– деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы елге мемлекеттік сапарының қорытындысында
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар қытайлық компаниялар басшыларымен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Синьхуа ақпарат агенттігінің интернет-сайтын пайдаланушылармен онлайн-сұхбат құрды.
Қазақстан Президенті Қытай бизнесмендерімен жеке-жеке жүздесіп, пікір алмасты. Алғашқы кездесу Қытайдың «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуамен болды. Онда корпорацияның қазақстандық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, көмірді кешенді өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қозғалды. Бұдан бөлек, кездесу барысында өзара іс-қимыл перспективалары мен инвестициялық ахуалдың жағдайы қарастырылды. Мемлекет басшысы Қазақстанда бизнес жүргізу үшін заңнама және келісімшарттар тұрақтылығы сияқты жайттарды қамтитын қолайлы жағдайлардың жасалғанын атап өтті.
«Цинхуа» корпорациясы – Қытайдың көмір өндіру, байыту, кокстеу және көмір химиясы саласындағы ірі жекеменшік кәсіпорны. Корпорацияның 2013 жылдан бергі активі 7,5 млрд. долларды құрайды. Қазіргі таңда 20 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған корпорацияның жыл сайынғы ішкі жалпы өнімі – 2,5 млрд. доллар. Бүгінде халықаралық нарықта биік беделге ие аталған алып кәсіпорын енді біздің елге де инвестиция салғалы отыр. Яғни, Қарағанды облысында көмірді қайта өңдеу және одан синтетикалық сұйық отын өндіру бойынша өнеркәсіптік кәсіпорын құрылатын болады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінен кейін аталған компанияның Шыңжаң филиалының жетекшісі Сюй Чжун Қарағандыда салынғалы отырған кәсіпорын жайында әңгімелеп берді.
Біздер үшін жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, Президент мырзаның делегациямызды қабылдауы зор мәртебе. 2013 жылдың қыркүйегінде біз қазақстандық серіктестермен Қарағанды облысында көмірді кешенді қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасасқан едік. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды бастап та кеттік, деді Сюй Чжун. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан басшысы аталған инновациялық әрі экологиялық тұрғыда таза жобаға зор баға берген. Иә, бұл келісімге өткен жылдың қыркүйегінде екі ел басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай Іскерлер кеңесінің отырысында қол қойылған болатын. Айта кетерлігі, кәсіпорын бензин, дизель отыны, электр энергиясы және қосылған құны жоғары сан түрлі химиялық өнімдер шығаратын болады. «Цинхуа» корпорациясының алдын ала бағалауынша, жобаға құйылатын инвестицияның жалпы сомасы 2 млрд. долларды құрайды. Қазақстандық сарапшылардың пайымынша, аталған кәсіпорын Қазақстанның энергия теңгерімі мен экологиясы үшін серпінді мәнге ие. Бұдан бөлек, жобаның арқасында қазақстандық ғылым дамып, көмір химиясы өнеркәсібіндегі отандық инновациялық әзірлемелер жүзеге асырылатын болады.
Бұдан соң Мемлекет басшысы Қытайдың «AVIC» авиациялық өнеркәсіп корпорациясының президенті У Гуаньцюанмен кездесті. Кездесу барысында авиация өнеркәсібі мен логистикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асырудың негізгі аспектілерін де қарастырды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл корпорация Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық білдіріп отырған ірі авиациялық кәсіпорындардың бірі екенін және оның келуі маңызды инвестициялық жобаға айналуы мүмкіндігін атап өтті.
«Біздің ел жолаушыларға және ауыл шаруашылығына арналған шағын авиацияға мүдделі. Сіздердің бұл салада үлкен тәжірибелеріңіз бар, сондықтан біз өздеріңізді ынтымақтастыққа шақырамыз. Мұндай инвестицияларға біз инфрақұрылым жағынан көмек көрсетеміз, бизнесті алғашқы жылы салықтан босату арқылы ерекше преференциялар жасаймыз. Сонымен қатар, сіздер тиісті кәсіби кадрларды даярлайды деп үміт артамыз, деді Н.Назарбаев.
