• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 02 Қазан, 2022

Ақаңның тойы – Алаштың мерейі

474 рет
көрсетілді

Жусаны жыр оқып, татыры ағыл-тегіл тарих болып ақтарылған қасиетті қарт Торғайдың қақ төрінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған торқалы той өтті. Дүбірлі тойға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы келіп қатысып, Алаштың қос алыбы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ескерткішін ашты.

Сенат Спикері Ақаңның асыл мұрасы ардақталған «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ахмет Байтұрсынұлы – тарихымызда айрықша орны бар бірегей тұлға. Алаш жұртының асыл перзенті халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше қайраткерлік танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болу үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Шын мәнінде, Ақаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Арыстарымыздың есімін ардақтап, ұлағатты ісін жал­ғастыру – халқымыздың қастерлі парызы», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ұлт ұстазы, аса көрнекті ғалым, ағартушы, тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының саяси және рухани мұрасына кеңінен тоқталып өтті.

– Бүгін қасиетті Торғай то­пы­рағына табанымыз тиіп, өз­­де­ріңізбен жүздесудің сәті түсіп отыр. Торғай – Алаш алып­та­ры­ның қастерлі мекені және ұлт на­мысының жалауы. Торғай – салтына берік, қазақылыққа бе­кем қазыналы жұрттың орда­сы. Бәріміздің басымыздың осы киелі қоныста қосылуына се­беп­ші болған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жы­л­дық мерейтойы. Ардақты ары­сы­мыздың есімін ұмытпау, ұлт санасында жаңғыртып отыру – баршамызға ортақ міндет. Себебі Ақаң­ның тұлғасы қазақтың әле­уетін, деңгейін, болмысын көр­се­теді. Сондықтан Ақаңның тойы  Алаштың абыройы деп санаймыз. Өздеріңізге белгілі, біз қазір күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі шиеленістер ушығып кетті. Қақтығыстар алыс­­та емес, дәл іргемізде болып жатыр. Осындай алмағайып кезеңде біз қамсыз отыра алмаймыз. Елді­гі­мізді сақтау және ұлттық мүд­демізді қорғау – ең негізгі мін­детіміз. Президентіміз осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан төрінде сөйлеген сө­зінде қазіргі таңда бізге бекем бірлік ауадай қажет екенін айтты. Бәріміз ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұ­мы­луымыз қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мем­лекет басшысы ел дамуының жаңа тарихи кезеңінде өңірлерді өр­кендету мәселесіне баса мән бе­ріп отырғанын, осы бағытта тиісті органдарға нақты тапсыр­ма­­лар бергенін және алдағы мін­дет­­терді нәтижелі орындау үшін Пар­ламент жүйелі жұмыс жүр­гі­зіп жатқанын айтты.

– Мемлекет басшысы жаңа және Әділетті Қазақстан құру бағ­дарын айқындап берді. Қазір­гі таңда осы бағытта ауқым­ды жұмыс атқарылып жатыр. Елі­міз­де кешенді саяси, эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік өзгерістер іске асырылуда. Ең басты міндет – тәуелсіздігімізді нығайтып, ­хал­­қымыздың әл-ауқатын жақ­сар­ту. Ол үшін тұтас елімізді, сондай-ақ әр өңірді өркендетудің маңызы зор. Президентіміздің жаңа бас­тамалары қазақ үшін қастерлі мекен саналатын Тор­ғайдың да­муына тың серпін береді деп сене­міз, – деген Сенат Төрағасы Әділетті Қазақстан құру және өс­келең ұрпақты отан­шылдық рухпен тәрбиелеу жо­лында Тор­ғай топырағынан түлеген тұлға­лардың рухани мұрасын дәріп­теу­дің маңызды екенін атап өтті.

Алқалы жиында сөз алған аймақ басшысы Архимед Мұхам­бе­тов жыл басынан бері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне арналған ауқымды іс-шаралар елімізде ғана емес, бірқатар шет мемлекеттерде де ұйымдастырылып жатқанын, осының бәрі – Алаш ардақтысына деген әлемдік деңгейдегі құр­мет, шексіз ықыластың белгісі екенін айта келіп, Ақаң тойының Әулиекөл ауданында болған төтенше жағдайға байланыс­ты кейінге шегерілгеніне түсініс­тік­пен қарап, қолдау білдірген көпшілікке шынайы алғыс айтты.

