі ақауын өздері жөндеп алады. Әйтпесе, қазір ауылдық жерде дәнекерлеуші, токарь деген мамандық иелері мүлде таптырмайды. Жастар осындай зәру мамандықты игермейді. Ел боламын десек, шаруаның осындай кем-кетігін түзеуіміз керек емес пе?

Механизатор, малшының жетіс­пеушілігі өңірдің барлық ауданында да бар. Ерейментау ауданындағы «Иманбаев» шаруа қожалығының басшысы Сағыдат Иманбаевпен сөйлестік. Қожалық ақық дән өсіріп, ақтылы мал бағуда. Егістік көлемі – мың гектар. Бұл жерде де жайылым, шабындық мәселесі өткір тұр. Ел ағасы жасына жеткен Сағыдат та халықтың еңбектен қол үзіп қалғанын айтып қынжылады.

– Жеке өз басымның қамы емес, жалпы жұрт, тұтас қоғамды дендеген дерт есебіндегі көріністен арылуымыз қажет, – дейді ол, – санамен салмақтап қарасаңыз, бұл жеке шаруаның емес, тұтас қоғамның мәселесі. Өтпелі кезеңде ауыл еңбеккерлерінің бейнеті ескеріле қоймады. Мал баққан малшыға да, дала төсін түлеткен диқанға да уақтылы еңбекақы төленбеді. Біз бүгін соның зардабын тартып отырмыз. Бұрын даңқы жер жаратын, алдынан жұмыс үркіп отыратын тұтас бір еңбек дәстүрі қалыптасты емес пе? Сол уақытта еңбек адамын ескеру, атқарған жұмысына сәйкес марапаттау, көтермелеу болды. Оның өзі өте қажетті әрі мазмұнды іс болатын. Ұлтты жақсылыққа ұйыстыру, берекелі іске бастау сырттай қарағанда жеңіл-желпі көрінгенімен, арғы жағында тегеуірінді леп тебіндеп жатқан жалпыға бірдей жұмыс емес пе?!

Біз облыста қанша механизатор жетіспейтінін білмек болып облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық. Ел ішіндегі ауқымды мәселеден олар да хабардар.

– Мұндай келеңсіздіктің орын алып отырғандығы шындық, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Еркеш Әленов, – нақ­­ты қанша маман керектігі тура­лы дерек жоқ. Әйтсе де, өңірдегі кейбір ша­руа­шылық қажетті мамандарға тұр­ғын үй­лерін салып беріп, жақсы еңбек­ақы төлеп, мәселелерін шешіп жатыр. Бәлкім, осындай ынталандыру шара­ларын дұрыстап қолға алу арқылы жастар­дың бетін адал еңбек етуге бұра алатын шығармыз.

Облыстың әр ауданында жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары жетерлік. Осыдан бірер жыл бұрын материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін. Айталық, механизаторлар бүгінде егістік танабында кездеспейтін ескі комбайнның құрылысын оқып жатқанын талай көргенбіз. Оқу орны басшыларының айтатын уәжі – құны тым қымбат шетелдік комбайндарды кім берсін. Амал жоқ, плакаттан оқытады, бейнетаспа арқылы көрсетеді. Соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім саласында жаңа заманның лебіне ілесу бар.

– Мемлекетке ешбір өкпе жоқ, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Шияп Әлиев, – бәрі тәрбиеге байланысты. Ол тәрбие ең алдымен отбасында қалыптасуы керек. Егер бала қабырғасы қатып, буыны бекігеннен кейін еңбек етіп әдеттенбесе, оған құштар болмаса, ата-анасы бау­лымаса, босбелбеу, ештеңеге қыры жоқ, қолынан іс келмейтін ұрпақты өсіреміз. Бұрын білім саласында да бұл жайтқа күшті көңіл бөлінетін. Жаз бойы мектеп оқушылары еңбек және демалыс лагерьлерінде болып, дем алып, тынығумен қатар көкөніс, картоп өсіріп, еңбек әліппесін бастаушы еді. Сол еңбектеріне орай қолдарына тырнақалды еңбекақысы да тиетін. Еңбектің дәмін тату осылай басталмай ма? Бүгінде қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтын отағасыларды көрген кезде, бұлар ұрпағын қалай тәрбиелейді деп таңғаласың. 

Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – мемлекет қамқорлығымен кәсіп­тік білім алып жатқан жастардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуін қадағалау. Осы арада нақты бір шешім қажет. Әйтпесе, жыл сайын қаншама түлекке үлкен өмірге жолдама беріп жатқанымен, олар өмірдегі өз орындарын тауып жатқан жоқ. Бұл тарапта білім алушыларға көрсетіліп жатқан қамқорлық ұшан-теңіз. Тегін жатақхана, тегін білім, ас-суы, шәкіртақысы дегендей, шығынның бәрін жинақтай келсеңіз, қаншама қаражат болып шықпай ма? Демек алдағы уақытта тиісті орындар өмір көшінің ертеңіне елеңдеген сары уайымның сары суы байланған осы буы­нын емдеуі керек.

 

Ақмола облысы