• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Қазан, 2022

Мұнай-газ саласының басым бағыттары Алматыда өткен KIOGE-2022 көрмесінде талқыланды

437 рет
көрсетілді

Алматыда «Мұнай және газ» XXVIII халықаралық KIOGE көрмесі мен конференциясы өтті. Биыл көрмеге Қазақстан, Әзербай­жан, Бахрейн, Германия, Италия, Канада, Қытай, Малайзия, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Оңтүстік Корея және Жапонияның 196 мұнай-газ компаниясы қатысты. Үш күнге созылған алқалы жиын­ның басты мақсаты – салаға жаңа технологияларды енгізу.

Көрмеге қойылған құрылғылардың сапасы мен тиімділігін шетел мамандары да жоғары бағалады. Энерге­тика министрі Болат Ақшолақов KIOGE-2022 халықаралық мұнай және газ көрме-конференциясы барысында еліміздің энергетика саласын дамытудың басым бағыттарының бірі мұнай-газ-химия саласы екенін, Атырау облысында қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен өндіру зауыты іске қосылатынын, Қазақстан мұнай қоры мен өндіру бойынша әлемде жетекші орында екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, жетілдірілген үлгілік шартты енгізуге қажетті заңнамалық өзгерістерді енгізу бойынша жұмыс пысықталып жатыр. Бұл салықтан босату түріндегі реттеуші және фискалдық преференцияларды қарастырады. Мұның бәрі көмірсутектерді барлау саласындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға жаңа серпін беруге тиіс. Яғни мұнай-газ секторын кезең-кезеңімен көміртексіздендіру және энергияға біртіндеп көшу курсына басымдық беріле бастады. Ендігі тренд жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, көмірмен жұмыс істейтін стан­саларды газға ауыстыруға, газ кен орындары мен газ өңдеуді, мұнай-химия, сутегі энергетикасын дамыту болмақ.

Қазақстан 2018 жылдан бастап ха­лық­аралық аукциондарды өткізу­дің ашық тетігін қолданады. 2018-2021 жыл­­дар ара­лығында жалпы қуаты 1 705 МВт жаңартылатын энергия жобалары бо­йынша аукциондар электронды фор­­матта өтті. Төрт жыл ішінде 59 ЖЭК жобасын және қуаттылығы 1 400 МВт болатын ауқымды ЖЭК жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда. Сон­дай-ақ энергетика саласын одан әрі дамы­тудың перспективті бағыттарының бірі – сутегі энергетикасы. Алдағы уақыт­та үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл – сутегі өндірісі, сутекті тасымалдау және сақтау, сутекті электр энергиясына айналдыру. Жаңартылатын энергия көздерін зерттеуде электролиз арқылы сутегін алу «Жасыл сутегі» жаһандық тұжырымдамасына сәйкес келеді. Б.Ақшолақов Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайды тасымалдаудың ең тиімді бағыты екеніне тоқталды. Басқа жолдар балама бағыт ретінде қарастырылады. «Қашағандағы» жөндеу жұмыстарына қатысты сауалға да жауап берген ведомство басшысы оның бірнеше шешімі барын, 20 қазанға қарай кен орны бұрынғы тәулігіне 400 мың баррель өндіру режіміне оралатынын жеткізді. Қазір ірі кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты тәулігіне 200 мың баррель шығын келіп отыр.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев алда мұнай химиясына басымдық берілетінін әңгімеледі. Ол төмен көміртекті даму бағдарламасы 2031 жылға қарай көміртегі ізін 2019 жылғы деңгейден 1,6 млн тонна СО2 газына төмендетуді көздейтінін айтады. «Көптеген мұнай-газ компаниясы секілді біздің де жоспар операциялық және энергетикалық тиімділікті арттыру, жаңартылатын энергия көздерін енгізу және офсет саясатын іске асыру шараларынан тұрады», деген компания басшысы ҚМГ өзінің дәстүрлі бизнесінен бас тартпайтынын мәлімдеді. «Халықаралық энергетика агенттігі атап өткендей, мұнай тұтынудың төмендеуіне қарамастан, кем дегенде 2040 жылға дейін әлемдегі негізгі энергия көзі болып қала береді. Сарапшылар мұнай химиясына сұраныс алдағы 20-30 жылда екі есеге өсетінін болжап отыр. Соңғы 10 жылда бұл сұраныс 50 пайызға артты. Бұдан бөлек, құрылыс және ауыл шаруашылығы секторында да сұраныс артады. Халық саны осы қарқынмен өсе берсе, бұл салаларда мұнай тұтыну көлемі 2050 жылға қарай 46 пайызға ұлғаяды», деді М.Мырзағалиев. ҚМГ басшысы компания мұнай-газ химиясы есебінен активтер портфелін кеңейту, өндіру деңгейін бір қалыпта ұстап тұру және тасымал бағыттарын әртараптандыруды жоспарлағанын хабарлады. Одан бөлек, қоршаған ортаға бөлінетін көміртегі ізін азайту, өндірістегі жабдықтардың беріктігі мен энергия тиімділігін арттыру бойынша шаралар іске асырылады.

