Жақында шымкенттік полиция қызметкерлері құрамында 11 мүшесі бар ұйымдасқан топтың қылмысын әшкереледі. Бұл топ біраз уақыттан бері Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларының аумағында адам сатумен айналысқан. Ең сорақысы, қылмыстық топ «жыныстық құлдыққа» жегу үшін кәмелетке толмаған жеткіншектерді де аяусыз саудаға салып келген.
Қылмыстық топтың жас қыздарды құрықтарына түсіру тәсілі өте қарапайым. Ол үшін әккілер әлеуметтік желінің мүмкіндігін жақсы пайдаланған. Ұйымдасқан қылмыстық топ «ВКонтактеде» еліміздің түрлі қалаларына жұмысқа қабылдау жүріп жатқаны туралы жарнама жариялап отырған. Әсіресе бойжеткендерді «өте қолайлы еңбек жағдайы жасалған», «жалақысы жоғары» деген жарнамаларымен «баулап алған». Өтіріктеріне сеніп қалған қыздардың алдында біраз «абырой жинап алғаннан» кейін қаскөйлер құрбандарының құжаттарын тартып алып, өздерін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Осылайша, қыздарды үш қаланың жалдамалы пәтерлері, сауналары мен қонақүйлерінде саудалаған топ «тірі тауарларын» бір-бірімен алмастырып, түскен табысты өзара бөлісіп келген.
Қарсылық танытып, айтқандарына көнбегендерді соққыға жығып, зорлық-зомбылық көрсеткендерімен қоймай, бопсалап, ойдан шығарған айыппұлдарын салған. Мұнымен шектелмеген әлгілер «мінез көрсеткен» қыздарды есірткі қолдануға да мәжбүрлеген. Қазір жеңгетайлықпен айналысқандардың бәрі қамауда отыр. Бұл жөнінде ІІМ ресми ақпарат та жариялады. Алайда бізді жағдайы жақсы жұмысқа тұрып, жоғары жалақы табамын деп жүріп мәжбүрлі түрде жезөкшелік жолға түскен жас қыздардың ендігі тағдыры не болады деген сұрақ мазалайды.
ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 51 қылмыс тіркелген екен. Оның ішінде 7 оқиға Қылмыстық кодекстің 128-бабы, яғни адам саудасына қатысты болса, 6 іс кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша қозғалған.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы, полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, соңғы сегіз айда ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 135-бабы кәмелетке толмағанды сату бойынша – 4, 308-бап жезөкшелікпен айналысуға тартуға қатысты – 5, 309-баппен, яғни жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау бойынша 27 оқиға әшкерелеген.
«Елімізде адам саудасына, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алуға ерекше ден қойылып отыр», деген полиция полковнигі бұл бағытта қолға алынған іс-шараларды, нақты айтқанда заңнамалық тұрғыдан жасалған нақты қадамдарды атап өтті.
ІІМ өкілінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстан адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты шарттың қатысушысы. Бұл шарттардың 13-і халықаралық конвенция болып саналады. «Шарттар мен келісімдердің мазмұны құлдықтың қазіргі заманғы нысандарына қарсы іс-қимылға тікелей байланысты. Мұндай құжаттардың ішінде балаларды саудалауға, балалар жезөкшелігіне және балалар порнографиясына қатысты Бала құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттама, БҰҰ-ның Адам саудасына және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес және құлдық туралы, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциялары бар», дейді Қ.Нұрмағамбетов.
Полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты қылмыстардың ішінде трансұлттық ұйымдасқан топтардың заңсыздығын әшкерелеу, құлдыққа түскен құрбандардың құқығын қорғау айтарлықтай күш пен кәсібилікті әрі қаражатты қажет ететінін жасырмайды. «Себебі трансұлттық адам саудасына байланысты қылмыстарды ашуда шетелдік құқық қорғау органдарымен тікелей жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін, әрине, ең алдымен уақыт және өзара ынтымақтастықты регламенттейтін үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер қажет», дейді департамент басшысы.
«Жедел іздестіру, жедел анықтамалық, криминалистикалық және мұрағаттық ақпаратпен алмасу; сұрау салулар мен тапсырмаларды орындау; прокурордың санкциясын талап етпейтін жедел іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттерін, ірі ауқымды жедел алдын алу және арнайы операцияларды жүргізу – осылардың барлығы айтуға оңай болғанымен тыңғылықты дайындықты, кәсіби біліктілік пен мықты заңнамалық базаны талап етеді. Мәселен, қылмысқа қарсы күресте шекара маңындағы елдердің құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық қолданыстағы келісімдер мен қылмысқа қарсы күрестің 2019-2023 жылдарға арналған мемлекетаралық бірлескен шаралары шеңберінде жүзеге асырылады. Бізде адам саудасына қарсы күресті күшейтуге бағытталған заңнамалық база жеткілікті. Бүгінде адам саудасы әлем елдерінің өзекті мәселесінің біріне айналып отыр. Сондықтан бұл қылмыстың алдын алуды және болдырмауды мақсат тұтқан мұндай база қажеттігіне қарай жетілдіріліп отырады», деді ІІМ өкілі.
Естеріңізде болса, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат – еліміздің адам саудасына қарсы күрес жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау бойынша жасаған алғашқы қадамының бірі. Ал 2010 жылы Қылмыстық кодекске кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту туралы жаңа 134-бап енгізілді. Сондай-ақ заңнамаға адамды қанау, мәжбүрлі еңбек, адамды қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу, коммерциялық емес сексуалдық қанау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік ұғымдары енгізілді.
Еңбек кодексінде адам саудасына байланысты, атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмысы үшін бұрын сотталған адамдармен еңбек шартын жасасуға шектеу қойылды. Осы заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы ұйымдарда адам саудасы үшін сотталғандарға жұмыс істеуге жол берілмейді.
Сонымен қатар адам саудасы, кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту, кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға тарту және жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық бойынша жаза күшейтіліп, қос тараптың татуласу мүмкіндігі мүлде алынып тасталды. Бүгінде адам саудасына байланысты қылмыстар үшін Қылмыстық кодекстің 8 бабында, атап айтқанда 116, 125, 126, 128, 134, 135, 308-баптарында қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ең ауыр жаза мерзімі – 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу.
Қ.Нұрмағамбетовтің айтуынша, ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы адам саудасына қарсы күрес бойынша жыл сайын 200-ге жуық маман даярлап шығарады. Бұдан бөлек, жыл сайын академия базасында осыншама полиция қызметкері, оның ішінде жедел уәкілдер, көші-қон, ювеналдық полиция мен кезекші бөлімдердің инспекторлары біліктілігін арттырады.
«Елімізде адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары дайындалған. Құжат шеңберінде адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ 2020 жылдан бері облыстық департаменттер мен үкіметтік емес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Жыл сайын жүйелі өткізіліп тұратын акциялар тағы бар. Тізбелеп отырған бұл жұмыстардың барлығы адам саудасын ауыздықтау үшін жасалып жатқан шаруалардың бір парасы ғана. Алайда әйелдердің әлсіздігін, жеткіншектердің қорғансыздығы мен құқықтық сауатсыздығын «ұтымды» пайдаланып отырған қылмыскерлер заман талабына сай амал-айлаларын да сан құбылтып отыр», дейді полиция полковнигі.
ТҮЙІН. «Ең ұят қылмыстардың бірі» саналатын адам саудасының жаһандық мәселеге айналғаны қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жыныстық қанау мен мәжбүрлі еңбек жыл сайын миллиондаған адамның тағдырын күйретіп кетеді. Ең өкініштісі, адам саудасының әрбір бесінші құрбаны – балалар.