Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ресми сапармен жүрген Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездесті.
Ақорда сарайында мәртебелі мейманды салтанатты қарсы алудың барлық ресми шаралары жасалған соң, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл екеуара кездесіп, бауырлас әрі туыс екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай тереңдетуді көздеген мәселелерге байланысты келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың перспективаларын талқылады. Тараптар, сондай-ақ қазақ-түрік қатынастарының негізі екі халықтың тарихи тамыры бір, мәдени құндылықтарының ортақтығында жатқанын атап өтті. Сондықтан да Түркия Президенті Қазақстанға сапары бағдарламасын барлық түркі халқына қасиетті орын болып табылатын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барудан бастап отыр.
Қазақстан мен Түркияның ұзақ кезеңдерге арналған, сондай-ақ екіжақты қатынастардың дамуын сапалы жаңа сатыға көтеруге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қазанында Түркияға жасаған ресми сапары тікелей ұйытқы болды. Қазақстан басшысының сол сапарында Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойылды. Екі мемлекет бүгінде жоғары деңгейде белсенді үнқатысуларды қолдап келеді. Парламентаралық байланыс жолға қойылған, депутаттық “достық тобы” ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Түркия депутаттары Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы аясында белсенді іс-қимыл танытып жүр.
Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін таныды және олар біздің елімізді өңірдегі аса маңызды әріптес деп біледі. Мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы АӨСШК, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИКҰ, тағы басқа да халықаралық ұйымдар аясында жарасым тапқан. Президенттердің екеуара кездесуінде Қазақстан басшысы Түркия Қазақстанның жетекші экономикалық әріптесі екендігін атап өтті. Қазіргі кезде елімізде түрік бизнесі белсенді жұмыс істеуде. Бұған соңғы жылдары келісімдік-құқықтық базаның едәуір жақсарғандығы тікелей ықпал етті. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс екі ел арасындағы тауар айналымын төмендеткенімен, тараптардың бірлескен жобаларды жүзеге асыра бастағаны Қазақстан – Түркия қатынастарының болашағы зор екенін көрсетеді.
Мемлекеттер басшыларының екеуара кездесуі шынайы достық рәуіште ойдағыдай аяқталғаннан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүлдің қатысуымен әрі қарай жалғасты. Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулердің жүйелі түрде өтіп келе жатқаны жайдан-жай емес, деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Ол бауырлас екі мемлекет арасындағы өте жақын қатынастардың белгісі болып табылады. Президент мырза, біздің елімізге сапарыңыз Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне зиярат етуден басталғанын біз ерекше нышан деп білеміз. Біз, сондай-ақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, жаңа кешендерді араладық.
Түркия басшысына осылайша ризашылығын білдірген Нұрсұлтан Назарбаев бұдан соң екі елдің ынтымақтастығына тоқталды. Елбасының атап өткеніндей, Қазақстан Президентінің 2009 жылдың қазан айында Түркияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген стратегиялық әріптестік туралы алты келісім мемлекеттер арасындағы бұрыннан қалыптасқан тығыз ынтымақтастықты әрі қарай тереңдете береді. Түркия Президентінің бұл сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынасты, келісілген саяси-экономикалық және мәдени байланыстарды барынша дамытуға тың серпін береді. Екеуара кездесуімізде, деп жалғастырды сөзін Президент, біз барлық мәселелерді – екі елдің арасындағы қарым-қатынас, экономикалық байланыс, өңірдегі хал-ахуал және болашақта істейтін жұмыстарды талдадық. Өтіп жатқан екі мемлекет іскерлерінің бизнес-форумына Түркия тарапынан келген бизнес өкілдерінің ауқымды екені біз үшін үлкен қуаныш. Ол жөнінде біздің қатысуымызбен өтетін бизнес-форумда кеңінен әңгіме болады. Жаһандық қаржы дағдарысы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымын біршама төмендетті. Енді соны қайтадан қалпына келтіріп, әрі қарай арттыруымыз қажет.
Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға байланысты Қазақстан Президенті бірқатар мәселелерді ортаға салды. Оның ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық комиссияның жұмыс тиімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды. Өйткені, 2008 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 миллиард 900 миллион долларды құраған болса, өткен жылы бұл 1 миллиард 400 миллион долларға дейін төмендеген.
