• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 03 Қазан, 2022

Нарықты дамыту қалай жүзеге асып жатыр?

211 рет
көрсетілді

Қаржы саласында дүркін-дүркін өзгеріс болып жатыр. Оның бірі жаһандық әсерге байланысты жоспардан тыс пайда болса, енді бірі мемлекеттің бастамасымен жүзеге асырылады. Қайсысы болсын, қаржы нарығы тұтынушыларының игілігі үшін іске асырылады. Осы ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері саладағы бірқатар мәселені ел алдында баяндап, даму үрдістерінің қазіргі үдерістерін сипаттады.

Бала құқығы – бірінші орында

Биыл 12 шілдеде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және баға­лы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Заң 30-дан астам заңнама­лық актіге өзгерістерді қамтиды. Заң­ның бірінші блогі сақтандыру секторын одан әрі кешенді дамы­туға бағытталған.

Агенттіктің хабарлауынша, соңғы бес жылда сақтандыру нарығы тұрақты өсіп келеді. Былтыр саланың екі негізгі көрсет­кіші айтарлықтай өсім көрсетті: сақтандыру сыйлықақысы 37 пайызға, төлем қабілеті 7 пайызға артқан. Агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, нарықтың өсуі ерікті жеке және ерікті мүліктік сақтан­дыру сияқты ерікті сақтандыру түр­лерінің дамуымен байланыс­ты. Бұл ретте сақтандыру нары­ғының әлеуеті, бірінші кезек­те, өмірді жинақтаушы сақтан­дыру­дың жаңа әлеуметтік бағдар­ланған өнімдерін енгізу, сақтан­дыру қызметтерін одан әрі цифр­ландыру, сондай-ақ осы қызмет­тердің тұтынушыларын қорғауды қамтамасыз ету есебінен ауқымды болып отыр.

«Заңда көзделген өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерінің бірі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберіндегі білім беру жинақтау сақтандыру өнімі. «Банк депозитінен ерекше­лігі, бұл өнім қосымша сақтандыру қорғауын ұсынады. Ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағ­дайда сақтандыру шарты бо­йынша жинақталған сомаға қара­мастан оқу құны төленеді», деп атап өтті М.Хаджиева.

Бұдан басқа Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКҚ) төлемдердің толық сомасына кепілдік береді, ал банк салымы бойынша кепілдік 10 млн теңгеден аспайтын соманы жабады.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша МБЖЖ бағдар­ламасына 4 банк қатыса­ды және жалпы сомасы шамамен 33,5 млрд теңгеге барлығы 22 мың депозит ашылды. Өмірді сақтандыру бо­йынша компаниялардың МБЖЖ-ға қатысуы осы өнімді сатудың балама арнасын құруға және осы жүйенің халық арасындағы танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Зейнетақы аннуитеті

Заңның тағы бір жаңалығы – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнет­ақы аннуитетін енгізу. Ол ер­лі-зайыптылардың немесе жа­қын туыстардың зейнетақы жинақ­тарын біріктіруге және олардың әрқайсысына жеке кесте бойынша өмір бойы төлемдер белгілеуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың, 55 жастағы күйеуі мен әйелінің 11,6 млн теңге және 5 млн теңге мөлшерінде зей­нетақы жинақтары бар делік. 

«Бұл ретте күйеуі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен зейнетақы аннуитетінің ең төмен құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін 9,2 млн теңгені құ­райды. Тиісінше, әйелдің жи­нақ сомасы жеке зейнетақы аннуи­теті шартын жасасу үшін жеткіліксіз. Жинақтарды бірікті­ріп және бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасай отырып, ер­лі-зайыптылардың әрқай­сысы өмір бойы төлемдер ала алады. Бірлескен зейнетақы аннуитет­терін енгізу азаматтардың жинақ бастамаларын арттыруға және зейнеткерлікке шыққан кезде оларға қосымша жинақтарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл опцияны 1 млн-ға жуық адам пайдалана алады», деді М.Хаджиева.

Айта кетейік, дамыған елдерде зейнетақы аннуитеті шарттары зейнетақы жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Скандинавия елдерінде (Дания, Швеция, Норвегия) бірлескен аннуитеттер ерікті өнімдер болса, Латын Америкасы елдерінде (Чили, Мексика, Аргентина) бірлескен аннуитеттер міндетті сипатқа ие.

Төлемге кепілдік бар

Заңда cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінде де елеулі өзгерістер көзделген. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры кепілдік беретін сақтан­дыру сыныптарының тізбесі кеңей­тіле­ді. Кепілдік беру жүйесі сақтан­дырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сынып­тарына, оның ішінде МБЖЖ шеңберін­де жасалатын жаңа өнімдерге – бірлескен зейнетақы аннуи­теттеріне және өмірді сақ­тандыру шарттарына қол­данылады. Сондай-ақ тұтыну­шы­лардың сақтандыру төле­мін алуды күту кезеңі айтар­лық­тай қысқарады. Қазіргі уақыт­та тұтынушылар СТКҚ-дан төлем­дерді алу үшін ұзақ уақытты қажет ететін сот шешімін күтуі керек. Ал жаңа жүйе бойынша тұты­ну­­шылар сақтандыру ұйы­мын тарату туралы сот шеші­мін күт­пей, лицензиясынан айырыл­ған­­нан кейін төлемдерді бірден ала алады.

