Заңғар жазушы, ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай Алматыда бірқатар іс-шара өтті.
Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Мажарстан, Нидерланд, Оңтүстік Корея және ел өңірлерінен жиналған ғалымдар қаламгер рухына тағзым етіп, Құран бағыштады.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Тürksoy халықаралық ұйымы, Халықаралық Түркі академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шара Достық үйінде «М.Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.
Конференция барысында ғалымдар қаламгердің мол мұрасына жан-жақты талдау жасай отырып, еңбектерінің ғаламдық деңгейдегі мазмұны мен мәніне назар аударды. Жиын модераторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов отандық ғалымдар алдында Әуезов мұрасын әлемдік өркениет кеңістігіне шығару міндеті тұрғанын атап өтті. «Қаламгер өз шығармаларында қазақы тұрмысты суреттегенімен, оның өн бойында жалпы адамзатқа тән ауқымды мәселелер көрініс тапты. «Абай жолы», «Қилы заман», «Қараш-қараш» еңбектері осыған дәлел дейтін болсақ, қаламгердің алғашқы классикалық туындылары дәуірдің жемісі десек, Шығыс мәдениетінің арнасын кеңейтудегі еңбегі өлшеусіз. Осы орайда әлемдік білім мен ілімнің інжу-маржанын қазақ топырағына әкелген Алаштың әдеби мұрасын қазақ топырағына орнықтыра білген қаламгердің мұрасын зерттеудегі ең басты мәселе – социалистік реализм бағытындағы көзқарастардан арылып, әлемдік деңгейге шығару», деп атап өтті К.Матыжанов. Сондықтан бүгінгі жас ғалымдардың алдында жазушы мұрасына жаңаша, тың көзқараспен қарап, әлемдік өркениет тұрғысынан зерделейтін кез келді.
Алқалы жиында мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов, өзбекстандық ғалым, академик Қ.Сейданов, ақын, қоғам қайраткері О.Сүлейменов, Мажарстаннан келген профессор В.Вегвари, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, профессор Б.Жақып, Нидерландтан – Зифа-Алуа Әуезова, Санкт-Петербургтен – Ф.Достоевский әдеби-мемориалдық музейінің директоры Н.Әшімбаева, Әзербайжаннан – Баку Славян университетінің профессоры Низами Мамедов, тағы да басқа ғалымдар жазушы еңбектерінің әлемдік өркениеттегі орны турасында зерделі ойларын ортаға салып, жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген озық идеяларын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, қаламгер мұрасындағы Алаш парадигмасы, қазақ және әлем әдебиетінің әдеби байланысына қатысты ой өрбітті.
Осы жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы шығарған «М.Әуезов «Манас» қырғыздың батырлық эпосы», «Muxtar Auezov. Abay (roman)», «Turan Teymur. M.Auezovun Abay romanında sәnәtkarlıg mәsәlәlәrı» және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті шығарған «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Г.Пірәлі дайындаған «Америка әсерлері» арнайы шығарылымы таныстырылып, ғалымдар назарына ұсынылды.
АЛМАТЫ