Түркия Президенті Абдулла Гүл өзінің сапарын киелі Түркістаннан бастағанын, онда алғаш рет болғанын айта келіп, Қазақстан – Түркия ынтымақтастығының даму жайына тоқталды. Өткен жылғы қазан айында Түркияға жасаған сапарыңызда Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойған едік, деді Абдулла Гүл. Қазіргі кезде осы Шартқа сәйкес біздер барлық салада жан-жақты жұмыстар істеуіміз қажет деп ойлаймын. Жеке кездесуіміздегі келісімге сәйкес, Түркі ынтымақтастық кеңесінің жиынын тамыз айында Ыстамбұлда өткізу туралы шешім қабылдадық. Енді осыған қажетті шараларды жүзеге асыруды қолға ала бастаймыз.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде үкіметаралық экономикалық комиссияның қызметін жандандыру қажеттігі де атап өтілді. Осыған байланысты Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының қызметін белсенді түрде жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері кіретін Кеден одағы жайында да пікір алмасылды.
Екіжақты қатынастарда энергетика, қуат ресурстарын тасымалдау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларының перспективалы екендігі аталды. Келіссөз барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президентіне түркиялық инвесторлардың Қазақстанның жаңа индустрияландыру жоспарын жүзеге асыруға қатысу үшін Бірлескен экономикалық бағдарлама дайындауды ұсынды. Келіссөз соңында тараптар Түркия Президентінің ресми сапарының нәтижесі Қазақстан-Түркия стратегиялық әріптестігін сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөзден кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл қазақстандық және түркиялық БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, келіссөздер барысында талқыланған мәселелерден хабардар етті және журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Президенті Түркия басшысымен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, ондағы бірқатар нысандарды аралап көргеніне тоқталды. Халықаралық қазақ-түрік университетінің жаңа ғимаратын ашу және болашақта салынатын ғимараттың іргетасын қалау рәсіміне қатыстық, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы жайында. Қазір бұл университетте 20-дан астам түркі тілдес ұлттардың жастары білім алуда. Түркия – біз тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, бір сағаттан соң Қазақстанның тәуелсіздігін таныған ел. Бүгінгі келіссөздер нәтижесі Астана мен Анкараның халықаралық мәселелердегі ұстанымдары бірдей екендігін көрсетеді.
Бұдан соң Н.Назарбаев биылғы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғанын, ал Түркия АӨСШК саммитін өткізетінін атап өтті. Осыған байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының жоғары деңгейдегі саммитін Астанада өткізу бастамасына қолдау көрсеткені үшін Түркия басшылығына алғыс айтты. Сонымен қатар, бүгінгі келіссөздер барысында екі ел арасындағы сауда айналымын болашақта 10 миллиард АҚШ долларына жеткізуге уағдаласылғанын жеткізді. Бүгінде Қазақстанда түркиялық капиталдың қатысуымен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді, деп жалғастырды сөзін Қазақстан Президенті. Түркияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 2,5 миллиард долларды құраса, Қазақстанның Түркия экономикасына салған инвестициясы 1 миллиард доллардан асып отыр.
Ал Абдулла Гүл екі ел арасындағы қатынастарға жоғары баға бере келіп, алдағы кезеңдерде Түркия – Қазақстан ынтымақтастығы қарқынды дамитынына сенімін білдірді. Абдулла Гүлдің атап өтуінше, елдердің стратегиялық әріптестігі жыл өткен сайын нығайып келеді. Өйткені, Қазақстан мен Түркия басшылығы жиі кездесіп тұрады. Екі елдің тауар айналымын, деді Түркия Президенті, жаңа өзімнің әріптесім айтқандай, алдағы уақытта 10 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Біздің елдер соған қол жеткізеді деген сенімдемін. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Кеден одағын құрды. Біздің ел үшін бұл тиімді. Қазақстан – Түркия қатынастарында Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры желісі жұмыс істеп тұр. Ал бұл Түркияда Самсун – Жейхан мұнай құбырының іске қосылуына ықпал етті. Сол үшін Қазақстан басшысына алғыс айтамын.
Түрік президенті, сондай-ақ Қазақстанның төрағалығымен ЕҚЫҰ бүгінде табысты жұмыс істеп келе жатқанын, Ұйымның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдайтынын, 1999 жылы Түркия Ұйымның саммитін табысты өткізгендігін, Қазақстан да жоғары дәрежеде өткізетініне сенімді екендігін білдірді. Сөзінің соңында Президент келесі айда Ыстамбұлда өтетін АӨСШК Қазақстанның бастамасымен дүниеге келгендігін, осы халықаралық жиынға төрағалық жауапкершілігін Түркия алып отырғандығын атап өтті. Сонымен қатар, Абдулла Гүл 2011 жылы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі үлкен жетістік екендігін айтты.