Сақтандыру төлемдерінің үздік­сіз­дігін қамтамасыз ету мақ­сатында таратылатын сақтан­дыру ұйымының сақтан­дыру порт­фелін беру СТКҚ-ның қара­жаты есебі­нен жүзеге асырылады. «Қабыл­данған заңнамалық бас­т­амалар кепілдік төлемдерді алу про­цесін оңтайландыруға әрі же­делдетуге және халықтың сақтан­дыруға сенімін арттыруға бағыт­талған», деп атап өтті М.Хаджиева.

Цифрландыруға бағытталған

Түзетулердің елеулі блогі сек­­торды цифрландыруға бағыт­талған.  Заңда міндетті автосақ­тандыру бойынша сақтан­дыру жағдайын онлайн реттеуді енгізу көзделген. Қазір автокөлік иелері сақтандыру ұйымының кеңсесіне бармай-ақ, автосақтандыруды онлайн режімде сатып алу мүмкін­дігіне ие. 2020 жылы міндетті автосақтандыру шарт­тары­ның 100 пайызы электрон­ды нысанда жасалды. Сон­дай-ақ ма­мандандырылған бағдарла­ма­лық қамтамасыз етуді пайдала­на отырып, шығынды бағалау­ды автоматтандыру жолымен мін­детті автосақтандыруда автокө­лік­ке келтірілген шығынды бағалау жүйесін жетілдіру ұсынылады.

Заңда міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу көзделген – икемді тарифтеу жүйесіне көшу, яғни тарифтер әр аймақтағы жол апаты деңгейін ескере отырып, жыл сайын жа­ңар­тылады. Икемді тарифтеу тетігі, сондай-ақ жүргізушілердің көлікті жүргізу сипатының тарихи деректеріне сүйене отырып, қа­зір­гі жеңілдіктер мен үстеме­ақылар жүйесін жыл сайын өзек­тендіріледі. Сонымен қатар «Еурохаттама» жүйесі енгізілмек.

«Жол-көлік оқиғасының бел­гілі бір талаптары сақталған жағдайда, қатысушылар полиция қызметкерлерін тартпай дербес ресімдейді және ЖКО-ның кінәлі тарапын анықтау үшін сот шешімі талап етілмейді», деді агенттік төрағасының орынбасары.

Қор нарығы қоңдана түседі

Заңнамалық бастамалардың екінші блогі қазақстандық қор нарығын одан әрі дамытуға бағыт­талған. Заңның бағалы қағаздар нарығы бөлігіндегі негізгі бастама­лары – қор нарығында инвес­тор­лардың құқықтарын қорғау шара­ларын күшейту; кәсіпкер­лік субъектілері үшін қолжетім­ді қаржы құралдарының желісін ке­ңейту; эмитенттердің қор нары­ғына шығуын ынталанды­ру; баға­лы қағаздар нарығының кәсі­би қаты­су­шыларын реттеу мен қа­д­аға­лау тәсілдерін қайта қарау.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша саны 404 мың адамға жеткен инвесторлар базасы өсімінің қарқынын ескере отырып, оларды қорғауды қамтама­сыз ету үшін қазақстандық брокерлер үшін қаржы құрал­дарын сатып алу алдында клиент – жеке тұлғаның біліктілігі мен инвес­тициялық бейінін бағалау туралы талап енгізіледі.

«Брокерлердің білікті деп танылған клиенттері кез келген қаржы құралдарын, оның ішінде тәуекелі жоғары құралдарды сатып ала алады. Бұл инвестициялаудың әлеуетті бағыттарының шеңберін айтарлықтай кеңейтеді», деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.

Білікті инвесторлар болып санал­майтын жеке тұлғалар тәуе­кел­дің ең төменгі деңгейімен кон­сер­вативті қаржы құралдарын сатып ала алады. Бұл ретте осы шектеу қандай да бір инвестиция­лармен байланысты тәуекелдерді дербес айқындай алатын заңды тұлғаларға қолданылмайды. Қор нарығында инвесторлардың құ­қық­тарын қорғауды күшейту жөнін­дегі қосымша шара ретінде реттеу аясына инвестициялық кон­суль­тация беру қызметтерін көрсететін субъектілер енгізілді. Мұндай қызметтерді тек лицензия­сы бар брокерлер мен дилерлер ғана көрсете алады. Олар инвес­тициялық консультация беру бо­йынша өз клиенттеріне ұсынатын қызмет сапасы үшін жауап береді. 

Инвесторлар, өз кезегінде, дұрыс емес инвестициялық консультация беру нәтижесінде туын­даған зиянның өтелуін сот тәртібімен талап ете алады.

Кәсіпкерлер үшін қолжетім­ді қаржы құралдарының желі­сін кеңейту шеңберінде бағалы қағаздардың мынадай бірқатар жаңа түрін енгізу көзделген: шығарылымы акционерлік капиталды ұлғайту қажеттілігінсіз ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін, өтеу мерзімі жоқ облигациялар және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ESG құралдары (орнықты даму құралдары), бұл – «жасыл» облигациялар, әлеу­меттік облигациялар, орнықты даму облигациялары және орнықты дамуға байланысты облигациялар.

«Барлық ұсынылған бастама сақтандыру нарығының және бағалы қағаздар нарығының ай­тар­лықтай дамуына ықпал етеді, нәтижесінде бұл елдің қор нарығы мен экономикасының жалпы дамуына оң әсер етеді», деп қоры­тындылады М.Хаджиева.