Осыған дейін QazaqGaz ұлттық компаниясы қанатында барлау жұмыстарымен айналысатын жаңа кәсіпорын құрылатыны айтылған болатын. Жиынға қатысқан компанияның басқарма төрағасы Санжар Жәркешовтің айтуынша, қазір ішкі нарықтың газға деген сұранысы толық қамтамасыз етілді, Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Газды барлау және өндіру жөніндегі жаңа жобаларды іске қосу арқылы ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Компанияның толық аудитін жүргізуде қызметтің ашықтығына және ірі жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуге басымдық беріледі. 2025 жылы QazaqGaz IPO-ға шығуды жоспарлап отыр. IPO-ға дайындық кезінде компанияны басқару тиімділігін арттыру, әлеуметтік тұрақтылық индексін жақсарту, неғұрлым жетілген және тұрақты бизнеске айналдыру көзделген. Ішкі нарықты дамыту үшін компания 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 65 пайызға ұлғайтып, шығынсыздыққа қол жеткізуді мақсат етеді. Тәуелсіз газ тарату ұйымдарының жеке инвестицияларын тарту арқылы елді газдандырудың Бас схемасын іске асыру жұмысы жалғасады. Бұл – Президент тапсырмасынан туындап отырған бағыт. Сондай-ақ ірі жобаларды жүзеге асыруға Маңғыстау және Атырау облыстарының газ тасымалдау жүйелері мен Алматы қаласының 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ны қайта жаңғырту, қуаты 1 млрд текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы кіреді. «Корпоративтік басқару сатып алуда ашық болуы керек, сондай-ақ ресурстық базаны ұлғайту қажет. Өйткені бұл – табысты IPO-ның негізгі факторы. Сонымен қатар газ тасымалдау жүйесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету қажет. Үш жыл ішінде жаңғыртуға, Маңғыстау және Атырау облыстарының жүйелеріне 500 млрд теңге инвестиция құйылды. Сонымен қатар АХҚО-мен жұмыс жүріп жатыр», деді ол. Ішкі нарыққа газдың қосымша көлемінің артуына байланысты Қазақстан 2024 жылға арналған көгілдір отын тапшылығы болжамын кейінге шегергеніне қарамастан, тұтынуды оңтайландыру және энергияны тиімді ету қажеттігі туды. Спикердің айтуынша, Қазақстан жеткізілетін газ көлемі бойынша Ресеймен келіссөздер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар QazaqGaz барлау және өндіру жаңа еншілес кәсіпорны бірнеше кен орны бар Амангелді газ кәсіпорнының негізінде құрылмақ. Ұлттық компания әлеуетті инвесторларға ұсына алатын жер қойнауын пайдаланудың басым құқығы­на 10 лицензия алған, «Лукойл» компаниясына қоры 70-80 млрд текше метрді құрайтын Қаламқас Море кенін игеру туралы ұсыныс жіберілген. Қашаған­дағы газ өңдеу зауытының құрылысына тоқталған QazaqGaz басшысы жоба ұлттық компанияға берілгенде мерзі­мін өткізіп алғанын, көп ілгерілеушілік болмағанын, жер жұмыстары, іргетастар, жұмыс құжаттамасы, жобалау жұмыстары басталатынын, жабдықтардың сапасына толық техникалық тексеру жүргізілетінін атап өтті.

Бұл кездесу Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелігіндегі елдердің энергетика саласы министрлерінің кездесуімен есте қалды. Конференция аясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан үкіметтері мүшелерінің қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер министрлерінің отырысы өтті. Бақылаушы ретінде Мажарстан өкілдері қатысты.

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев энергетика саясат пен экономиканың құрамдас бөлігі екенін, энергиямен қамтамасыз ету тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақты энергетикалық саясатты жетілдіру экономикалық өсуге және жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін айтты. «Қауіпсіздік архитектурасы бұзылуда. Әлемдегі өзара сенімсіздік тереңдей түсті. Мұндай жағдайлар түркі ынтымақтастығын нығайтудың өміршеңдігін арттырады», деді Б.Әміреев. Бас хатшының ай­туын­ша, «Түркі әлемінің көзқарасы 2040» бағдарламасында энергетика саласы жан-жақты көрсетілген, саясатты үйлестіру арқылы мүше мемлекеттер арасында стратегиялық серіктестік құру, энергетикалық ынтымақтастықты таза жеткізуші-тұтынушы қарым-қатына­сынан анағұрлым технологиялық салаға көшу мақсатын көздейтіні айтылған. «Осы екі онжылдық тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін бауырлас елдермен бірге 2022-2026 жылдарға арналған стратегия дайындадық. 2022 жылы 11 қарашада Самарқанда өтетін саммит аясында Түркі мемлекеттері ұйымының 5 жылдық Стратегиясын бекіту жос­парлануда. Біз мүше-мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттер арасында энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береміз, мұны айтарлықтай саяси мәселе деп санаймыз», деді Бас хатшы.

Осыған дейінгі Жұмыс тобының отырысында тараптар энергетикалық ынтымақтастықты тиімдірек басқару үшін Ұйымға мүше елдердің Басқару комитетін құру туралы мәселе көтерген. Мүше мемлекеттер мен бақылаушы мем­­лекеттерде энергия тиімділігін арт­тыру бойынша жұмыс жүргізілді. Инф­ра­­құрылым мен көмірсутегі сек­торын­дағы әртүрлі бағыт бойынша озық тәжі­рибемен бөлісу және оқыту бағдар­лама­ларын ұйымдастыру, Түркі мем­лекеттері ұйымы энергетикалық ынты­мақтастық бағдарламасы және оның іс-шаралар жоспары туралы келісімге келу туралы шешім қабылданған болатын.

 

АЛМАТЫ