Баспасөз мәслихатында түркиялық журналист Түркі академиясы туралы сұрақ қойған еді. Оған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: “Кеңестер Одағы ыдыраған кезде түркітілдес республикалар өз тәуелсіздігін алды. Әрине, түркітілдес мемлекеттердің барлығы бірдей емес. Олардың алдында тұрған мақсат әртүрлі болды. Ал Түркі елдерінің кеңесі құрылатын болса, біздер жыл сайын кездесіп отыратын болсақ, біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас жақсара түсетініне сенімдімін. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі кездесуде түркітілдес 29 ұлттың жастары өнер көрсетті. Олар татарлар, башқұрттар, қарашайлар – барлығы бар. Қайсы елдің тарихын оқысаң да, онда түркі тілі кездеседі”, – деп жауап қайтарды.
Баспасөз мәслихатында түркиялық журналист Қазақстан басшысы Н.Назарбаевқа Астананың болашағын қалай елестетесіз деген мағынада сұрақ қойған болатын. Бұған Қазақстан Президенті былай деді: “Астана – бүкіл қазақтың, Қазақстанның мүмкіндігін көрсететін шаһар болып өркендеп келе жатыр. Бұл қала осындай болады деп кезінде ешкім сенген жоқ. Сайын далада біз Қазақстанның дәл орталығында осындай қала тұрғыза білдік. Тіпті қаражат жетпеген жағдайлар болғанын жасыра алмаймын. Біз ата-бабаларымыздың өз астанасын өздері таңдап алсын деген арман-тілегін орындадық. Сол үшін де біз бақыттымыз. Астананың айналасында 50 мың гектар жерге ағаш отырғызылды. Бүгінде ол орманға айналды. Соның арқасында Астананың климаты өзгерді. Байқаған боларсыздар, елордамызда Еуропаның да, Азияның да, Шығыстың да, Оңтүстіктің де архитектурасы бір-бірімен астасып, жарасым тауып жатыр. Ал Астананың болашағы қандай болады дегенге келсек, менің ойымша, Астана 2030 жылы 1 миллионнан астам тұрғыны бар, ең озық үлгідегі жоғары оқу орындары бар, медициналық қызмет көрсететін ғимараттары бар, мәдени ошақтары бар, мұражай, театрлары бар қала болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Қазақстан өңірлік және жалпыәлемдік экономикалық үдерістердің жауапты қатысушысы ретіндегі өзінің рөлін толық көлемінде сезіне отырып, оны өз тәуелсіздігінің барлық жылдары бойында мінсіз орындап келеді.
Сондықтан әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары – экономикалықтан гуманитарлыққа дейінгілердің бәрі – өздерін Қазақстанның досы санайды.
Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз.
(Қазақстан халқына Жолдауынан).
“ҚАЗАҚСТАН – ӨҢІРДІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ”
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдулла Гүл қазақ-түрік бизнес-форумының жұмысына қатысты.
Кәсіпкерлер форумының жұмысына Қазақстан мен Түркияның 500-ден астам компаниясы қатысты. Ол компаниялар құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, мәшине жасау саласы, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киімдер өндірісі, мал шаруашылығы, кеме жасау құрылысы, мұнай-химия тәрізді салаларға мамандандырылған.
Өз сөзінде Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев Түркия Президентінің Қазақстанға жасаған бұл сапары біздің ынтымақтастығымызды ұзақ мерзімге және анағұрлым кеңейте түсуге өзара ұмтылысты білдіретінін атап өтті.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың көп бағыттары бойынша біз едәуір нәтижеге қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстанда 1,5 мыңға жуық түркиялық компания табысты жұмыс істеуде. Түркиялық капиталдың қатысуымен құрылыс секторындағы, тоқыма және металлургия салаларындағы жобалардың едәуір бөлігі іске асырылды. Биылғы жылы наурызда Шымкентте керамогранит шығаратын бірлескен кәсіпорын жұмысын бастады. Түркиялық “Кибар Холдинг” компаниясымен бірлесіп Павлодар қаласында алюминийді одан әрі өңдеу жөніндегі кәсіпорын құрылуда.