«AVIC» – әскери және азаматтық авиация саласында авиа өнімдердің кең ауқымын шығарумен айналысатын мемлекеттік компания. Корпорация әлемнің 30-дан астам еліне жойғыш ұшақтар, бомбалаушы ұшақтар, тікұшақтар, жалпы мақсаттағы авиациялық ұшақтар экспорттайды. Сондай-ақ, ол «Boeing», «Airbus», «GE», «Rolls Royce» сынды авиациялық құрастыру саласындағы әлемдік көшбасшыларды қажетті бөлшектермен, қозғалтқыштармен, борт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етеді. Корпорация құрылымына 200-ден астам түрлі кәсіпорындар мен ғылыми-техникалық мекемелер кіреді, ал қызметкерлерінің жалпы саны 500 мың адамнан асады.
Үстіміздегі жылдың сәуірінде Қазақстан аумағындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында «AVIC International» компаниясы мен «Отан-Авик» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған болатын. Енді алдағы күзде Қазақстан мен Қытайдың «AVIC» авиациялық өнеркәсіп корпорациясы арасында қытай технологиясы бойынша шағын ұшақтарды Қазақстанда шығаруды дамытуға арналған келісімшартқа қол қою жоспарлануда. Бұл жайында Қазақстан басшысымен кездесуінен кейін аталған компанияның президенті У Гуанцюань мәлім етті.
Сіздердің Президенттеріңіз Қазақстанда авиациялық өндірісті дамытуға және дайын өнімді Орталық Азия елдеріне сатуға қызығушылық танытуда. Ол биылғы жылдың күзінде біздің компаниямен келісімшартқа қол қоюға дайын екендігін білдірді. Таяу аралықта біз Қазақстанға қажетті шарттар мен құжаттарды әзірлеу үшін мамандар делегациясын жібереміз, деді ол кездесуден соң журналистерге берген сұхбатында.
Қазақстан басшысы келесі кезекте «Хуавей» корпорациясы директорлар кеңесінің төрайымы Сунья Фанмен кездесті. Кездесу барысында корпорацияның Қазақстандағы қазіргі жұмысының негізгі мәселелері, сондай-ақ, жоғары технологиялар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев біздің елдегі телекоммуникациялық саланың деңгейі қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті және Қазақстанның корпорациямен ынтымақтастыққа аса мүдделі екеніне тоқталды.
Сунья Фан өз компаниясы жұмысының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп, оны бұдан әрі дамыту жөніндегі жоспарларын баяндады. Бұл компания бүгінде Қазақстанда LTE деректерді беру жобасын жүзеге асыруда. Биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін қытайлық телекоммуникациялық корпорация қазақстандық «Aлтелмен» бірігіп, елімізге 4G стандартындағы деректерді беретін ұялы байланыс енгізу жобасын жүзеге асыруын аяқтауды көздеп отыр.
Бұл жөнінде Қазақстан Президентімен кездесуінде аталған корпорацияның директорлар кеңесінің төрайымы Сунь Яфан баяндады. Оның сөзіне қарағанда, «Хуавей» компаниясы ЭКСПО-2017 көрмесі дайындығына және Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында аталған міндеттерді, оның ішінде заманауи интернет-технологиялар мен коммуникациялар, Қазақстан халқының ғаламдық жүйеге жалпы қолжетімділігін қамтамасыз етуге белсене қатысуды жоспарлап отыр.
«Хуавейдің» 140-тан астам елде 15 аймақтық өкілдігі, 16 зерттеу және өңдеу орталығы бар екен. Олардың ірілері Қытай, АҚШ, Үндістан, Швеция және Ресейде орналасқан. 28 бірлескен инновациялық орталық бар көрінеді. Солардың ішінде «Vodafone Group» (Ұлыбритания), «BT Group» (Ұлыбритания), «Telecom Italia» (Италия), «France Telecom» (Франция), «Telefonica S.A.» (Испания), «Deutsche Telecom» (Германия) сияқты халықаралық операторлармен байланыс орнатылған.
«Хуавейдің» Қазақстандағы өкілдігі 1999 жылы ашылған. 2007 жылдың сәуірінде Алматыда «Huawei-Almaty» ЖШС еншілес кәсіпорны, сондай-ақ, жергілікті тапсырыс берушілерге сатылымнан кейінгі қызмет көрсету, техникалық қамтамасыз ету және кеңес беру орталығы құрылған. Кәсіпорында барлығы 160 адам жұмыс істейді, олардың 120-сы – жергілікті тұрғындар. 2013 жылдың қорытындылары бойынша «Хуавей» компаниясының Қазақстандағы жалпы айналымы 250 млн. доллардан асып түсіпті. Компания – «Қазақтелеком», «Kcell», «Altel», «Kar-tel», «Tele2» секілді Қазақстанның байланыс операторларының негізгі жеткізушісі әрі стратегиялық әріптесі.
