• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Әлем 02 Қазан, 2022

«Мейіріміңізге рахмет!»

439 рет
көрсетілді

Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың салқы­ны әлемге оңайға тимей тұрғаны белгілі. Алғы шептегі іргесі сөгілген әскері­нің орнын толтыру үшін Кремль билігі ішінара мобили­за­ция жариялады. Алайда осыдан кейін ел тұрғындары көршілес мем­ле­кет­терге жөңкіле көшті. Олардың бір легі Қазақстанға келді. Осыған байла­ныс­ты елімізде түрлі пікір қалыптасқаны белгілі. Дегенмен тоғы­зыншы территорияның тарихына көз жүгіртсек, халқы­мыз­дың мұндай «көштің» талайын бас­тан өт­кергеніне куә боламыз.

Аталған мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде пікір білдірді. Мемлекет басшысы қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген мақалдың бар екеніне назар аударды. Сон­дықтан іргелес елдермен тату болуға назар аударды.

«Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазір­гі ахуалға байланысты амал­дың жоқ­тығынан келіп жатыр. Олар­ға қамқорлық көрсе­тіп, қауіп­­сіздігіне мән беруі­міз қа­жет. Бұл – саяси және гумани­та­­р­лық мәселе. Осы мәселені мен үкі­метке тапсырдым», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы осындай күр­делі жағдайда ең алдымен адам­­гершілік, сабырлық пен ұйым­­шыл­дық таныту қажеттігін жет­кізді. «Бізде ешқандай дағ­да­рыс жоқ, дүр­белең де жоқ. Үкі­мет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдар­ға көмек көрсетіледі, бірақ жеңіл­дік­тер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң жүзінде, келісімдер бо­йын­ша жүргізіледі» деді Қ.Тоқаев.

Алайда ел ішінде мобилиза­цияға қатысты алып-қашпа әңгі­ме өршіп тұр. Мәселен, әлеу­меттік желіде елімізге 1,6 миллион ресейлік кірді деген қаңқу сөз желдей есті. Бірақ кейіннен мұның тонын теріс айнал­ды­рып киген деректер екені белгі­лі болды. Себебі 1,6 миллион – биыл елімізге ат басын бұрған ресей­лік­тердің жалпы саны. Яғни жыл ба­сынан бері осынша адам Қазақ­станның шекарасынан өткен. Бірақ соншасы қайтадан өз еліне қайтқан.

Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте ішінара мобилизация жасау туралы жар­лыққа қол қойғалы бері елімізге 100 мыңға жуық ресейлік бас сауғалап келіп­ті. Бірақ соның 64 мыңы ел­ден кеткен. 21-27 қыркүйек аралы­ғында сегіз мың ресейлікке жеке сәйкес­тендіру нөмірі берілген. Ішкі істер ми­нистр­лігі Көші-қон комитеті төр­ағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың айтуынша, 2022 жылдың 1 сәуірінен Ресей­дің 93 мың адамына ЖСН берілген.

«Қазақстанда тұруға ықтияр­хат алған 4 271 Ресей азаматы бар. Олардың 116-сы этностық қазақ. Ықтиярхат алуда арнайы тәртіп барын білесіздер. Ық­тиярхат алуға үміткерлердің әрқайсысы өзінің төлем қабілетін растады. Бұл – 1320 айлық есеп­тік көрсеткіш, яғни 4 миллион теңгеден аса қаражат», деді А.Аталықов Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен бас­пасөз конференциясында.

Жалпы, Ресейден келгендер­дің арасында 7 мың адам Қазақ­станда жұмыс істеуге өтініш берген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың сөзіне сүйенсек, Ресейден келгендерге жекелей жағдай жасалмайды. Бәрі заң аясында орындалады.

«Қазіргі кезде Ресейден келіп, Қазақстанда жүрген 353 мың адам бар. Оның 7 мыңы ғана Қазақ­­станда жұмыс істеуге келген. Сон­дық­тан ре­сей­ліктердің келуі еңбек на­рығы­на әсер етпей­ді. Атап айт­қан­да, ресей­ліктердің жұмысқа тұруына жағдай жасалмайды», деді Р. Ордабаев.

Жалпы, Қазақстан елімізге ағыл­ған ресейліктерге заңдық тұр­ғы­да көп көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, Ресей азаматтарына ЖСН нөмірін алу жеңілде­тіл­ді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағ­дат Мусиннің айтуын­ша, ресейлік­терге ЖСН нөмірі SMS-хабарлама арқылы жіберілетінін жеткізді.

«Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жібері­леді. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиентіне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарының табалдырығын тоздырып, уақыт­тарын босқа жоғалтпауға жол ашады», деді Б.Мусин.

Қазақстанда шетел азамат­тары­ның жүруіне қатысты белгі­ленген шектеулер бар. Мәселен, елде 30 күнге дейін болатын шетел­діктерге уақыт­ша тіркеу мін­детті емес. Заңға сәй­кес, шетелдіктер елімізде визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қал­ғы­сы келсе, көші-қон қызметіне тір­келуге тиіс. Осылайша, елде қалу мер­зі­мін тағы 60 күнге соз­дыруға құқылы.