– Жалпы, мерейтой аясында Ақаңның туған жерінде музей үйі және жаңадан кесене салынды. Музей үй осы кие­лі топыраққа тағзым жасай келген қонақтарға тарихтан сыр шер­тіп, халқымыздың тұрмыс-тір­ші­лігімен, салт-дәс­түрлерімен таныстырады. Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескерткіші ор­натылды. Қос қайраткердің атындағы әдеби музейі жөндеуден өтті, экспозициясы толығымен жаңартылды. Бұл нысандардың барлығы Torgai Tour туристік бағытына енгізіледі. Біз қазір жос­парлап отырған экономиканың тұтас бағыттары қамтылған ау­қымды жобалар облыстың оң­түстік өңірінде шамамен 4,4 мың жұмыс орнын ашуға мүм­кіндік береді. Жыл сайын бар­лық деңгейдегі бюджеттерге салық аударымдары түрінде шамамен 50,0 млрд теңге түседі. Облысқа мол инвестиция тарту мақсатында біз «Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінің инвестициялық картасы» интернет порталын әзірлеуге кірістік, ол әлеуетті бизнес субъектісіне өңірлердің экономикасымен, жер учаскелері, инфрақұрылымы және осы өңірлерде дамытуға болатын басым салалар бойынша ақпаратқа қолжетімділікпен танысуға мүмкіндік береді. Сайт­ты жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз, ал 2023 жылдың бірінші тоқсанында интернет ресурсты деректермен толтыру бойынша жұмыс жүргіземіз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, облыста «250+» бағдарламасы және байланыс операторларының ли­цензиялық міндеттемелері шең­­берінде оңтүстік өңірлердің тұр­ғындарын мобильді байланыс­пен және интернет желісіне қол­же­тімділікті қамтамасыз ету бо­йынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Бүгінде Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин ауданда­ры­на қарасты 70 ауылдың 64-і мобильді интернетпен қамта­ма­сыз етілген.

– Қалған ауылдардың халқы­ның саны аз және күрделі рельефт­і жерлерде орналасқан. Бұл ауыл­дарды алдағы жылдары геоста­ционарлық емес спутниктік технологияларды енгізу есебінен интернетпен қамту жоспарланып отыр. 2022 жылы 20 ауыл­да желіні 4G стандартына дейін жақ­сарту жоспарланған, бү­гін­де 11 ауылдық елді мекенде жұмыстар аяқталды. Жыл соңына дейін 9 ауылда интернет байланысы жақ­­сартылады, – деді Архимед Мұхамбетов.

Конференцияға белгілі зия­лы қауым өкілдері, айтулы ға­лым­дар, көрнекті қоғам қай­рат­керлері қатысты. Жиында сөз алғандардың ішінде жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлы да болды. Қолтығынан демеген екі жас жігіттің көмегімен мінберге көтерілген ғалым:

– Бауырларым, тәлтіректеп алдарыңа шыққаныма кешірім сұраймын. Денсаулығым болмай, төсекте жатқан адам едім. Кеше Ақаңның тойы алғаш болады дегенде ауырып келе алмай қалдым. Осы жолы өткенде Торғайға ат басын тіреп, той болмай кері қайтқан азаматтардың енді келе алмайтынын білгеннен кейін, ең болмаса, өз ауылының азаматтары да бой көрсетпеді-ау деген сөз айтылады-ау деп сүйретіліп келген жайым бар. Мен көп сөй­ле­мейін. Ақаң жөнінде бәрі ай­тылды ғой. Қазақта талай ұлы­­лар шыққан, талай даналар шық­қан. Соның ішінде Ахмет да­ра. Демек Ақаңа көрсетілер құр­мет те да­ра болуға тиіс, – деп тебірене сөйледі.