Кеше, сондай-ақ, Елбасы қытайлық Синьхуа ақпарат агенттігінің интернет-сайтын пайдаланушыларымен онлайн-әңгіме өткізді. Синьхуа 1931 жылы негізі қаланған Қытайдың ірі мемлекеттік ақпарат агенттігі болып табылады. Ақпараттық технологияға ерте «ауыз салған» Қытай агенттігінің сайты 1997 жылдың қарашасында ашылған. Қазір ол Қытайдың ірі әрі беделді ақпараттық сайты болып табылады. Күн сайын оны 58 миллионға жуық адам пайдаланады, веб-парақшаны қараушылар саны 280 миллионды құрайды.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Синьхуа агенттігіне бірнеше мәрте жазбаша сұхбат берген. Атап өтер болсақ, 2009 жылы сәуірде, одан соң 2011 жылы ақпанда және 2013 жылы қыркүйекте. Ал бұл жолы Қазақстан Президенті оқырмандармен онлайн-режімде тікелей байланысқа шықты. Қазақстан Президентінің Қытайға сапарын арнайы күткен сайт сұхбаттың өтетіні жайлы алдын ала хабарлап, осыған орай интернет-парақша ұйымдастырған екен. Сол себептен де болар, сұхбат басталар-басталмастан Қазақстан Президентінің атына сұрақтар көптеп түсіп жатты. Әлемдік саяси сахнада аты танылған Қазақстан басшысының пікірі қай жерде де маңызды екені осы сұхбат барысында да айқын аңғарылды. Мемлекет басшысы сайтта жолданған салмақты сұрақтарға барынша салиқалы жауаптар қайтарды.
Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев Синьхуа ақпарат агенттігінің сайтын пайдаланушылармен амандасып, ауқымды Қытай аудиториясының алдында сөз сөйлеу мүмкіндігін беріп, шақырғандарына агенттікке алғысын айтты. Елбасына қойылған алғашқы сұрақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің рөлі мен даму перспективаларына қатысты болды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қол жеткізген нәтижелері, негізгі басымдықтары және өзекті міндеттері жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев тұрақтылық пен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктеріне, оған қоса, бұл үдерістегі Азия кеңесінің орнына қатысты пікірін білдірді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларына арнайы көңіл бөлінді. Осыған сай Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Жібек жолының экономикалық белдеуін» қалыптастыру туралы бастамасына қатысты оң пікірін айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қытайдың интернет пайдаланушыларының энергетика саласындағы ынтымақтастыққа қатысты сауалдарына жауап берді, сондай-ақ, 2015 жылға қарай тауар айналымы көлемін 40 млрд. долларға жеткізу жөніндегі екі елдің басшылары ұсынған міндетті жүзеге асыру үшін жаңа жобалар дамытылуы ықтимал бірқатар саланы атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекеттің арасында гуманитарлық саладағы ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін айтып, оны әрі қарай нығайтудың бағытын айқындап берді. Бұдан кейінгі бір сұрақ Қашаған жайында жолданды. Елбасы болашақта ірі кен орны – Қашағаннан қытайлық компаниялардың қатысуымен мұнай өндіру көлемін 40 млн. тоннаға жеткізуге болатынын атап өтті. Қытай алдында маңызды міндеттердің бірі – дамушы экономиканы энергия ресурстарымен қамтамасыз ету. Қазақстан бұған қатысып, Қытай экономикасына көмек бере алады. Біз қазірдің өзінде Қазақстан арқылы Қытайға газ құбырын, Каспийден Қытайға дейін мұнай құбырын салдық. Өткен жылы біз Қытайға 13 млн. тонна мұнай жеткіздік және оны 20 млн. тоннаға да жеткізе аламыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы Қазақстанның көмір кеніне де бай екендігін әрі көмір өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағытында қытайлық компаниялармен келіссөздер жүргізгенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарын атай отырып, халықаралық саяси аренадағы дипломатиялық қатынастардың теңгерімін сақтау жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар жайын да тілге тиек етті.