Бұдан бөлек, шекара маңын­дағы жергілікті тұрғындар да мобилизациядан қашқан ресей­ліктерге көмек қолын созып жатыр. Оралдағы кинотеатр директоры баспана таппай жүрген ресейліктерге кинотеатр залын түнеу үшін ұсынған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрғындар келген ресейліктерге тегін бас­пана ұсынып, азық-түлікпен қам­та­масыз еткен. Петропавл, Пав­лодар, Атырау секілді қалаларда да жергілікті халық ерікті түрде көмектесуге кіріскен.

Өз кезегінде жан сауғалаған ресейліктер қонақжай қазақ хал­қына алғысын жариялап жатыр. Олар өздерінің Украинадағы соғысқа қарсы екенін, сондықтан мобилизацияға ілініп кетуден қашқанын жасырмайды. Мәсе­лен, Санкт-Петербургтен келген Андрей есімді жігіт: «Отанымды сатпаймын! Ешқашан да сатқан емеспін. Жуық арада жағдай өзгереді, Ресейге ораламын деп үміттенемін», дейді. Жалпы, шекара асқандардың дені осындай пікір білдіреді.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде Қазақстан халқына, қазақ­тарға алғыс айту трендке айналды десек, артық айтқандық емес. Мәселен, ресейлік Тим Кросс есімді композитор инс­та­грамдағы парақшасында «Рахмет, братья» деп жазып, елі­міз­дің туын қойған екен.

«Осындай қиын-қыстау ке­зең­де Қазақстанға ресейлік­тер­­ге көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айт­қым келеді. Мен келгендердің бар­лы­ғына Қазақ­станды, халқын және сіз үшін жасап жатқан барлық істе­рін қатты құрметтеуге кеңес бер­гім келеді», дейді тағы бір желі қолданушысы.

Сондай-ақ Мәскеудегі Қазақ­стан елшілігіне барып, алғыс­тарын білдіріп жатқандар да бар. Алғаш болып фотограф Алек­сандр Астахов елшілікке гүл шоқтарын қойып, «Қазақстан, мейірімділігіңіз үшін рахмет!» деген хат қалдырыпты. Сон­­дай-ақ Ұлыбританиядағы Қазақ­­стан ел­шілігіне де ресейлік­тер гүл шоқ­тарын апарып, алғыс­тарын қағаз­ға жазып кеткен. Бұдан бө­лек, Каталонияның Барсело­на қала­­сын­­дағы еліміздің консул­дығы­на да алғыс айтқандар жетерлік.

Ал ресейлік танымал блогер Илья Варламов туиттердегі парақ­шасында «Дәл қазір әлем­дегі ең үздік президент кім және оны неліктен Тоқаев деп ойлайсыз?» деген жазба қалдырды.

Орал қаласына ат басын тіреген Алексей Сибирский есім­ді белсенді ресей­ліктерді ұйым­дастырып, Жайық­тың бойын жинастыруға шақыр­ды. «Бізге қолұшын созған Қазақстанға осылай алғыс білді­рейік», дейді белсенді.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы нәубеттен қашқан, жер аударылған адамдарға қолұшын созғанына, өзінде барды бөліп бергеніне көз жеткіземіз. Мә­селен, Кеңес Одағы енді-ен­ді құ­рылар тұста Владимир Ленин Арал балық­шы­ларына хат жол­­дағаны көпшілікке белгілі. Арал­дықтардың пролетариат көсемінің меселін қайтармай он төрт вагон балық жібергені талай шығармаға арқау болған-ды.

Бұл көрсетілген көмектің бір парасы ғана. Бұдан бөлек, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, саяси қуғын-сүргін тұсы кезінде де халқымыз мейірімділік пен қонақ­жай­лылықтың ерекше үлгі­сін көрсете білді. Өткен ғасыр­дың 1937 және 1949-жылдарында жер ауда­рыл­ғандарға алғашқы болып жергі­лікті қазақтар көмек қолын созды.

Деректерге сүйенсек, қуғын-сүргін жылдары елімізге бес миллион адам жер аударылған екен. Әр жылдары елге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халық­тарының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түріктер, грек­тер, қалмақтар және басқалар жеткізілді.

Жер аударылғандар, қудалан­ғандар АЛЖИР, КарЛаг секілді лагерь­дерде жан түршігерлік азап көр­гені белгілі. Аштықтан бұра­тыл­ған тұтқындарға қазақ­тардың құрт лақтырып, жанын сақтап қалғанын да нәубеттен аман қалғандардың ұр­пағы аузының суы құрып әңгі­мелейді.

Осыдан бір ғасыр бұрын қонақжай қазақ халқы аштықтан бұратылған Ресей халқына тонналап азық-түлік жіберген еді. Кейіннен жазықсыз жер аударылғандарға көмек қолын созды. Тарих қайта­ланады деген рас шығар, бір ғасыр­дан кейін соғыстан қашқандар елімізде тағы бас сауғалады.