Қазақстанда 2020 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асуда. Осы бағдарлама аясында биылғы жылы құны 5 миллиард доллардан астам қаражатты құрайтын 144 жоба аяқталатын болады және құны 26 миллиард долларды құрайтын 47 жаңа жоба басталады.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның іскер топтарының өкілдерін осы жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды.
Ол сондай-ақ Қазақстан, Беларусь және Ресей Кеден одағының құрылуымен түркиялық инвесторлар үшін мүмкіндіктер ашылатынына назар аударды.
– Бұл – 170 миллионға жуық адамы бар, жалпы ішкі өнімінің жиынтығы 2 триллион долларды құрайтын бірыңғай тауарлы рынок, – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Өз кезегінде Түркия Президенті Қазақстанның экономикалық даму деңгейіне жоғары баға берді. Ол сондай-ақ, Қазақстанның елордасы – жаңа Астана құрылысының қарқынына таңданысын білдірді.
– Қазақстан Азияның жүрегі ғана емес, сондай-ақ, осы өңірдегі жарық жұлдыз, – деп атап өтті А.Гүл.
Түркия Президенті сондай-ақ, түркиялық бизнесмендерді Қазақстан экономикасына қаржылай инвестиция салуға шақырды.
– Қазақстан – әлемдегі ең сирек мемлекеттің бірі, осы орайда мұнда барлық мүмкіндіктер бар, – деді Түркия Президенті.
Сонымен қатар, А.Гүл қазақстандық кәсіпкерлерді Түркия экономикасына инвестиция салуға шақырды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
СӘУЛЕТ ӨНЕРІ МЕН СӘУЛЕТТІ ҚАЛА СӘЙКЕСТІГІ
Кеше Астананың Тәуелсіздік сарайында Түркітілдес елдердің сәулет өнері мен қала құрылысы бойынша ІІІ халықаралық құрылтайы және “Қазақстанның қала құрылысы – 2010” атты форумы басталды.
Оның түстен кейін болған пленарлық мәжілісіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Президенті Абдулла Гүл қатысты. Оларға сәулетшілердің құрылтайға алып келген үздік жобалары таныстырылды. Соның ішінде Түркия сәулетшілері дайындаған Астанадағы мешіттің жобасы, Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университет ғимаратының макеті, Астана қаласы аймағының жобасы т.б. болды.
Көрмені аралап шыққан президенттер конференц-залға өтті. Форумға төрағалық етіп отырған Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының (Түркісой) бас хатшысы Дүйсен Қасейінов құттықтау сөз айту үшін сөзді Қазақстан басшысы Н.Назарбаевқа берді. Ол өзінің сөзін алыстан келген меймандарға, құрметті қонақтарға сәтті сапар тілеуден бастады. Асқақ Астана мыңжылдықтар тоғысында ғайыптан пайда болғандай ғаламат әсер беретін ғажайып қала екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Мұны бүгінде барлық әлем мойындайды. Астанаға келген шетелдік қонақтар оған таңданысын жасыра алмайды, ал өзіміздің азаматтарымыз оны өзінің көзқуанышы санап, орынды мақтанады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Одан әрі Қазақстан Президенті елорданың құрылғанына бар болғаны 12 жыл толатынын атап өтті. Тарих үшін тым қысқа мерзімде Астана қаласының сәулеті әлемдегі ең ірі жобалардың біріне айналғанына тоқталды. Кеңес Одағы құлап, экономикамыз құлдырап, жаппай дағдарыс орын алған, жұмыссыздық қаулап өскен кезде, халықтың еңбекақысы мен зейнетақысын төлей алмай отырған қысылтаяң шақта мен Парламентке жаңа астана салу туралы ұсыныс енгізген едім. Ол кезде осындай аз уақытта алып астана салып шығатынымызға бір адам да сенген жоқ. Бәрі де бұл іске үлкен күдікпен қарады, деді Н.Назарбаев. Дәл туған күнімде енгізілген сол ұсынысқа бір депутат: “Бүгін Президенттің туған күні болғандықтан ғана қабылдайық, бұл бәрібір 30-40 жылсыз іске аспайтын жоспар”, деген еді.