Ақаң туралы сөз айтқанда Алаш хақында сөз айтылмай қал­майды. Конференция бары­сында алаштанушы ғалым, фи­л­о­­логия ғылымдарының до­цен­ті Ғарифолла Әнес соңғы жылдардағы ғылыми ізденістер нәтижесінде алаштануға, ахмет­та­нуға қатысты тың деректер та­был­ғанын айтты.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2020 жылы 24 қарашада Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құр­бан­дарын толық ақтау туралы» Жарлығы шықты. Сол бойынша комиссия құрылып, жұмыс істеп жатырмыз. Қан­ша­ма жаңалық ашылып жатыр. Осының бәрі ха­­лыққа жетсе екен дейміз. Мә­­селен, біз әу баста Ахмет Бай­­тұрсынұлына қатысты архив құжаттарынан бір томдық жи­нақ дайындағанбыз. Ол екі том болды. Одан кейін үш том болды. Жуырда ғана Ұлттық қа­уіп­сіздік комитетінің жабық қо­ры­нан Ахмет Байтұрсынұлы туралы үш том құжат, деректер шық­ты. Қазір бұл құжаттардың барлығы зерделеніп жатыр. Алаш қайраткерлері туралы әлі талай әңгімелер болады. Жұрттың бәрі Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған қайраткерлер 1937-1938 жылдары сталиндік үлкен террордың құрбаны болды деп ойлайды. Шын мәніндегі үлкен террор 1925 жылы қазан айында Қазақ даласына Голощекиннің басшы болып келуімен басталған еді. Ал енді 1929 жылдан кейін бірде-бір Алаш қайраткерінің не аты, не мақаласы, не кітабы шыққан жоқ. Ақаңдар бастаған Алаш аяулылары тек 1988 жылы 28 желтоқсанда ақталды. Сонда 60 жыл бойы үнсіздік болды. 60 жыл бойы бұл кісілердің аты аталмады, – деді ғалым.

Жиын барысында Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазына» ұлт­тық ғылыми-практикалық орта­лығының өкілі Гүлнар Төкен­қызы Ахмет қалыптастырып кеткен төл терминдер төңірегінде ой қозғады.

– «Сөйлем», «одағай», «шы­лау» деген терминдердің бәрі­­нің негізін қалап кеткен Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл терминдер халықтың өз тілінен сүзіліп, халық танымына сәйкес алынғаннан кейін тез сіңісіп, тез жатталып қалды. Мысалы, шылау десек, ол сөз бен сөзді байлау деген мағынаны білдіреді. Үстеу десек, ол мағына үстейді деген сияқты. Дегенмен Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның тілдік мұра­сын­да әлі де болса тілдік, ғы­лыми айналымға енгізуді керек ететін терминдер толып жатыр. Мысалға, қазір біз компьютерге теріп отырып «пробел» деген сөзді бос орын деп аударып, сөз таба алмай жүрміз. Ал мұны Ақаң «сына» деп атаған екен. Неге осы сөзді қолданбасқа?! – деді тілші-ғалым.

Таяуда «Тіл-Қазына» ұлт­тық орталығы Ахмет Байтұр­сын­ұлының «Әдебиет таныт­қы­шы» мен «Тіл-құралын» тұң­ғыш рет үш тілге аударды. Жинақтың тұсаукесері әлі бол­маған. Бірақ Гүлнар Төкен­қызы соған қарамастан, осы еңбектің ең алғашқы данасы – қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдеріндегі нұсқасын ұлт ұстазының туған жері Торғайға тойға тарту ре­тінде алып келгенін айтып, төрт кітапты музейлер кешенінің ди­ректоры Гүлбану Сәрсекейге табыс етті.

Жалпы, конференцияда ұлт ұстазы хақында ұлағатты ойлар ақ­тарылып, ахметтануға қа­­тысты тың деректер айтылды. Жиынға қатысқан көпшілік қазақ­тың төл тарихынан ойып орын алған небір аяулы, небір асыл, небір текті ұлы тұлғалары көп болғанымен, Ахметі біреу-ақ екенін түйсінгендей болды.

Ғылыми-танымдық жиынның соңы салтанатты рәсімге ұласып, ахметтану саласына сүбелі үлес қосқан ғалымдар, зиялы қа­уым өкілдері, биыл Ақаңның тойы деп шапқылап жүрген бір­талай кәсіпкерлер Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жа­нашыры» сыйлығымен және «Жангелді ауданының құрметті азаматы» атағымен марапатталды.