Қытай аудиториясын қызықтыратын сұрақтарға жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сүйікті спорт түрлері және олардың тұрмыс пен жұмысқа ықпалы туралы да әңгімеледі. Соңында Қазақстан Президенті өзінің өмірлік тәжірибелері жөнінде жасөспірім интернет-пайдаланушылармен ой бөлісті.
Әңгіме аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Синьхуа сайты мен қытайлық интернет-пайдаланушыларға арналған естелік жазба қалдырды, сондай-ақ, ең қызықты сауалдың авторына естелік кәдесый берді. Онлайн-сұхбат оқырмандарының жалпы саны 20 миллион адамнан асты. Қазақстан Президентіне қойылған, Қытайдағы интернет пайдаланушыларды қызықтырған сауалдардың жалпы саны 1 мыңдай болды. Мемлекет басшысымен болған онлайн-сұхбаттың қорытындысы бойынша Синьхуа агенттігі дайындаған ақпаратты 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралы жариялады. Жалпы, онлайн-әңгіме барысын 1 миллионға жуық адам қарап отырды.
Мемлекет басшысы түстен кейін қазақстандық журналистермен жүздесті. Арнайы ұйымдастырылған шағын брифингте Президент мемлекеттік сапардың қорытындысын баяндады. Елбасы өз сөзінде тәуелсіздік жылдары ішінде ұлы көршіміз Қытаймен тұрақты ынтымақтастық орнатқанымызды, бұл шекара мәселесін түбегейлі шешуден басталып, бүгінгі байсалды байланысымызға дейін жетіп отырғанын айтып өтті.
Осы жылдар ішінде біздің экономикамыз өркендеп, сауда-саттығымыз артып, 28,5 млрд. долларға жетті. Мұның барлығы – халықтың қамы. Әлем экономикасында қазіргі алмағайып кезеңде, қаржы жүйесінің тұрақсыз жағдайында Қытай Халық Республикасы біз үшін өте қажет, пайдалы әріптес болып отыр. Бұл сапар барысында да көп нәтижелерге қол жеткіздік деп айтуға болады. Мәселен, өткен кездесулерде Қазақстанға Қытай Халық Республикасынан келген инвестиция 10 млрд. долларға жеткен болса, қол қойылған келісімдердің нәтижесінде, салынып біткен, не салынатын бірлескен кәсіпорындарды қосқанда Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестиция 20 млрд. долларға жететін болады. Ал болашақта жүзеге асатын жобаларға зер салсақ, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры және Қазақстанның Даму банкі бұл елден көлемді қаражат қорын алып жатыр, деді Президент.
Қытай өз инвестициясы есебінен Таразда глифосат өндіретін жобаны жүзеге асыруымызға көмектеседі. Алматы облысында мұнай-газ құбырларын шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қостанай облысындағы Торғай көмір кеніші маңында жылу электр стансасын салу мәселесі мұқият пысықталды. Қарағандыда көмір өңдеу, одан газ, бензин, дизель отынын және карбамид өндіру жөніндегі инновациялық компания жұмыс істейтін болады. Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жоспарланып отырған азот тыңайтқыштары өндірісі де ғылымды және мол капиталды қажетсінеді. Қытай Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құруға қатысатын болады. Бұдан бөлек, біз Қазақстаннан жеткізілетін мұнай мен газ көлемін ұлғайту жұмысын жүргіземіз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тынық мұхитындағы Ляньюньган портында Қазақстанның терминалын ашудың маңызы жоғары екенін атап айтты. Ол контейнерлерді Қытай мен Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізуге мүмкіндік береді. Терминалдың бастапқы қуаты жылына 3 млн. тонна болып, болашақта екі есе ұлғайтылады. Осылайша, еліміздің транзиттік әлеуеті толық пайдаланылатын болады, деді Қазақстан Президенті.
Қытай Халық Республикасымен қол жеткізілген біздің келіссөздеріміз барлық жағынан пайдалы болып табылады, деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік сапар соңында Қазақстан Президенті өзінің бұрынғы әріптесі, ҚХР-дың экс-төрағасы Цзянь Цзэминьмен кездесті. Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы басымдығы бар салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оны нығайту перспективалары сөз етілді. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейде қалыптасқаны, сондай-ақ, өңірлік құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастықты тереңдетудің маңыздылығы атап өтілді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь Қазақстан-Қытай байланыстары екі ел халқының игілігі үшін одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Бүгін Елбасы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің IV Саммитіне қатысады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан» – Шанхайдан (Қытай).
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.