“Осындай қиын жағдайда Президенттің қала саламын дегені несі”, деген сөздерді де талай естідім, деп жалғады сөзін Қазақстан басшысы. Бірақ өз тарихында тұңғыш рет Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, ата-бабамыздың ежелгі арманын асқақтатып іске асырып отырған кезде елді биік мүддеге өрлететін бір жоба керек болды. Сол жоба – еліміздің қақ ортасында, Сарыарқаның төсінде салынатын жаңа астана болуы керектігін жөн көрдім. Сөйтіп, біз неше түрлі қиындықтарға қарамай, 1994 жылы астана құрылысына кіріскен едік, ал 1997 жылы барлық билік органдары осы қалаға келіп қоныстанды. Бүгінгі күні Астана – Қазақ елінің келісті келбеті, ұлттық аңсары, жерұйық мекені. Астана – біздің береке-бірлігіміздің алтын ұясы. Сонымен бірге, Астана біздің мемлекетіміздің даму қарқынының қаншалықты зор екенін айқын аңғартады. Еуразия құрлығының ортасындағы Қазақстан халқы ерік-жігерінің, үлкен қажыр-қайратының айғағы да осы Астана.
Одан әрі Нұрсұлтан Әбішұлы қала жобасына жарияланған конкурс, оған 52 мемлекет сәулетшілерінің қатысқанын, соның ішінде жапон сәулетшісі К.Куракаваның жобасы жеңіске жеткенін айтты. Ол жобаның негізгі мәселесі “адам-қала-табиғат” бірлігінің өзара ұштасуына сайды дей келіп, үш шақырымға созылатын “Нұржол” бульвары және оның төңірегіндегі ғимараттар қала орталығы болғанын, 50 мың га орман отырғызылғанын, ол қала ауасының тазаруына игі әсер ететінін атап көрсетті. Елордадағы білім беру, денсаулық сақтау орындары, спорт кешендері және олардың қол жеткізген жетістіктері назарға салынды.
Сөзінің қорытындысында Қазақстан басшысы: “Менің ойымша, біздің Астана бүгінгіден де асқан әсем қала болады. Болашақта үлкен тарих музейі, опера және балет театры, жастар сарайы, т.б. салынады. Форумға алыстан арнайы келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мұндай құрылтай қала құрылысы, сәулеткерлік саласында тәжірибе алмасуға, өзара мәдени-экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге жол ашатынына сенемін”, деді.
Н.Назарбаевтан кейін Түркия Президенті А.Гүл де құттықтау сөздер айтып, мұндай шаралардың мәдени ғана емес, экономикалық жағынан да маңызды екенін атап өтті. Осындай шараның Астана қаласында өтуінің де маңызы зор. Мұндағы заманауи сәулет жобалары кімді де болса таңқалдырады. Мұнда ескі түрік сәулетінің де элементтері көзге түсіп тұр. Ол бізді қатты қуантады. Осылай дей келіп А.Гүл сөзінің қорытындысында Астананың жаңа жобаларының да бұрынғыдай сәтті шығуын тілейтінін білдірді және сәулетшілер форумына қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.
Президенттердің сөздерінен кейін оларға Сәулетшілер одағының “Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін” медалі табыс етілді.
Бұл форум кеше таңертең ашылған еді. Оны қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов ашқан болатын. Ол құрылтайдың маңызды міндеті – түркітілдес елдер мәдениетінің терең тарихына негізделген сәулет өнері мен қала құрылысы саласындағы заманауи инновациялық үрдістерді анықтау екенін атап өтті. Форумның төралқасына Түркісойдың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Ыстамбұл қаласының мэрі Кадыр Топбаш және Түркия Инженерлері мен сәулетшілері одағының төрағасы Ильяс Демержи сайланды.
Форум жұмысына әлемнің 30 елінен қатысушылар келген еді. Олардың арасында Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымына мүше: Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан, Гагауз Автономиялы Республикасы (Молдова), Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Ресей Федерациясы өкілдері болды. Ал қонақтар арасынан Ауғанстан, Босния мен Герцеговина, Үндістан, Иран, Ирак, Украина, Ливан, Египет, Белоруссия және т.б. елдер өкілдері қатысты.
Форумның әлемдегі жылдам дамып келе жатқан және сәулет өнері жобаларын сәттілікпен іске асыруда алдыңғы қатардағы қала саналатын Астана шаһарында өтуінің де маңызы зор. Мұнда мамандар теориялық пікір алысып қана қоймай, сәулет өнерінің дамуын тәжірибе үстінде көретін болады. Бүгін форум жұмысын одан әрі жалғастырады.
Жақсыбай САМРАТ.