Осы күні Ахмет Бай­тұр­сынұлы мен Міржақып Дулат­ұлының әдеби музей үйі көп­шілікке таныстырылды. Сенат Төрағасы облыста болған өрттің салдарын жоюға қатысқан ерік­тілермен арнайы кездесуге де уақыт тапты.

Сөз орайы келгенде, Торғайда ашылған Ақаң мен Жақаңның еңселі ескерткішінің ел көңілінен шыққанын да айта кеткен абзал. Ескерткішті белгілі мүсіншілер Жеңіс Жұбанқосов пен Тимур Ермахамбетов жасапты.

– Ел мүддесі жолында ба­уырласып, бір-бірін туғаннан ар­тық қадір тұтып өткен Ахмет пен Мір­жақып ескерткішін қалай жасап шығарамыз деп көп ойландық. Ақыры қос алыптың елдің болашақ қамын ойлап, кеңес құрып тұрған сәтін бейнелеп жасап шығардық. Ең бірінші Алматы қаласында жасап шығардық. Одан кейін Ақтөбеге әкеп, жетер жеріне жеткіздік. Одан көлікке тиеп, оған өзіміз еріп отырып, Ырғыз арқылы Торғайға жеткіздік. Жол қиындау болды. Енді, міне, ашы­луы болды, қуаныштымын. Бұл жерде Ақаң мен Жақаңның ескерткіші бұрын да болған. Соның тұғырын өзгертпейік деп шештік. Бұл кісілер енді қазақтың эстет адамдары ғой. Сондықтан тұрыстарының өзімен олардың ішкі дүниесін ашуға тырыстық. Үш айдың ішінде жасап шықтық. Жалпы, биіктігі тұғырымен қосып есептегенде 5 метрдей болады. Ал ескерткіштің еңсесі – 2,70 метр. Қоладан құйылды, асты – гранит. Одан кейін астың­ғы тұ­ғырға қашалған жазуды өзгер­тіп, «Байтұрсыновты» «Бай­­­тұрсынұлы», «Дулатовты» «Дулат­ұлы» деп түзедік. Өзіміз де әу баста осылай болады деп ойлаған ойыма жеткізіп, соған кел­тірген сияқтымыз, – деді Жеңіс Жұбанқосов.

Той түстен кейін Ахмет Бай­тұрсынұлының кіндік қаны там­ған Сарытүбек қонысы мен Ақкөл ауылында жалғасып, мұн­­дағы іс-шаралар аруақтарға дұға бағыштап, тәу етуден бас­талды. Ақаңның ата қонысы – Сарытүбектегі қорымда ұлт ұс­тазының әкесі Байтұрсын мен ағасы Қали жерленген. Олар­дың жанына биыл халық болып қаржы жиып, Ақаңа ақ кесене тұрғызылған.

Кешкілік Торғайдағы «Жас тұлпар» стадионында Ақаң әндері мен халық әндерін орындаушылар арасында байқау өтіп, Ахмет Бай­тұрсынұлының өз әндері, зерт­теген әндері, Затаевичтің ән қоржынына қосқан әндері шыр­қалды. Байқаудың соңы мерекелік концертке ұласып, Қос­танай облысының белді өнер­паздары Ақаңа арнаған әндерін орындады, сондай-ақ арнайы шақырылған елімізге белгілі өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Мә­селен, белгілі күйші Анар Мұз­да­ха­нова Ахметке арнаған өзінің жеке күйін орындады.

Мерекелік іс-шаралар барысында ат бәйгесі мен палуан­дар белдесуі өтті. Ақаңның 150 жыл­дығына арналған қазақ күре­сінен өткен республикалық ашық турнирде Ақтөбенің атынан шыққан 2017 жылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы Еламан Ерғалиев түйе палуан атанып, Қостанайда құрастырылған су жаңа жеңіл көлікті иеленді.

Ұлттық ат спортынан өткен республикалық турнирдің құнан бәйгесінде де, аламан бәйгесінде де Алматының дүлдүлдері алдына қара салдырмай, қос бәйгеге де қатысқан шынашақтай ғана шабандоз Мейірхан Бұлбұлов қос темір тұлпарды мінді.

 

Қостанай облысы